Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан Баян-Өлгейде консулдық мекеме ашпақ

21.04.2026, 16:50 43

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріле түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі ел саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы байланысты одан әрі нығайтуға уағдаласқан.

Осы келісімдердің аясында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу жөнінде ортақ шешім қабылданды.

«Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де саладағы ықпалдастығымызды одан әрі арттыруға келістік. Атап айтқанда, біз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу туралы өзара келісімге келдік», – деді Мемлекет басшысы.

Сапар барысында екіжақты әріптестікті дамытуға бағытталған бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

Президенттің сөзінше, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда айналымы да оң өсім көрсетіп отыр. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 130 миллион долларға жетіп, 7,7 пайызға артқан.

Мемлекет басшысы алдағы бірнеше жылда бұл көрсеткішті 500 миллион долларға дейін жеткізу міндеті тұрғанын айтты. Оның пікірінше, бұл үшін ең алдымен өзара саудадағы тауар түрлерін көбейтіп, экономикалық ықпалдастыққа кедергі келтіретін түйткілдерді азайту қажет.

«Осы орайда алдағы бірнеше жылда тауар айналымын 500 миллион долларға жеткізу жөнінде меже қойып отырмыз. Ол үшін, ең алдымен, сауда-саттықтағы тауар түрін кеңейтуіміз керек. Экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді барынша азайту қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: