Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Н.Нәлібаев: Проблемалық мәселелер де жеткілікті

17.05.2023, 15:05 271

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшы ауданына жұмыс сапары аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Жиында Қармақшы ауданына қарасты кент және ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен алдағы даму жоспарлары қаралды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«2022 жылдың қорытындысымен аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер рейтингінде Қармақшы ауданы 2-орын алып, жоғары даму динамикасын көрсетті. Өнеркәсіп кәсіпорындары 4,4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өндіріс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 пайыз өсім бар. Биылғы қаңтар-сәуір айларында 2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2,6 млрд теңге инвестиция салынған. Дегенмен, проблемалық мәселелер де жеткілікті», – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы аудан әкіміне халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру үшін бірқатар міндеттер жүктеді. Ауданда «Ауыл – ел бесігі» және «Ауыл аманаты» жобаларына елді мекендердің қатысу үлесі төмен. Биыл бағдарламаға 1 кент пен 4 ауылдық округ жоба ұсынып, 1 млрд 353 млн теңгеге қолдау тапты. Енді осы елді мекендерде спорт кешендері салынып, көшелері жөнделеді. Ал, «Ауыл аманаты» жобасына Дауылкөл мен Жаңажол ауылдық округтері ғана қатысқан. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға аталған бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланып, елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын табуды міндеттеді.

Аймақ басшысы ауылдық округ әкімдеріне жұмыс қарқынын күшейтіп, қарамағындағы елді мекендерді дамытуға бағытталған тиімді жобаларды ұсыну қажеттігін еске салды. Мұнан бөлек, аудан әкімі Жандос Еркінбекұлына кәсіпкерлікті қолдау және жұмыссыздықты азайту, кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолдау көрсету, жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін бақылау, қылмыспен күрес жөнінде тапсырмалар берілді.

Облыс әкімі ауданда қылмысты ашу көрсеткіші өте төмен екенін қаперге салып, жағдайды жақсарту үшін қажетті іс-шараларды қолға алуды тапсырды. Былтыр кент және ауылдық округтерде 147 қылмыс тіркеліп, оның 63-і немесе 43%-ы ашылған. Биылғы қаңтар-сәуір айларында 31 қылмыс тіркеліп, 13-і немесе 42%-ы әлі ашылмаған. Қалыптасқан жағдайға орай аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақытбек Жарқынбаевқа қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейту міндеттелді.

Жиын соңында аймақ басшысы жыл қорытындысымен төмен көрсеткіш көрсеткен ауыл әкімдеріне қатысты кадрлық шешім қабылданып, жоғары нәтижеге жеткен әкімдерге ынталандыру шаралары қарастырылатынын ескертті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: