Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ел сенімі – ел аманаты»

31.03.2023, 18:00 256

Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы бір жыл бұрын дәл осы ғимаратта халыққа жолдауын жариялағанын, ел үшін аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсынғанын айтты. Сондай-ақ, реформалардың өз нәтижесін беріп жатқанына тоқталды.

Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтары түгел жаңғырғаны көпшілікке мәлім. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті.

Байқап қарасақ, референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткен. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келгенін президенттің өзі де айтты. «Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті» деді мемлекет басшысы.

Шыны керек, кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр деп айта аламыз.

– Сайлау қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін.

Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді.

Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды, –деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңді. Мұның өзі өзгерістің бар екенін айқындайды. Елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түскендей. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты.

– Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ. Елімізді қарқынды дамыту үшін сапалы заңнамалық база қалыптастыру керек. Ол үшін экономикаға қажетті ережелер мен қағидаларды өзгерту қажет. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Монополиядан арылту және елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл елімізге орнықты, бәсекеге қабілетті ірі бизнес керек емес дегенді білдірмейді. Керісінше, қажет екені сөзсіз және біз оны қолдаймыз. Ірі бизнес біздің жаңа экономикалық парадигмада жаңаша жұмыс істей бастайды әрі міндетті түрде дамиды. Жалпы, ашық әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономика қалыптастыру басты басымдық болып қала береді.

Осы ретте шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Бұл жөнінде көп айтылды. Бірақ аталған бағытта айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Демек, экономикалық саясатқа өзгеріс енгізу қажет, – деді ел президенті.

«Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше, қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық» деген мемлекет басшысы еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасады.

«Мен сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін. Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет.

Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс. Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет.

Осы орайда Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Өйткені, орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде басты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады» деді ол.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыру жайы да сөз болды. Депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктеледі. Ол – әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу. Депутаттар шешім қабылдауы керек және ел алдында жауап беруі тиіс. Халықтың мүддесін тиімді қорғау және еліміздегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату да маңызды.

– Еліміздің негізгі басымдықтарын баршаңыз жақсы білесіздер. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Сол арқылы тамыры тереңде жатқан мемлекеттілік дәстүрімізді нығайта түсу. Осы орайда мен Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойымды ортаға салғым келеді, – деген Қасым-Жомарт Тоқаевсессия барысында сегіз мәселе көтерді.

БІРІНШІ. Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін, ең алдымен, әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек. Салық саясатының жаңа моделі ұлттық байлықты тиімді бөлуді, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейі мен экономиканың басым бағыттарын нақты қолдауды қамтамасыз етуге тиіс.

Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет.

Фискальдық органдардың бизнеспен қарым-қатынасына қатысты бүкіл процесті толық цифрландыру керек. Бұл кәсіпкерлердің тіршілігін айтарлықтай дәрежеде жеңілдетуге және бюджет кірісін жүйелі түрде ұлғайтуға септігін тигізеді. Парламентте мемлекеттік бюджетке мол кіріс әкелетін корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығына қатысты мөлшерлемелерді әртараптандыру мүмкіндігін талқылауға болар еді.

Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл – әлемде бар озық тәжірибе. Қазір елдегі жағдай түбегейлі өзгерді.

«…Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет.

Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ» деді мемлекет басшысы.

ЕКІНШІ. Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр. Яғни, ел экономикасының құрылымы – қарапайым. Шын мәнінде, елімізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет. Әрине, шикізат нарығындағы әлемдік бәсекеде өз артықшылығымыз бар. Қазіргі және стратегиялық міндеттерді орындау үшін оны тиімді пайдалану қажет. Сондықтан осы саланы одан әрі дамыта беру керек.

Бірақ жер қойнауын пайдалану саласында ондаған жыл бойы қордаланған проблемалар аз емес. Геологиялық барлау жұмыстарының ойдағыдай жүргізілмеуі тау-кен өнеркәсібін өркендетуге кедергі келтіріп отыр. Минералды шикізат базасын толықтыру қарқыны бәсеңдеп барады. Оның үстіне қазір игеріліп жатқан кен орындарының қоры сарқыла бастағаны да жасырын емес.

– Қазба байлықты тиімді және үнемді пайдалану қажет. Ол үшін заңнаманы жақсартып, рәсімдерді жеңілдету керек. Геологиялық барлау және кеніштерді игеру ісіне инвестиция тарту айрықша маңызды. Үкімет пен Парламент осы салаға қатысты нақты шаралар әзірлеуге тиіс.

Былтыр тауар газының тапшылығына тап болдық. Бұл жағдай бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіре жаздады. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Сондықтан сыртқы сауданы еркін түрде дамытуымыз керек. Бірақ әуелі өз әлеуетіміз жететін нәрселермен өзімізді қамтамасыз етуіміз қажет.

Мысалы, шикізат та, мамандар да, кейбір технология да өз елімізде бар. Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет.

Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Бұл – айдан анық нәрсе. Сол себепті Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек.

ҮШІНШІ. «Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет» деді президент. Оның айтуынша, әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр.

«Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ, бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек.

Қазір Мәжілістің қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы жатыр. Депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауға тиіс. Коммуналдық желілердің әбден тозу салдарынан барлық өңірде дерлік қайта-қайта апат болып жатыр. Көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылымдардың тапшылығы қатты байқалады.

Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет» деді ол.

Сондықтан Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынды. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетіліп, сонымен бірге 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылғанын дұрыс деп санайды.

Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Осы орайда, президент күн сайын азаматтардан жүздеген өтініш келетінін айтты. Сондай-ақ, мемлекет тек шын мұқтаж адамдарға ғана көмек беретінін тілге тиек етті.

ТӨРТІНШІ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет секілді. «Агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ» деді  президент.

Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Сонымен қатар, ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды. Елімізде бірнеше жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 1 мыңнан астам ауылдағы үш мың жеті жүз нысан жаңғыртылды. Оның бәрі – әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары. Бұл жұмыс болашақта да жалғасады.

Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді. Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі, – деді ол.

Тағы бір мәселе – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті оның алдын алу қажет. Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал.

«Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Жаңа тариф саясатына көшу қажет. Оны дереу қолға алмасақ, ахуал одан әрі күрделене түсетіні анық» деп сөзін жалғады Қасым-Жомарт Тоқаев.

БЕСІНШІ. «Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек» деген мемлекет басшысы «Бұл мәселе менің айрықша назарымда екенін білесіздер. Себебі Қазақстанның басты байлығы – адам» деп сөзіне екпін бере сөйледі.

Оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісі жанданды. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады.

Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет, – деді президент.

Адам капиталын дамытуға қатысты тағы бір мәселе – Денсаулық сақтау жүйесінің тиімді болуы. Еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажет. Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Бұл – өте маңызды. Осы орайда барлық жауапкершілік әкімдерге жүктелетінін айтты.

«Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Мен бұл мәселе жөнінде Жолдауымда айттым. Мемлекет спорт инфрақұрылымын жетілдіруге көп көңіл бөледі. Елімізде 43 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде орналасқан. Бірақ қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз. Спорт ғимараттарының басым бөлігі – мемлекет меншігінде. Оларды күтіп-ұстауға бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді.

…Тағы бір маңызды мәселе бар. Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін. Осы ретте креативті индустрияға жүйелі қолдау көрсету өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Адам капиталын тұрақты дамыту – жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде табысты ел болудың басты кепілі. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру арқылы әділетті мемлекеттің және үйлесімді қоғамның негізін қаланады. Осы орайда, президент «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын айтты. Биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталатын болады.

АЛТЫНШЫ. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі. Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Президенттің тапсырмаммен биыл бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылғаны көпшілікке аян. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек те қайта қаралды. Енді 100 мыңнан астам бала бұл көмекті ақшалай алатын болады.

Көпбалалы отбасыларға да айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленеді. Мен былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердім. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра береді.

Осы орайда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталғым келеді. Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек.

Осы орайда Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс, – деді мемлекет басшысы.

Осы орайда, президент масылдық көзқарас туралы да айта кетті. Жоғарыда «Тұрғын үй тек мұқтаж адамдарға беріледі» деген сөзінен де соны аңғардық. Шыны айту керек, қоғамда масылдықтың бар екенін жасыра алмаймыз.

ЖЕТІНШІ. «Жұрт заңдардың кейбір ережелеріне наразылық білдіріп, шағым айтуда. Конституциялық Соттың шешімдері кейбір шағымдардың орынды екенін көрсетіп отыр. Яғни, заңнаманың жекелеген нормалары Ата заңға қайшы екені анықталды. Бұл келеңсіздіктер құқық қолдану ісінде қиындықтар туғызады. Конституцияға қайшы мұндай нормалар жарамсыз деп танылады.

Осындай ережелерге сүйеніп қабылданған соттың және басқа мемлекеттік органдардың шешімдері қайта қаралуға тиіс. Заңдарымыз Конституцияға толық сай болуы керек. Парламент осы маңызды мәселеге байланысты табандылық танытып, басты рөл атқаруы қажет. Бұл жұмыс азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жүйесін күшейте түсуге мүмкіндік береді.

Құқық қорғау саласындағы тағы бір күрделі мәселе – адам саудасы. Бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажет» деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев сессия барысында.

СЕГІЗІНШІ. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет. Сайлау алдындағы бағдарламалар және уәделер ретімен орындалса игі. Сонда азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі артады. Реформаларды әзірлеу және жүзеге асыру ісінде мемлекеттік қызметшілер маңызды рөл атқарады. Сол себепті жұмысқа ынтасы бар және жоғары білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту керек. Жеке секторда жүрген кәсіби және дарынды басқарушылар үшін жол ашық болуға тиіс.

Сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін деректер қорын өзара кіріктіру және «ақылды технологияны» пайдалану өте маңызды. Бұл қадам қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады.

Сондай-ақ, шалғайдағы ауыл тұрғындарына осы игіліктің бәрі қолжетімді болады. Ол үшін мемлекеттік қызмет, мемлекеттік статистика және мемлекет көрсететін қызметтер туралы заңдарға өзгертулер енгізу қажет. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жаңғырту мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Соңғы жылдары әлемде теңдессіз геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер болды. Осыған орай біздің кейбір стратегиялық құжатымыз өзектілігін жоғалтты.

Сондықтан «Қазақстан – 2050» стратегиясын» түбегейлі қайта қарау қажет. Яғни, бұл құжатты қазіргі жаһандық үдерістерді ескере отырып, ел дамуының ұзақ мерзімге арналған басымдықтарын айқындайтын стратегияға айналдыру керек. Жалпы, кез келген жұмыс мұқият жоспарлануы керек. Сонда мемлекеттік саясат стратегиялық сипатқа ие болады және тұрақты жүзеге асырылады. Сонымен бірге еліміз кез келген сын-қатерге төтеп бере алады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Осы орайда жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналғаны айтылды.

«Енді Үкімет шын мәнінде есеп беретін Үкіметке айналады. Министрлердің өз жұмысын жетік білуі ғана жеткіліксіз. Олар өз ұстанымын Парламент алдында қорғауға қабілетті болуға тиіс. Өз бастамаларын қоғамға анық түсіндіруі қажет. Қазір Үкіметтің қателігі мен кемшілігін ашық айтып, жөнге салып отыруға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті халық мүддесі үшін дұрыс пайдалану керек. Парламенттің өз жұмысы да барынша ашық болуға тиіс. Бүгінде оның жиындары интернет арқылы көрсетіледі. Бұл жақсы үрдіске айналды. Оған журналистер де, қалың көпшілік те қызығушылық танытады. Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарна арқылы тікелей эфирде көрсету қажет деп санаймын» деді ел президенті.

Сондай-ақ, депутаттарға ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ екені, сондықтан популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керектігі айтылды. Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істесе, сонда мемлекет саясаты барынша үйлесімді болатыны туралы да сөз қозғады.

Енді шын мәнінде азаматтар өздері сайлаған депутаттың қалай жұмыс істейтінін нақты көріп, баға бере алады. Парламенттегі пікірталастар жалпыұлттық ауқымға ие болады. Сонымен бірге бұл тәсіл ашық саясат жүргізудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға, қоғамдық диалог мәдениетін дамытуға септігін тигізеді. Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкершілік және маңызды міндет. Жұрт сенім артып отыр. Ал, ел сенімі – ел аманаты.

«Бізге орасан зор жауапкершілік жүктелген. Бұл – өткен тарихтың және болашақтың алдындағы жауапкершілік. Келер ұрпақтың қандай мемлекетте өмір сүретіні біздің бүгінгі шешімдерімізге тікелей байланысты. Еліміздің мақсаты – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес. Баршамыз табанды, еңбекқор, білікті, ұқыпты, тәртіпті болуымыз керек. Ең алдымен, отаншыл болуымыз қажет. Ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әрине, қоғамның дамуы үшін пікір алуандығы қажет. Бірақ, елдік мәселелерге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жөн. Елімізді өркендету үшін еңбек ету – баршамыздың азаматтық борышымыз» деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Иә, VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында көптеген мәселе айтылды. Оның бәрі шешімін табатынына не таппайтынына уақыт төреші. Ең бастысы, ең өзекті делінетін жайттарды мемлекет басшысы өз аузымен айтты, жауаптыларға мәселені жік-жігімен айырып, жеке-жеке тапсырды. Айтылған сөз – атылған оқ. Шынын айту керек, бүгінгі күні халықтың көзі ашық, бәрі бақылауда ұстауға тырысады. Әркім өзіне қажетті жерін түртіп, сақтап алғаны рас. Сондықтан, сөздің емес, істің уақыты келгені қашан? Әліптің артын бағайық.

Р.СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: