Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоғам араласа қоймаған қоғамдық іс

26.10.2023, 11:20 243

Әміржан  ҚОСАН,

арнайы   «Халық»  газеті  үшін

Осы біз кейде күнделікті пайда­ланып жүрген сөздеріміздің түп мағынасына мән бере бермейтін сияқ­тымыз.

Мәселен, «Республика» сөзін алайықшы.

«Қазақстан Республикасының азаматымын!» деп мақтанышпен айтамыз.

Ал «Республика» сөзі нені білдіреді?

Сөздікке салсақ, ол – латынша «Res  publica»,  яғни  «қоғамдық іс»  деген  ұғым.

Саясаттану ғылымына салсақ, ол – «жоғарғы билік халық өзі сайлап алатын өкілетті органдарға тиесілі болатын мемлекетті басқарудың бір формасы».

Адамзат тарихында мемлекетті басқарудың формалары алуан түрлі болғаны  белгілі.

«Республика» болса, солардың ішіндегі халық билігіне, демок­ратияға, әр адамның, әр әлеуметтік топтың мақсат-мүддесі мейлін­ше ескерілуі  тиіс мемлекетті басқару­дың ең  жоғарғы  формасы деп санауға болатын шығар (кім біледі, ертеңгі күні жаһандану мен өркениет­тің жалпы дамуының арқасында адамдар өзін-өзі басқарудың басқа, бұдан да дамыған, бұдан да тиімді, бұдан да әділетті формасын ойлап  табатын  болар).

Жаңаша тарихқа көз жүгіртсек, 1991 жылдан бері қазақ мемлекеті Республиканың бірнеше формасын бастан  кешірді.

1991-1995 жылдар аралығында бізде шын мәнінде президентімен бірге парламенті (ол кезде Жоғары Кеңес деп аталатын) мықты әрі өкілетті Республика болды. Президент сол Парламентке өз аяғымен барып, өзінің бағдарламалары мен жоғары қызметтерге ұсынған кандидатураларын  депутаттардың алдында қорғап  отыратын. Парламент қаласа, президент ұсынған кандидатураларды бекітпей тастайтын (!). Ол Республиканың қызығы мен шыжығын  да  бірдей  көрдік.

Алайда 1995 жылы Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы қабылданған Конституцияны күрт өзгертіп, бар билікті өз қолына шоғырландырып алды. Аң-таң болған жұртқа ол: «Бізге шұғыл түрде күрделі реформаларды қолға алу керек. Әр заңды талқылап отыратын уақыт жоқ! Ол үшін билік бірегей болғаны абзал» деген сылтау айтты. Сол кезде «заң күші бар президент жарлықтары» деген бұрын-соңды болмаған құқықтық жанр пайда болды! Және де Назарбаев «бұл қадамға амалсыздан барып отырмыз, кейін жағдай өзгеріп, билік тармақтарының  тепе-теңдігі қалпына  келеді»  деп  уәде  берген.

Өкінішке қарай, ол «уақытша» кезең 24 жылға созылып кетті де, оның аяғы не болғанын бәріміз қанды Қаңтар  күндері  көрдік.

Бір адамға бағынған һәм табын­ған сол кезеңді «суперпрезиденттік Республика»  деп  атауға  болады.

Бұл жүйеде авторитарлық жүйе­нің құбыжық жақтары толығымен орнығып, салтанат құрып, еліміздің өркениетті дамуына орасан зор нұқсан  келтірді!

Бір адамға бағынған жүйеде отба­сылық принцип орнықты, президенттің отбасы мүшелері мен жақын туыстары Парламент, үкімет, сот секілді конституциялық органдардан жоғары тұрып, олардан гөрі өкілеттірек  боп, ойына  келгенін  істеді.

Бір адамға бағынған жүйеде президенттің тілін тапқан, онымен етене жақын араласқандар аяқ астынан олигарх боп шыға келді. Президенттің отбасымен бірге олар кешегі халық шаруашылығын талан-таражға салды, содан соң Қазақстан экономикасының ең сүбелі салалары мен кәсіпорындарын басыбайлы жекешелендіріп  алды!

Бара-бара суперпрезиденттік жүйе күшіне мініп, басқаша, одан да сорақы әрі ұсқынсыз сипат ала бастады.

Естеріңізде болса, Назарбаевтың үлкен күйеубаласы, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің басшылығында боп, біздің, оппозицияның қанын ішкен Рахат Әлиев Назарбаевты ендігі жерде «хан» етіп тағайындау туралы идея тастады. Және де оған Назарбаевтың өзі қарсы болмаған сықылды, өйткені билікке, президенттің туыстары мен олигархтарға тиесілі БАҚ бұл идеяны біртіндеп халықтың санасына сіңіре де бастап еді. Ақырында Әлиевтің өзі қуғынға ұшырап,  шетел  асып  құтылды.

Содан соң, Назарбаевтың жасы ұлғайған  сайын билік транзиті тура­лы әңгіме басталды. Алғашында ол тыйым салынған тақырыпты жария түрде талқылауға оппозицияның ғана батылы жетсе, кейін биліктің өзі осы тақырыпты ашықтан-ашық көтеріп, билік ауысуының отбасылық (династиялық) формасын насихаттауды қолға алды. Назар­баевтың отбасы мүшелері конс­титуциялық органдар басшылығына келіп, транзиттің сол формасының негізі қалана бастады. Алайда, Назар­баевтың бұл ойы жүзеге аса қоймады да, билік транзиті  басқаша  сипатқа  ие  болды.

Кез келген авторитарлық жүйе… шөлмек секілді. Ал шөлмек мың күн сынбайды,  бір  күн  сынады.

Біздің жүйе де «сынды».

Сөйтіп, 2019 жылы ескі Қазақ­станның, яғни суперпрезиденттік билік жүйесінің жаназасы шығары­лып, дүниеге Жаңа Қазақстан идеясы  келді.

Бір «бәрекелдісі» сол: бұл бастамада «еститін мемлекет» қағидаты мен «күшті президент – ықпалды Парламент – есеп беретін үкімет» формуласы ұсынылды. Өз басым мұны шынымен де шынайы Рес­публикаға бір қадам болса да жақындау деп түсінемін, сол себепті бұл баста­маны  қолдаймын.

Бірақ мұның «әттеген-айы» тағы бар: осындай игі бастамалардың жүзеге асуының қарқыны мен оған жауапты кадрларға көңілім толмайды. Кейде президенттің сөзі бір, ал қол астындағыларды пиғылы мен әрекеттері мүлдем басқаша боп көрінеді. Тіпті саботаж жасап жатқандар да жоқ емес, оны президенттің өзі де айтқан.

Бір сұрақ: суперпрезиденттік жүйе неліктен 30 жылға созылып кетті?

Менің жауабым мынадай: көп жағдайда Назарбаев қоғамның енжарлығын, «сен тимесең, мен тимен», «мені қайтесіңдер, бәрін анау оппозицияда жүргендер шешуі тиіс» деген принцип ұстануын өз мүддесін қорғауда өте тиімді пайдаланды деп білемін. Бұған осыншама жылдар бойындағы оппозицияның ырду-дыр­ду боп, бір-бірін көре алмай, біреу көзге түсіп кетсе, соны қара­лап, күстәналап, күйелеуге әуес болғанын қосыңыз. Міне, сол себеп­ті суперпрезиденттік жүйе соншама жыл  үстемдік  құрды!

Несін айтайық, сол енжарлық әлі де бар. Көпке топырақ шашуға болмайды, бірақ көп адам өзгерістерді не биліктен, не оның сыншыларынан күтіп, сол жаңа құндылықтарды орнықтыру ісіне білек сыбана кірісуден  қашқақтайды.

Бір ғана мысал: заңнамаға ауыл, аудан әкімдерін сайлау механизмі енгізілді. Міне, дәл осы кезде өзін белсенді санайтын, қолынан іс келе­тін азаматтар көптеп көрінуі керек емес пе? Іс жүзінде олай болмай тұр: сол баяғы бойкүйездік пен селқос­тық, диванда жатып алып, әлеу­меттік  желіде  сын  айту, басқа нақты әрекет жоқ!

Меніңше, Жаңа Қазақстанды орнық­тыру ісіне тек қана билік жауап­ты  емес, жауапкершіліктің  басым  бөлігі – қоғамда, әрбір азаматта. Оның қоғамдық-саяси таңдауында  жатыр!

Осыны ұғып алмай, біз шынайы, демократиялық, билік тармақтарының тепе-теңдігі сақталған, адам құқы  мен  сөз бостандығын толық­тай қамтамасыз  ететін  Қазақ Респуб­ликасын  құра  алмаймыз!

2009 жылы мерекелік күнтізбеден қысқартылып, Жаңа Қазақ­стан тұсында ортамызға қайтып келген Респуб­лика күнінің қадірін білейік!

«Республика» – «қоғам ісі», түптеп келгенде «халық ісі», «халық билігі» деген сөздің де қадірін түсірмейік һәм ұғынайық, Қазақстан Респуб­ликасының  азаматтары  мен  азаматшалары!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: