Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Назарбаевтың гегемониясы аяқталды, ендігі кезек кімдікі?

17.11.2022, 12:40 300

Еліміз «Әділетті Қазақ­стан» болуы үшін әділ басшысын сайлауға кірісті. Жалпы, ел Тәуелсіздігін алғалы президенттік сайлау 6 рет өткізілді. Оның 5-еуінде Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті. Ал, кезекті кезек­тен тыс 2019 жылғы сайлауда   Қасым-Жомарт То­қаев халықтың басым бөлігінің   дауыс   беруімен  ҚР Президенті болып сайланды. Енді проценттік жүйеге назар аударсақ, 1991 жылы 98,78%, 1999 жылы 79,78%,  2005 жылы 91,15%, 2011 жылы 95,55%, 2015 жылы 97,75% электорат Нұрсұлтан Әбішұлына дауыс берген. 2019 жылы Қасы­м-Жомарт Кемелұлын 70,96% халық жақтапты. Қазақстандықтар алдын ала келіскендей бір­ауыздан шешім қабылдағанын аңғаруға болады. Бірақ сонда да халық сайлаудан кейін әділетсіз болды деп шағым айтатыны бар. Сонда аталмыш тұлғаларға дауыс беру­шілер кімдер? Қоғам белсендісі Жарылқап Қалы­байдың пікірінше, Қазақ­стан Тәуелсіздік алғалы бері елде бірде-бір сайлау әділ өткен жоқ. Ол  биліктің  халықты 30 жыл бойы алдап келе  жатқанын  алға  тартты.

– Ешқашан бізде адал, таза, халық күткен сайлау болған емес. 30 жыл бойы билік алдап келе жатыр. Президенттік сайлаулардың бірде-бірі әділ өтпегенін халық мойындайды деп ойлаймын. Дауысты тек ұрлап келе жатыр. Қазіргі өткелі жатқан сайлау да таза  ойын, – деді ол.

Мемлекет басшысы: «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын  2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Осы науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ­мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады… Біз Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!», – деді. Әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты бұл сайлауды өткізудің маңызы зор. Десе де, халық пен билік те бұл сайлауға дайын болмағаны көрініп тұр. Өйткені сайлау науқаны басталғанда бір­неше кандидат талаптарға сай болмай, аламаннан жарты жолда шығып қалды. Ал қалғаны сайлауды циркке айналдырды. Бірі сынған жілікті қайта сындырды, бірі Президент болғысы келмейтінін жасырмады, бірі сайлауалды бағдарламасын ұмытты, бірі сиыр сауып, би билеп, енді бірі «ішпеймін, шекпеймін» деп құдды бір үйленбекші болған күйеу баланың сөзін сөйледі. Қысқасы, халық алдындағы жауап­кершілік аз. Кандидаттар Әміржан Қосановтан үлгі алғандай  барынша өзін көрсетіп, танымалдылықтың ізін қуды. Елдің болашағы маңызды болып тұрған жоқ. Тек ел аузында жүргендеріне мәз. Бұл кандидаттарға қарап, еліміздің қандай кезеңде тұрғанын түсінуге болады. Әлі күнге дейін арзан ойын-күлкіден арылмай, көп дүниеге немқұрайды қарайтынымыз көрініп қалды. Өкінішті… Қуғын-сүргін жылдары бақталастық, таққа, мансапқа таласу жегі құрттай меңдеген еді. Әлі күнге дейін кей пасықтың қанына сіңіп қалыпты. Дей тұрғанымен, сайлау осы канди­даттардың арасынан өткізіліп,  таңдалады.

Шыны керек, алдағы сайлаудың нәтижесі көпке мәлім. Кей сала өкілдері осы сайлау науқанында қаратабан болып кететіні бар. Соның арқасында біреулердің жарнамасы мықты болып тұр. Қалғанының әзірге жарнамасы жарға жығып тұр десек, қате айтқанымыз болмас. Ширек ғасырдан көп уақыт бойы Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті болды. Сайлаудан жеңді, қайта түсті, қайтып жеңді, сөйтіп ел алдында сүйкімі кетті. Қазақта «түсі игіден түңілме» деген жақсы сөз бар. Соны ұстанып, біраз жыл тірі жан қарсы келмеді. Дегенмен, халыққа Назарбаевтың гегемониясы жақпады. Оны өзі де сезгендей, отыз жылға жуық уақыт бойы ел тізгінін ұстағанды қанағат тұтып, өзі лауазымды қызметтен кетті. Өз орнына Қ.Тоқаевты қойып, кейін халық та қоштады. Егер осы жылғы сайлаудан Қасым-Жомарт Кемелұлы жеңсе, екінші тұлғаның гегемониясы басталды деген сөз. Меніңше, қазақ халқы ел дамуында үлкен қателіктер жасап жатқан секілді. Түскен құдықтың бетін ашық қалдыруда. Алпауыт дамыған мемлекеттер секілді Президент ауысып тұрғаны дұрыс. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев келгенде елдің жағдайы күрделі еді. Ол келгелі ақырындап, сатылап дамып жатты. Айту керек, ол кісінің елге пайдасы мол болды. Тек билікте тым көп отырғанының зияны тиді. Жалпы, ұзақ Президент болудың зиянын біздің елде ғана емес, басқа елдер де көріп жүр. Артық байлық астамшылыққа, астамшылық ақымақтыққа ұрындырады екен. Бұған да өзіміз кінәліміз, елбасының алтын басын алтын табаққа салып әлек боламыз. Кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев та Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап, «Күнгей мен көлеңке» атты кітап жазған болатын. Бейнеқорды ашып қарасақ, ол кітаптың тұсаукесерінде бүй депті.

– Шындығын айтқанда, бұл кітапта «рұқсат етілген» мен «рұқсат етілмегеннің» шекарасынан өтетін жайттар бар, маған тіпті «мұндай шындықтың, тіпті шетін шығарып айтуға әзір ерте!» деген ескертпе де айтылған. Бірақ мен көргенімді, көкірекке түйгенімді, сосын еліміз бен Елбасымыздың жетістікке қалай қол жеткізгендігін жария ету үшін қартаюды күтіп жатуды жөн көрмедім, – деді ол.

Жасыратыны  жоқ,  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне келіп, елімізде жаңашылдық  пайда  болды. Жас  пен қарт та оған дән риза. Бірақ баяғы үрдіс қайта жалғаспасына кім кепіл? Егер мемлекет басшысы ауысып тұрса, елдің көрер күні де жақсы болар еді. Өйткені тарихта өшпес жақсы ізі қалу үшін әрқайсысы елге адал қызмет етер ме еді? Кім білсін? Әлемдегі зобалаңға байланысты және сайлауға түсушілердің қисынсыз әрекетінен кейін қазіргі Президенттің саяси реформалары дұрыс па деп те ойлайсың? Алайда елдің жаңарып-жаңғырып, өзгеріп-өсіп, түрленіп-түлеп отыруы қажет. Оның үстіне ел – мәңгілік болғанымен, елбасылық – мәңгілік емес. Тарихқа көз жүгіртсек, жеке басқа табынушылық белең алған жерде билік әуелі тоңмойынданады, сосын қатыгезденіп, кейін  есіріктенеді.  Десе  де, бүгінгі  күні  бір  ғана  лайық  кандидат бар.

Әл-Бұхари былай дейді: «Мақшар күнінде сенен ешкім «Қанша жыл ел биледің? Қанша жыл атқа міндің? Байлық жинай алдың ба? Айтқаныңды өзгелерге екі еткізбей орындаттың ба? Қызық-қуанышқа кенеле алдың ба?» деп сұрамайды, сенен «Өз қауымыңа қандай жақсылық жасадың? Өз ортаңда қандай қайырымды істер істедің?» деп сұрайды». Сондықтан ел Президенті болған азаматтар елдің қамын ойласа игі еді.

АҚСҰҢҚАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: