Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан-Әзербайжан: Бекем бауырластықтың биік белесі

25.08.2022, 12:10 89

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзер­байжан президенті Ильхам Әлиевтің шақыр­туы­мен Баку қаласына ресми сапармен келді. Екі ел басшыларының шағын және кеңейтілген құрам­дағы кездесулері барысында екіжақты стратегиялық серіктестікті дамыту мәсе­лелері қарастырылды, деп жазады “Егемен Қазақстан» газеті.

Стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейі

Ресми сапар барысында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиев­пен кез­десіп, Әзербайжан Прези­денті­нің «Загульба» резиденция­сында Мемлекет басшысын салтанатты ресми қарсы алу іс-шарасы өтті.

Құрмет Қарауылының бас­тығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Әзер­бай­жанның әнұрандары орындал­ғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делега­ция­лар­дың құрамын таныстырды. Сал­танатты рәсімнен соң екі ел пре­зиденттері келіссөз жүргізді.

Қазақстан Президенті Әзер­байжан Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

– Ең алдымен бізге көрсеткен қонақ­жайлығыңыз үшін сізге риза­шылығымды білдіремін. Бұл – Қазақ­стан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл са­пардың мен үшін мән-маңызы ай­рық­ша. Бүгін бірқатар өте өзекті мә­селе туралы пікір алмасулар бо­ла­ды. Келіс­сөздер нәтижесінде бір­­­қатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екі­­­жақты ынтымақтастықты, қазақ-әзер­байжан қарым-қаты­на­сын жаңа деңгейге көтереді деп сене­мін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ильхам Әлиев өзінің ша­қыруын қабыл алып, Әзербай­жанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің Бакуге келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.

Жеке келіссөзден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-әзербайжан қарым-қатынас­тарына қосқан зор үлесі үшін Ильхам Әлиевті Қазақстан Рес­пуб­ликасының жоғары мем­лекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Бұл марапат Ильхам Әлиевке екі ел арасындағы дос­тық пен ынтымақтастықты нығайту­ға зор үлес қосқаны үшін табыс етілді.

Қазақстан Президентінің Әзер­байжанға ресми сапарының бағ­дар­ламасы мемлекеттер бас­шы­ларының кеңейтілген құрам­мен өткен келіссөзімен жалғасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қазақ-әзербай­жан стратегиялық серіктестігінің негізгі мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.

 Қазақстан Президенті Бакуге шақырғаны және көрсетілген қонақжайлылық үшін тағы да ризашылығын білдірді.

– Мен шағын құрамдағы кез­­десуге өте ризамын, онда біз мем­­лекеттеріміздің өз­ара іс-әре­­кетінің барлық мәсе­­ле­­лері мен әртүрлі салалары туралы жан-жақты пікір алмастық. Қазақстан мен Әзер­байжан – жақын мемлекеттер, біз стратегиялық серіктеспіз және одақ­таспыз. Бүгін елдеріміз ара­­сындағы стратегиялық қатынас­­тарды нығайту және одақтас­тық өзара іс-қимылды терең­дету туралы Декларацияға қол қо­йылады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзер­байжанға екіжақты ынты­мақ­тастықты жаңа деңгейге шығару үшін арнайы миссиямен келгенін айтты. Қазақстан Президенті екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселе­леріне егжей-тегжей тоқталды.

– Кейінгі жылдары та­уар айналымының айтарлықтай, үш есеге жуық өскеніне қуа­ныш­тымын. Бірақ бұл, әрине, жай­барақат жүруге негіз емес екенін атап өткім келеді. Сауданы арттыруға мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Біздің үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасын­дағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қазақстан Прези­денті гуманитарлық ынтымақ­тас­тықты дамытудың қолайлы перс­пективаларына назар аударды.

– Менің ойымша, келесі жылы екі ел үкіметтері арасындағы келісім бойынша біз Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің онкүн­дігін өткізе аламыз. Сіздің елі­ңіз­дің мәдениетіне үлкен қызы­ғушылық бар. Біз әзер­байжан мәдениетінің көрнекті өкілдерін өз елімізде үлкен ілтипат­пен қабылдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ильхам Әлиев Қазақстан Президентіне Әзербайжанға келу­ге шақыруды қабыл алғаны үшін алғыс айтты.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен сізді тағы да шын жүректен қарсы алып, қош кел­діңіз дегім келеді. Шақыруды қа­был алып, бізге ресми сапармен келгеніңіз үшін алғысымды біл­­діремін. Бұл сапар біздің қа­рым-қаты­насымыздың да­муы­­­ның болашағы үшін үл­кен ма­ңызға ие болатынына се­­нім­­дімін. Ең алдымен, мені Қазақ­­стан Республикасы­ның ең жо­ғары «Алтын Қыран» ор­дені­мен марапаттағаныңыз үшін ресми делегацияның алдында сізге тағы да алғыс айтамын. Бұл сыйлықты қабыл алу мен үшін үлкен мәртебе. Мен мұны біздің халықтарымыздың дос­тығы мен бауырластығының дәлелі және Әзербайжанның қарым-қа­тына­сымызды нығай­ту бағытында жасап жатқан жұмыстарына берілген жоғары баға деп біле­мін. Сондай-ақ Қазақстанның Әзербай­­жанға сыйлығы – азат етілген аумақ­тарда салынатын балалар­дың шығар­машылық даму орталы­ғының тұсаукесері өтті. Бұл халқы­мызға деген бауырмалдық көзқа­рас­тың тағы бір көрінісі, Қара­бақ­ты қалпына келтіруге қосқан үлес, – деді Әзербайжан Президенті.

Әзербайжан басшысы екіжақ­ты қарым-қатынастардың кең ауқымды күн тәртібі мен халық­аралық мәселелер бойынша жан-жақты әңгіме болғанын атап өтті.

– Әрине, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жө­нінде үлкен жоспарымыз бар. Қазақстанда да, Әзербайжанда да осы инфрақұрылымды құру бойынша уақтылы шаралар қабылданды. Қазір елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемін және көлік транзитін арттыру жөнінде бастама көтеріліп жатыр. Тиісті органдар бұл бағытта өзара белсенді жұмыс атқарып отыр. Сауда-экономикалық қатынасты дамытуға да тың сер­пін беретінімізге сенімдімін. Тауар айналымын арттырудағы резерві­міз айтарлықтай көп. Бүгін біз келешектегі сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың бірқатар бағыты бойынша пікір алмастық. Өзара тауар жеткізу көлемін арттыру жоспарын нақтылай аламыз. Сондай-ақ инвестиция саласын­да зор мүмкіндігіміз бар. Қазақ­станда да, Әзербайжанда да қо­лайлы инвестициялық климат қалып­тасқан. Шетелдік инвестицияның көлемі үлкен. Осы бағыттағы күш-жігерімізді біріктіріп, Қазақстан мен Әзербайжандағы, сонымен қатар өзге де елдердегі бірлескен ин­вестициялық жобаларға қаты­сатын уақыт келді деп ойлаймын, – деді Ильхам Әлиев.

Сонымен қатар Әзербайжан Президенті жақында Сумгаит қаласының орталық көшелерінің біріне қазақ халқының көрнекті азаматы, ағартушы, түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілгенін еске салды. Ол бауыр­лас екі ел арасындағы қарым-қатынас табысты дамитынына сенім білдірді.

Он құжатқа қол қойылды

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республика­сы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағ­дарламаға қол қойды.

Екі ел басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулері кезінде ұзын-саны он құжатқа қол қойылды. Олар:

  1. Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республи­касы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация
  2. Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама
  3. Қазақстан Республика­сының Үкіметі мен Әзербайжан Рес­публикасының Үкіметі ара­сындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім
  4. Қазақстан Республика­сының Сыртқы істер министр­лігі және Әзербайжан Респуб­ликасының Сыртқы істер ми­нистр­лігі арасындағы 2023-2024 жж. арналған Ынтымақтастық жоспары
  5. Қазақстан Республика­сының Мәдениет және спорт ми­нистрлігі мен Әзербайжан Рес­публикасының Мәдениет ми­нистр­лігі арасындағы мәдени ын­ты­­мақтастық жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған бағдарлама
  6. Түркістан қаласы мен Шуша қаласы арасында бауырлас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттама
  7. Қазақстан Республика­сының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Әзербай­жан Республикасының Медианы дамыту агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум
  8. Қазақстан Республи­касының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифр­лық даму және көлік ми­нистр­лігі арасында ақпарат­тық-ком­муникациялық және жоғары технологиялар саласын­дағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум
  9. Қазақстан Республика­сы­ның Индустрия және инфра­құрылымдық даму министр­лігі мен Әзербайжан Респуб­ликасының Цифрлық даму және көлік министрлігі ара­сындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум
  10. Қазақстан Республика­сы­ның Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министр­лігі мен Әзербайжан Респуб­ликасының Цифрлық даму және көлік министрлігі арасындағы тран­зит­тік жүк тасымалы сала­сын­­дағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум.

Бауырластықтың бір белгісі

Қазақстан Президентінің Бакуге ресми сапары шеңберінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Әзербайжанның Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылықты дамыту орталығының іргесі қаланатыны жайлы мәлімделді.

Мемлекет басшысы қазақ халқының атынан жасалған бұл сыйлық елдеріміздің досты­ғының, бауырластығының және өзара қолдаудың тағы бір нышаны болатынын атап өтті.

Өнер орталығының жалпы ауданы – 3100 шаршы метр. Екі қабатты ғимарат 600 адамға арналған. Биыл қыркүйек айын­да іргетасы қаланып, 2023 жыл­дың желтоқсанында пай­далануға беріледі.

Физули қаласындағы Құр­ман­ғазы атындағы шығарма­шылық орталығы музыка және музыкалық аспаптар, заманауи технологиялар: жұмыс жабдықтары, 3D модельдеу, веб-дизайн, фото және видео курстар бағытында жұмыс істемек. Сонымен қатар кілем тоқуға, қолөнерге, түрлі спорт пен хореографияға баулитын сыныптар ашылады.

Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа шексіз алғысын айтып, Физули қаласының балалары үшін әлемдік деңгейдегі шығармашылық орталық болады деп сенетінін жеткізді.

Отыз жыл одақтастықтың оң нәтижесі

Бакудегі басқосулардан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен өткен келіс­сөздер қорытындысы бойынша БАҚ-қа мәлімдеме жасады.

Сөз басында президент керемет қала Бакуге ресми сапармен келуге шақырғаны үшін шын жүректен ризашылығын білдірді. «Біз бүгін кең ауқымды мәселелер жөнінде жемісті келіссөз жүргіздік. Әзербайжан Президенті дұрыс атап өткендей, ешқандай проблема, кедергілер болған жоқ. Керісінше, эконо­микалық салада болсын, гу­манитарлық бағытта болсын нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін күш-жігерді арттыруға өзара ниет таныттық», деді Мемлекет басшысы.

Мәлімдемесінде Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жарғысы мен қарарларына сәйкес территориялық тұтас­ты­ғын жеңіспен қалпына кел­тіре отырып, Әзербайжан өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басқандығын атап өтті.

«Әрине, бауырлас ел Әзербай­жанның ұлттық көшбасшысы, Президенті Ильхам Гейдарұлы Әлиевтің жеке еңбегі зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздің қуатты басшылығыңызбен бүгінде Әзербайжан өзінің дамуында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын тағы да айтқым келеді. Біз сіздің еліңіз­дегі осы үрдістерді бақы­лап отырмыз әрі шын жүрек­тен қуанамыз. Қарабақ пен Шығыс Зангизурдың қалпы­на келіп, дамып жатқанын көріп отырмыз. Сіздің жеке еңбегіңіздің арқасында бұл өңір таяу болашақта гүлденген аймаққа айналады, оған еш күмән жоқ», деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан өз тарапынан бұл игі іске белгілі бір дә­ре­жеде үлес қосуға дайын еке­нін мәлімдеген Президент: «Бүгін қазақ халқының атынан берілетін сыйымыздың таныс­тырылымы өтті. Келесі жылдың аяғына дейін Физули қаласын­да Құрманғазы атындағы шы­ғар­машылық орталығы бой көтереді. Менің бұл сапарым ме­рей­­тойлық дата – елдеріміз ара­сындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орна­тыл­ғаны­на 30 жыл толуы қарсаңын­да өтуінің да символдық мәні бар. Нақтырақ айтсақ, үш күннен кейін біз бұл датаны атап өте­міз. Жалпы, мен өзімнің қыз­меттік міндетіме байланыс­ты елдеріміздің арасындағы ын­ты­мақтастықты дамыту проце­сіне алғашқы күндерден-ақ араласқанымды айта кету керек. Біз ұзақ жолды жүріп өттік», деді.

«Біз ықпалдастықты басынан бастадық және бүгінде біз елдеріміз арасындағы стра­те­гиялық серіктестік пен одақтас­тық туралы сенімді түрде айта аламыз. Осы серіктестігіміз­ді одан әрі нығайту, оны әр­тараптандыру туралы декла­рацияға қол қойылды. Бұл – алға қарай жасалған нақты қадам. Арамызда сенімді саяси диалог орнады, мемлекеттеріміз халықаралық алаңдарда, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЕҚЫҰ, Түркі мемлекеттерінің ұйымы аясында ынтымақтасып келеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, құрметті Ильхам Гейдар оғлу, сізге Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес отырысын шақыру туралы Қазақстан бастамасына қолдау білдіргеніңіз үшін алғыс айтамын. Биылғы қазан айының ортасында біздің еліміздің астанасында саммит өтеді және оған сіздің қатысуыңызды асыға күтеміз. Бұл іс-шара­ға сіздің атсалысуыңыз күті­летін нәтижеге қол жеткізу тұрғы­сынан оң әсер ететініне сенім­діміз», деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымының көлемі 3 есе артқанын атап өтті. «Яғни өсу қарқыны сақталып келеді. Алайда жалпы алғанда бұл нәтиже айтарлықтай көп емес, сондықтан бүгін өзара сауданың абсолютті көрсеткішін арттыруға күш салу жөніндегі уағдаластыққа қол жетті. Мүмкін жақын болашақта миллиардтық меже туралы айтатын болармыз», деді Қ.Тоқаев.

«Ортақ күш-жігердің арқа­сында мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықтың да күшейіп келе жатқаны қуан­тарлық жайт. Әрине, бұл халық­тарымыздың одан әрі жақын­дасуына зор септігін тигізеді. Мен бүгін елімізде Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізу туралы бастама көтердім. Бұл іс-шараның танымалдылығына ешқандай күмән келтірмеймін. Себебі халқымыз әзербайжан мәде­ниетін, оның өнер қайраткер­лерін сағынғаны анық. Бұл іс-шара сәтті өтеді деген ойдамын», деді Мемлекет басшысы.

Тауар көлемін ұлғайту көзделіп отыр

Мемлекеттер басшылары қатысқан БАҚ өкілдеріне арналған брифинг кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің арасында мәдениет қай­раткерлері мен делегация­ларды тұрақты алмасуға келіс­кені туралы айтты. Ол сон­дай-ақ, Сумгаит қала­сын­дағы көшелердің біріне қазақ хал­қының көрнекті өкілі Ахмет Бай­тұрсынұлының есімі беріл­геніне алғысын жеткізді.

«Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы осы – Баку қаласында өткен бірінші Бүкілодақтық түркологтар съезіне делегат ретінде қатысқан. Бұл факт бiздiң елiмiз бен халықтары­мыз арасында қашан да тығыз байланыс болғанын тағы бiр рет дәлелдейді. Кезінде елордамыздың бір көшесіне көрнекті мемлекет қайраткері, Әзербайжан халқының біртуар перзенті Гейдар Әлиевтің есімі берілген.

Қаламыз, астанамыз қар­қынды дамып келеді, бүгінде бұл көше ауқымды емес. Сондықтан мен елорда әкіміне елімізде шынайы құрметке ие Гейдар Әлиевтің есімін астанамыздың үлкен көшелерінің немесе даңғылдарының біріне беруді ұсыну туралы тапсырма бердім. Яғни, көше атауын қолайлырақ нысанға ауыстырамыз, бұл әбден орынды деп есептеймін.

Бүгін біз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың көлік-логистикалық саласын дамыту туралы егжей-тегжей талқыладық. Жан-жақты талдап, екі ел үкіметтеріне тиісті тапсырмалар берілді деп айта аламыз және бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілетініне күмән жоқ. Қалай болғанда да, Қазақстан тарапында ынты­мақ­тастықтың бұл түрін дамытуға қызығушылық жоғары.

Ауыл шаруашылығы саласын ерекше атап өткім келеді. Бұл жерде біз бір-бірімізді толықтыра аламыз. Қазақстан астық, бидай және ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің басқа да түрлерін жеткізуге мүмкіндігі бар екенін білесіздер. Өз кезе­гінде бізге Әзербайжаннан ауыл ша­руашылығы өнімдерін – же­міс-жидек пен көкөністерді им­порт­тау қажеттілігі туындап отыр. Жалпы алғанда, қазақ­стандық өндірушілердің бір­қатары Әзербайжанға жалпы сома­сы 300 миллион доллардан аса­тын 100 түрлі тауар көлемін ұлғай­туға дайын. Сондықтан біз осы тауар айналымның логистика­сын қамтамасыз етуіміз керек және бұл біздің үкіметтеріміздің міндеті. Бүгін осы жөнінде келістік.

Жалпы, сапарымның нәтиже­сін өте табысты деп бағалай­мын. Ең алдымен, Әзербайжан Республикасының Президенті Иль­хам Гейдарұлы Әлиевке, сон­дай-ақ оның үкіметіне ынты­мақ­тастығымызды тереңдету жолындағы өте жемісті жұмысы үшін алғыс айтқым келеді», деді Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарына жасаған мәлімдемесінде.

Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанға келе­тін болсақ, біздің тарапы­мыздан ешқандай кедергі болмайды, біз табысты жұмыс істейміз. Біздің елдеріміздің арасын­дағы қарым-қатынастар­дың стратегиялық сипаты туралы айтуымызға нақты негіз бар. «Стратегиялық» деген сөз бізді көп нәрсеге міндеттейді, біз бұл бағыттағы ортақ ісі­мізге нақты мағына, нақты маз­мұн беруіміз керек. Мен ынты­мақтастығымыздың келе­шегіне оптимистік көзқараспен қараймын», деп қонақжайлылық танытып, жұмыс істеуге қа­жетті жағдай жасағаны үшін Әзербайжан елінің басшысына тағы да алғысын білдірді.

Мемлекет басшысы Әзер­байжанға ресми сапары кезінде осы елдің жалпыұлттық көшбас­шы­сы Гейдар Әлиев пен оның за­йы­бы Зарифа Әлиеваның бейі­тіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.

Қазақстан Президенті бұдан кейін Әзербайжанның азаттығы мен территория тұтастығы үшін қаза тапқан жауынгерлер жерленген Шаһиттер аллеясындағы мәңгілік алауға да гүл шоғын қойды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Баку көшелерінде серуендеді.

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Каспий теңізінің жағасын аралап көріп, мұнда орнатылған қазақтың киіз үйіне кірді.

Бану  ӘДІЛЖАН.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: