Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барды

13.12.2021, 9:40 240

HALYQLINE.KZ Өткен жұмада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданына барып, бірқатар әлеуметтік нысанның жұмысымен танысып, көпбалалы аналарға 5 тұрғын үйдің кілтін табыс етіп, 10 отбасыға қуаныш сыйлады.

Жаңа үйлер аудандағы әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға берілді.

Пәтер кілттерін табыстау рәсімінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова шараға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, тұрғындарды баспанамен қамту ісі қарқынды жүргізілетінін тілге тиек етті.

– Ең алдымен баршаңызды ең басты ұлық мерекеміз – қастерлі де қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Жыл сайын өңірімізде түрлі заманауи нысандар бой көтеріп, көркейіп-көріктене түсуде.

Халықты тұрғын үймен қамту да – жолға қойылған жақсы істердің бірі. Бүгін 710 шаршы метрді құрайтын 2 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы аяқталып, халық игілігіне беріліп отыр.

Жыл соңына дейін тағы да 63 отбасы жаңа шаңыраққа ие болады деп жоспарлап отырмыз. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын! Алдағы мерекелер мен қуанышты күндерді жаңа қоңыстарыңызда жақсы қарсы алыңыздар! Әр отбасына береке-бірлік, амандық тілеймін!, – деді облыс әкімі.

Биыл өңірде республикалық бюджеттен қажетті қаржы қаралып, 30 тұрғын үй сатып алынбақ. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 11 елді мекенде 33 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, кезекте тұрған көп балалы отбасыларға беру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Сырдария ауданына сапары аясында Ақжарма ауылындағы «Ақжарма-2» шаруа қожалығына тиесілі күріш ақтайтын зауыт жұмысымен танысты.

Айта кету керек, зауыттың жылдық қуаттылығы 630 тоннаны құрайды. Күніне 50 тонна күрішті ақтауға қауқарлы. 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Мұнан соң, облыс әкімі Тереңөзек кентінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен орталық стадионға барып, жұмысын саралады. Спортшылармен кездесіп, пікір алмасты.

Әрі қарай аймақ басшысы күніне 60 тонна жем шығаратын «Аққұм Жер» ЖШС-нің зауыт жұмысымен танысты.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова биыл шаруаларға түскен ауыртпалықты тілге тиек етіп, осы тектес жем шығаратын зауыттардың тиімді әрі маңызды жобаларды көбейту қажет екенін алға тартты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: