Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарауылтөбеге жаңа әкім сайланды

01.10.2021, 10:45 321

HALYQLINE.KZ 2021 жылдың 29 қыркүйектегі қалалық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес Ахетов Еркін Абдрайханұлы Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі қызметіне сайланды.

Бұған дейін Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі болған Сейілбек Таймановтың басқа қызметке ауысуына байланысты қалалық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес Қарауылтөбе ауылдық округі әкімінің сайлауы 26 қыркүйекке тағайындалған. Өз елінің, туып-өскен жерінің көркеюіне үлес қосар азаматтарды таңдауға қала бойынша бірінші болып Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғындары мүмкіндік алды. Сайлау қорытындысымен үміткер, осы ауылдың тумасы Ахетов Еркін Абдрайханұлына сайлаушылардың басым бөлігі дауыс беріп, кандидатурасы қолдау тапты.

Осыған орай бүгін шаһар басшысы Ғанибек Қазантаев ауыл тұрғындарымен кездесіп, жаңадан сайланған ауыл әкімін таныстырды.

Еркін Абдрайханұлы 1973 жылы Қызылорда қаласы, Қарауылтөбе ауылдық округінде дүниеге келген. Жоғары білімді. 2007 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Экология және биология пәнінің мұғалімі, эколог» мамандығы, 2020 жылы Болашақ университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1991 жылы «Қарауылтөбе» тәжірибе шаруашылығының малшысы ретінде бастаған. 2005-2008 жылдары Қызылорда облысының Статистика басқармасының маманы, 2010-2014 жылдары Қарауылтөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, 2017-2018 жылдары Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы, 2018-2019 жылдары Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы, 2019-2021 жылдары Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы, 2021 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Балық шаруашылығы комитеті» Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы қызметін атқарып келді.

Қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы жаңа әкімнің қызметіне сәттілік тілеп, алдағы уақытта ауыл тұрғындарының сенімдерін ақтап, осы аймақтың одан әрі өсіп өркендеуіне аянбай еңбек етіп, әкімдік алдындағы міндеттерді нақтылап, елмен етене жұмыс істеуді тапсырды.

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: