Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Неге қазір мемлекеттік қызметшілер мінезсіз немесе қорқақ?

07.08.2020, 11:25 1194

HALYQLINE.KZ

Шыны керек, мемлекеттік қызметте тынымсыз тұрмыстың, күнделікті күйбіңнің арасында жүріп, біз кейде негізгі мақсат пен мүдденің жолынан алшақтап қаламыз. Сөйтіп жүріп, арада біраз жыл өткесін кейбіріміз: «Мен осыншама жыл мемлекеттік қызметте не істедім?»,-деген сұраққа жауап іздей алмай дал боламыз.

Ия, мемлекеттік қызметке кездейсоқ келгендер де бар. Олардың әу баста арманы басқа, мақсаты бөлек болған. Мамандық таңдарда да жоспары да тым бөлек еді. Бірақ, оқу бітіргесін шынайы өмірдің қиыншылықтарымен бетпе-бет келгенде, көпшілігі ертеректегі мақсат-мұратынан айнуына тура келді. Сергелдеңге түсіп, жел айдаған қаңбақ құсап, әр істің басын шалып, болмағасын мемлекеттік қызметке келгендер бар, арамызда. Не бизнесте, жеке секторда жолы болмаған әйтеуір жұмыссыздықтан гөрі аш қалдырмас деп мемлекетке арқа сүйеп, күн көріп жүргендерді де көрдік.

Жалпы, мемлекеттік басқару жүйесінде әр қызметшінің персоналдық стратегиялық даму жоспары болуы керек. Құжат негізінде мұндай қағидалар әзірге қалыптаспаған. Мемлекеттік қызметші туралы заң, ереже, міндеттеме, шектеулер бар. Сөз жоқ. Аздап күмәнді болса да, тыңғылықты жазылған. Тәпсірлеуді қажет етпейді. Алайда бізде әр қызметкердің карьералық өсу жоспары жоқ. Өйткені кісілік даму бағытында белгілі бір кепілдіктің болмауы, меніңше, дұрыс емес.

Мойындау керек, қарапайым мемқызметші өзіне ұзақ мерзімді даму жоспарын жасай алмайды. Себебі үнемі тұрақты жұмыс істейтініне кепілдік жоқ. Кез келген уақытта сенімсіздік тұрады. Басшысының жиі ауысуы да тұрақсыздық фобиясын туғызады. Себебі, бізде басшы ғана ауыспайды ғой. Ескісімен бір тобы кетіп, олардың орнына жаңаның нөпірі келіп отырады. Яки, тілеулестері һәм жан ашырлары.

Содан қарапайым мамандар бірінші қысқартуға ілініп қалмас үшін және жыл соңында KPI бойынша төмен баға алмаудың амалын жасап, алаөкпе болып, жаңа келген жетекшілерге үнемі өзін дәлелдеумен әлек болады. Оның үстіне әр басшы ауысқан сайын сұраныс пен талап өзгереді. Сөйтіп сәл қит етсе, жұмыстан шығып кетуіне себеп көбейеді. Үнемі күмәні сейілмейді. Маман ретінде пікірі тыңдалмайды. Амал жоқ, дұрыс болсын, бұрыс болсын басқаруға келген адамға бейімделеді. Енді бейімделгенде тағы жаңа басшы келіп тұрады.

Мемлекеттік қызметшілер әлеумет алдында да қорғалмаған. Моральдық тұрғыда. Тіпті заңды құқығы да аз. Көп алдында абайсызда сүрініп қалса, бітті, қолы бостың бәрі сұқ саусағын көрсетіп, кінәлі етеді. Содан құрбан болу мүмкіндігі басым. Себебі, мемлекеттік басқару жүйесінде қателік кешірілмейді. Идеалға қателесу арқылы жету қағидасы бұл жерде жұмыс жасамайды.

Сондықтан бас маманнан басшыға дейін шешім шығаруға қорқақ келеді. Жауапкершілік алуға жүрексінеді. Ауқымды мәселеге келгенде, «үндемеген үйдей бәледен құтылады»-ны ұстанады. Күмәні көкейінде тұрғасын, кірпі құсап бүркеніп алатыны содан. Көп мәселеде басшыға жалтақтайды. Ал, басшысы өз басшысының аузына қарайлайды. Содан мемлекеттік қызметшілер мінезсіз, пікірсіз өңкей қорқақ орындаушыларға айналады.

Әлбетте, не бел кетеді, не белбеу кетеді деп жүргендер де бар. Бірақ әзірге аздау. Бірінің қайыспас «жағасы» бар. Бірінің бизнесте «қалтасы» бар. Ал, енді бірінің өмірлік ұстанымы мемлекетшілдік, қатып қалған қағидасы бар. Бұндайлар шешім шығарарда да, жауапкершілік аларда да қорықпайды.

Бірақ, елдің соңынан емес, соңына ертетін мәрт маман болу, тек ұстанымына берік, қағидасына адалдардың ғана қолынан келеді. Нағыз реформаторлар солар.

Бұрындары мұндайларды хаос орнатады деп, биліктен алыс ұстаушы еді. Оған себеп те бар. Әріде, мемлекетшіл азаматтарға салқынқандылық жетіспейтін. Тым эмоцияға берілетін. Ал эмоцияның мемлекеттік басқаруда түкке пайдасы жоқ екенін білесіздер.

Алайда, бір қуанатын жайт, соңғы кездері осындай азаматтар ретімен билікке келіп жатыр. Бастысы, елдік пен елдің саясатын қатар алып жүрсе болғаны.

Мінберде өткір сөйлеу бір бөлек, сөзді іске асыру бір бөлек. Қазір мемлекеттік қызметшілерге талап өзгерді. Ал ол талапқа сай болу үшін мінез керек. Мінез қалыптасу үшін, белгілі бір деңгейде олардың сенімін күшейтіп, заңды тұрғыда кепілдік болатын қағиданың болғаны жөн. Әр қызметшінің персоналдық стратегиялық даму жоспары жасалып, қызметтегі әділетті өсу жоспары жүйеленгені жөн.

Әзірге осы!

Нұрлыбек  ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Көрнекі  сурет

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: