Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала әкімдігінде қос мәселе қаралды

16.02.2021, 9:45 429

HALYQLINE.KZ  Қала әкімі мәжілістің күн тәртібінде қаралатын екі мәселені талқыламас бұрын 1994-2007 жылдар аралығында 1-ші, 2-ші, 3-ші шақырылымдағы қалалық мәслихат хатшысы, 2010-2016 жылдар аралығында қала әкімінің аппарат жетекшісі, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы лауазымында болып, басқа да абыройлы қызметтерде қарапайымдылығымен әріптестерінің арасында зор беделге ие болған, бүгінде зейнет жасына жеткен Қожахмет Ілиясовты құрметті еңбек демалысына шығуымен құттықтап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси өмірінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Құрмет» грамотасын табыстады.

Өз кезегінде құрметке лайық қызмет атқарған Қожахмет Әбдіқайырұлы «Елімізді дамыту жолында өздеріңізбен тізе қосып, иық тірісе жұмыс істеу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Баршаңызға рақмет» – деп, өзінің ізгі лебізін жеткізді.

Одан әрі мәжілістің күн тәртібіне сәйкес – қаланың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы міндеттері талқыланды. Мәжілісте бұл туралы толығырақ қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов баяндады.

Бектас Балғабайұлының баяндауынша қалада өткен жылы өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 480 млрд теңге болып, өңдеуші өнеркәсіп саласында 47 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімінің көлемі 9,4 млрд теңгені құрап, негізгі капиталға 152 млрд теңге инвестиция тартылған.

Өткен жылды баяндаған қала әкімінің орынбасары биылғы атқарылар жұмыстарды да атап өтті. Мәселен ағымдағы жылы Жол картасы арқылы 500-ден аса жаңа жұмыс орындарын құрып, «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары бойынша қалада тұрғын үй құрылысын салу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуге басымдық берілмек.

Хабарламаны тыңдаған шаһар басшысы жұмыс тиімділігін одан әрі арттырып, ай сайын әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуына алдын-ала талдау жасап, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қазірден бастап білек сыбана, нәтижелі жұмыс атқару керектігін қатаң ескертті.

Мәжілісте 2021 жылы халықты жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бойынша атқарылатын жұмыстарды Индира Ақжігітова хабарлады. Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы ағымдағы жылы қалада 6 мың 534 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған болса, оның ішінде 4914-і тұрақты жұмыс орындары болатындығын ерекше атап өтті. Бөлім басшысының баяндауынша биыл қала бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген азаматтардың үлесінен 75%-ін жұмысқа орналастыру көзделген. Биыл жұмыспен қамтуды оңтайландыру мақсатында жүзеге асатын бірнеше тың жобаларды да ортаға салды.

Ағымдағы жылы азаматтарды жұмыспен қамтумен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау да қарқынды түрде жалғасын таппақ. Бұл бағытта қала бойынша мүгедектігі бар адамдарды жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының әлеуметтік қызметтерімен және оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге басымдық берілген.

Бөлім басшысының баяндамасын тыңдаған қала әкімі жауаптыларға халықты жұмыспен қамту бойынша арнайы бекітілген межені жыл аяғына дейін толық орындауды жүктеп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы ортаны қалыптастыру бағытында қаладағы барлық ғимараттарды, оның ішінде қызмет көрсететін мекемелерге арнайы тексеру жүргізіп, кемшіліктерді қалпына келтіруді нықтап тапсырды.

Мәжіліс соңында қала әкімі сала басшыларына жүктелген тапсырмаларды тиянақты орындап, жүйелі әрі қарқынды жұмыс істеуді тапсырып, барлығы тікелей өз бақылауында болатындығын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: