Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оразбаев жастардың ортасына неге барды?

15.09.2022, 10:10 823

HALYQLINE.KZ

Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалы қаласының жастарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесуге келген жастар аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа Б.Қосаев көшесінің аяқ жағында орналасқан бос орынға балалар ойын алаңы мен 40х20 метр болатын кіші футбол ойнайтын алаң салып беруді сұрады. Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Жәнібек Жұбанғанов ойын алаңы мен спорт алаңы салынатын орынға қала жастарының күшімен 100-ге жуық машина құм төгілгенін жеткізді.

Кездесу барысында Жасарал Сералиев, Рахманберді Исмағұлов та сөз сөйлеп, бірқатар ұсыныстарын айтты.

Жастардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған Мұхтар Әуесұлы ауданда спорт алаңдары мен кешендерін салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Алдағы уақытта Қазалы қаласы бойынша екі спорт кешенін салу жоспарда бар екенін тілге тиек етті. Оның бірі мемлекет қаржысына, екіншісі жеке кәсіпкердің есебінен салынады.

Ал, жастардың Б.Қосаев көшесіне спорт алаңдарын салу жөніндегі ұсынысына сәйкес аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаевқа жоба-сметалық құжаттарын дайындап, қаржысын есептеуді тапсырды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жастарды спортпен шұғылданып, қоғамға пайдалы жұмыстармен айналысу жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Еркін форматта өткен кездесуде аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов жастар арасындағы топтық төбелестің алдын алу бағытында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Сондай-ақ, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев топтық төбелестің алдын алу мақсатында Әйтеке би кентіндегі жастармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Жастармен жүздесуге аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Әбубәкірұлы қатысты.

Кездесулерде Мұхтар Әуесұлы соңғы уақытта аудан аумағында жастар арасындағы топтық төбелес белең алып тұрғанын жеткізді. Қазіргі таңда топтық төбелестің алдын алу үшін ауданда жұмысшы топ құрылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

– Бүгін өздеріңізбен кездесіп отырғанымыздың негізгі себебі – жастар арасындағы топтық төбелестің алдын алу. Қоғамға жат қылыққа жол бермей, жастардың пайдалы іспен айналысуына көмектесу. Сол үшін де Сіздермен кездесу ұйымдастырылуда. Егер де қандай да бір ой-пікірлеріңіз болса, біз тыңдауға әзірміз, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов топтық төбелестің алдын алу бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқанын айтты.

Өз кезегінде жастар аудан орталығындағы кейбір аумақтарға спорт алаңдары жетіспейтінін, бар болғанның өзінде сыртта доп тебе алмайтындықтарын жеткізді. Осыған орай спорт кешендері салынып немесе жақын маңдағы мектептердің спорт залдарын кешкі мезгілде пайдалануға рұқсат алып беруін сұрады.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қазіргі таңда Қазалыда спорт кешендері мен алаңдарын салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретіндігін тілге тиек етті.

Ал, жастардың кешкі мезгілде мектептер мен колледждердің спорт залдарын пайдалану жөніндегі ұсыныстарын қолдайтынын, бұл жұмыстарды үйлестіруді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовке тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: