Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент үлкендерден емес, жастардан үміт күте ме?

07.01.2023, 11:40 410

Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде бес бірдей министр ауысты. Жалпы, лауазымнан босату, тағайындау секілді ауыс-түйістер, «рокировка» біздің елде жиі-жиі болып тұрады. Тіпті, кейбірі жоспарын жасап үлгергенімен, өз ойын жүзеге асыруға уақыт таппай қалатындай. Кейде «креслоны» ата-бабасынан қалған мұра деп қабылдап, жамбастай жатып алатындар да бар. Былтыр «Қаңтар оқиғасынан» кейін елде ауыс-түйіс, тағайындау мен лауазымнан босатудың сан түрін көргенбіз. Биыл да солай болды. Жаңа жылдан соң «Жаңа Қазақстан» ұранын алға тартып, бірқатар кадрлық өзгеріс болатынын  білгенбіз. Өйткені, өткен  жылдың  30  желтоқсан  күні мемлекет басшысының жарлығымен Қанат Сергейұлы Мусин Әділет министрі қызметінен босатылған еді. Ол бұл қызметке 2022 жылы қаңтарда  тағайындалған-ды. Экс-министр жұмыссыз қалған жоқ, Мәжіліс оны  жаңа  жасақталып жатқан Конституциялық  соттың  судьясы  етіп  бекітті.

Сонымен, 4 қаңтар күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлы­ғымен 5 министр «тағына» отырды. Олар туралы қызылды-жасылды әңгіме көп.

«Зүлфия Болатқызы Сүлейменова ҚР Экология  және  табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды» деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Ол 1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 2014 жылы Жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері болып бастады. 2022 жылы 14 наурызда Зүлфия Сүлейменова экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болып тағайындалған  еді.

– Мен тері өнімдерін кимеймін, ет жемей­мін. Жануарларға адамгершілікпен қарау адамнан, өзімізден басталуы керек деп есептеймін. Жануарларға сыналған косметиканы қолданбаймын, зообақтарға, дельфинарийлерге бармаймын, бұл – менің жеке шешімім, – деген болатын ол «Хабар 24» телеарнасы бағдарламаларының бірінде.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі­нің басшысы Серік­қали Аманғалиұлы Брекешов лауазымнан боса­тылды. Бұған дейін ол Жайық популя­циясына  жататын 80 мың бас киікті ату туралы  шешім қабылдап, көпшіліктің  сынына  қалып  еді.

Келесі тағайындау білім саласында болды. «Ғани Бектайұлы  Бейсембаев  Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалсын», – делінген жарлықта.

Ғани Бейсембаев 1969 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1986 жылы Шиелі аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі қызметінен бастаған оны әлеуметтік желіде мақтап жатқандар жетерлік. Десе де, экс-министр Асхат Қанатұлы Аймағамбетовті көпшіліктің қимай жатқаны да жасырын емес. Тіпті, әлеуметтік желіде Қанатұлына арналған челлендж де кеңінен тарады, қимастық жазбалар жиі-жиі жазылды.

– Құрметті достар, қымбатты әріптестер! 2019 жылғы маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев маған өте маңызды білім мен ғылым салаларын сеніп тапсырды. Кейіннен мемлекет басшысы мені үш рет қайта тағайындады. Алдымен білім және ғылым министрі, содан кейін 100 жылға жуық уақыттан кейін қайта құрылған, ұлағатты ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов басқарған оқу-ағарту министрлігіне  қайта тағайындады, – деді Асхат  Аймағамбетов.

Ол осы уақыт ішінде өзіне жүктелген сенімді ақтауға және ашық болуға, жұмыста тиімді әрі пайдалы болуға тырысқанын жазды. Ақорда сайтын аңдыған журналистер мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалған үшінші министрдің де есім-сойын білді.

«Марат Кәрімжанұлы Қарабаев Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымына тағайындалсын», – делінген жарлықта.

Марат Қарабаев 1987 жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында туған. Ташкент автомобиль жолы институтын, Уорвик университетін (Ұлыбритания), М.Х.Дулати атындағы Тараз  мемлекеттік университетін  тамамдаған. 2021  жылғы  қаңтардан  бастап қазіргі  уақытқа дейін  ҚР  ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы  болып  жұмыс  істеді.

Ал, оған дейін аталған министрлікте  басшы  болған Қайырбек  Айтбайұлы  Өскенбаев лауазымынан босатылды. Өскенбаевтың  қызметінің  өскені не  түскені  туралы  ақпарат  жоқ.

Тағайындаудың түр-түрі бар. Соңғы жылдары көп сыналып жүрген Мәдениет және спорт министрлігіне де жаңа басшы келді.

Мемлекет басшысының жарлығымен Асхат Раздықұлы Оралов Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалды.

– Осымен Қазақстан спортының шаруасы тынды десек болатын шығар. Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшыға бер» деуші еді. Спортты түсінбейтіндерді қайта-қайта ауыстыра береді, ауыстыра береді. Жетістігіміз төмен қарай кетіп барады, кетіп барады. Ешкімнің шаруасы жоқ. Судың да сұрауы бар емес пе? Аузы күйген үрлеп ішеді деуші еді! Әлде спортты басқаратын маман жоқ дей ме? Дәулет Тұрлыханов ағамызға неге тізгінді бермеске? Ол – спорт десе, ішкен асын жерге қоятын азамат. Жаңа Қазақстанды алға сүйрейтін азаматтары неге қолдамайды?! – деп жазды спорт жанашыры Садық Мұстафаев әлеуметтік  желідегі  парақшасында.

Ораловты іскер азамат дейтіндер бар. Әрине, көңілі толмайтындар да жеткілікті. Десе де, азаматтардың атқарған жұмысына қарап баға берген дұрыс болар. Келмей жатып жағадан алғаннан ештеңе шықпайды.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев лауазымынан босатылды. Экс-министрдің «Үңгір ұлтшылдығы» тақырыбында аңдамай сөйлегені өмір бойы артынан қалмайтындай. Оған әрдайым көз жеткізіп келеміз.

Мемлекет басшысының жарлығымен Азамат Несіпбайұлы Есқараев Қазақстан Республикасының Әділет министрі лауазымына тағайындалды. Ол жоғарыда жазғанымыздай, Қанат Мусиннің орнына келді.

Президент жаңадан тағайындалған министрлерді сол күні-ақ қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктердің жауапкершілігіндегі мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, ұлттық жобаларды тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды, жеке-жеке тапсырма берді. Кездесу соңында азаматтармен тығыз жұмыс істеп, олардың мәселелерін уақытылы шешу қажет екенін атап өтті.

«Үкімет бірі келіп, бірі кетіп жататын үлкен вокзал болғалы қашан, халықтың да келіп-кететіндерге әбден үйреніп, еті өліп болды-ау…» деп ардагер Қабдеш Шағыровтың жазғаны бар еді. Пікір иесімен келісуге әбден болады. Десе де, тағайындаулар легі мұнымен толастамайды. Көпшілік министрліктерге жастардың келіп жатқанына екпін беріп айтуда. Әрине, жастардың, азат ойлы азаматтардың билікке келгені – құптарлық жайт. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстандағы ең жас министр еді. Ол 1983 жылы туған. Ал, Зүлфия Сүлейменова мен Асхат Оралов – 1990 жылдың түлектері. Осы орайда, бір қызықты мәлімет келтірейік. 1993 жылы Алтынбек Сәрсенбаев небәрі 31 жасында ең жас министр атанған еді. «Бұл рекорд арада 30 жыл өтсе де бұзылар емес»  дейді  білетіндер…

Рыскелді  ЖАХМАН

Инфографика  Qazaqstan.kz  сайтынан  алынды

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: