Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ОСК мүшесі «Назарбаев та, қызы Дариға да сайлауға түсе алады» деді

07.09.2022, 15:05 390

HALYQLINE.KZ

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының мүшесі (ОСК) Шавқат Өтемісов елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы президент сайлауында кандидатурасын ұсынуға құқығы бар деді.

Ол бұл жөнінде экс-президенттің үлкен қызы, парламент сенатының бұрынғы спикері Дариға Назарбаева президенттікке үміткер бола алады ма деген сұраққа жауап бергенде айтты.

«Әрине, үміткер бола алады. Нұрсұлтан Назарбаев та үміткер бола алады. Талаптарға сай болатын кез келген адам президент сайлауына өзін ұсына алады» деді Өтемісов.

Осының алдында әділет вице-министрі Алма Мұқанова президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаев қатыса алмайды деген болатын.

«Референдум кезінде қабылданған Конституциядағы өзгерістерге байланысты, елдің бірінші президентіне президенттікке екі реттен астам қатар үміткер болу қарастырылмаған» деген Мұқанова.

Конституцияның 42-бабында «Бір тұлға Республика президенті болып екі реттен астам қатар сайлана алмайды» делінген.

1 қыркүйекте парламентте халыққа жолдау арнаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынып, оған түсуге дайын екенін мәлімдеген. Бұған қоса ол Конституцияға президент өкілетін жеті жылдық бір ғана мерзіммен шектеуді көздейтін өзгеріс енгізуге ниетті екенін жеткізген. Қазақстан Конституциясы бұдан екі айдай бұрын, 5 маусымда өткен республикалық референдумда өзгертілген еді.

2019 жылғы 19 наурызда Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кететінін жариялаған соң оның орына сол кездегі сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев келген. Сол жылы 9 маусымда елде мерзімінен бұрын президент сайлауы өтіп, Тоқаев бес жыл мерзімге сайланған. Сайлау қарсаңында, дауыс беру күні және одан кейін елде жаппай наразылық болып, мыңдаған адам ұсталды. Констиуция бойынша оның өкілеті 2024 жылы аяқталуы тиіс.

 

Дереккөз: Азаттық радиосы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: