Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда еңбек озаттары марапатталды

04.11.2022, 17:45 135

HALYQLINE.KZ Бүгін Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Алтын дән – 2022» мерекесіне орай іс-шара өтті.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қазалылықтарды береке мен молшылықтың бастауы болған «Алтын дән» мерекесімен құттықтап, ауыл еңбеккерлерінің ел үшін еткен ерен еңбектерінің ақталғанын атап өтті.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін Қазалы ауданы биыл үшінші рет қатарынан «Озат аудан» номинациясымен марапатталғанын да қуанышпен жеткізді.

Мұнан соң табысқа жеткен озаттарды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Салтанатты шарада «Рза Асыл Түлік» ЖШС директоры Жеңіс Қарабалаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, «Рза Агро» ЖШС механизаторлары Баубек Бердалиев пен Әсет Рамберді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен», «Мақсатбай» шаруа қожалығының жетекшісі Темірхан Мақсатбаев пен «Кеңесбай» шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Кеңесбаев ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Сондай-ақ, бірқатар сала ардагерлері облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен», жеке кәсіпкер Нұрбек Қазбергенов Астана қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Биылғы жылы облыстың агроөнеркәсіптік кешені бойынша үздік жетістіктерге жеткен озаттарға түрлі номинациялар табысталып, бағалы сыйлықтар үйлестірілді.

Күріш дақылынан мол өнім алған шаруашылықтар да марапат төрінен көрінді.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда биылғы жылы ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген «Агро-Өркен» ЖШС «Үздік шаруашылық» номинациясына ие болып, аудан әкімінің І дәрежелі дипломымен марапатталды. Серіктестік егілген 600 гектар күріштің әр гектарынан 50 центнерден өнім алып, аудан экономикасының дамуына ерекше үлес қосты.

Әр гектардан орташа 45,5 центнерден өнім алған «РЗА-Агро» ЖШС-на аудан әкімінің ІІ дәрежелі дипломы табысталды. Ал, аудандық мәслихат депутаты Төребек Игіліков басшылық жасайтын кәсіпорын «Озат өңдеу кәсіпорны» номинациясына ие болды.

Кәсіпорын 3632 тонна балық аулап, оның 456,6 тоннасын өңдеп, экспортқа шығарған.

Жеке кәсіпкер Төребек Жұмабекұлы сондай-ақ, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне ерекше атсалысқаны үшін Астана қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» де марапатталды. Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің мерейін үстем еткен көңілді кеште өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.

Айта кетейік, қазалылық диқандар биылғы жылы егілген 6361 гектар күріштің әр гектарынан 33 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 21 мың тоннадан астам астық құйды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: