Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мүдде мен үде

28.04.2022, 12:20 620

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есті сөз айтып, келелі мәселе қозғап, ұлттың ұйысуына жөн сілтеп, әрекет етуде. Жақсы бастамаларды бастап, тәуелсіз ел мен әділетті ұрпақты тәрбиелеуді көздеп отыр. Десе де, жастарға жол беру деген құр сөз боп қалса, әлгіндей бастаманың қажеті жоқ. Түбегейлі саяси реформа да жалаң сөз боп қалмақ. Нәтижесі нешік? Өйткені солқылдақ заңды мың құбылтып өзгерткісі келсе, алысқа бармаймыз. Қысқасы, әңгіме мынада. ОКҚ-да өткен брифингте Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірасуловтың сөзі елдің ашуына тиді. Ол: «Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі Конституцияда бекітіледі. Жұмыс тобы бұл мәртебені осы норманы нақтылайтын заңға емес, Конституцияның өзінде белгілеу керек деген қорытындыға келді. Яғни, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы», – деп дүрсе қоя берді.

Шынтуайтына келгенде, Конституцияда Президенттің мәртебесі енгізілген. Енді бұған алып-қосудың қажеті бар ма? Онсызда жылтырақты жаматып, қатырма қағазды табыстап, екі сөздің бірінде нұрлы істің нұрын шашып жүр емес пе? «Тәуелсіздіктің негізін қалады» деп көкірегін көкке көтергенімен, түптеп келгенде, бұл – халықтың еңбегі. Тәуелсіздік бәрімізге ортақ болғасын, оны баянды ету де – біздің қолымызда.

Тұманды қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы реформа жасады. Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кесетінін сезінді. Қазақтың ат төбеліндей шағын тобы ғана үрлеп ішіп, шайқап төгіп отырғанын жасырмай айтты. Қос бажадан бастап, Назарбаевтың жақындарын қызметтен алды. Қазақтың бір қарыс жерін болса да жат қолына үлестірмейтінін алға тартып, халқының әл-ауқатына алаңдаушылық танытты. Мұнан кейін халық билікпен бір кемеде екенін ұқты. Алайда билік басындағылар халықтың жанды жерін қайтадан шұқылай бастаған сыңайлы.

– Реформада халық шешімін күтіп отырған түйткілді мәселелер де бар. Ол бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты Конституциядағы баптар. Жобада Бірінші Президенттің құзыреті жөніндегі баптар толығымен алынып тасталған. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Президент дегеніміз – мемлекеттік институт. Сондықтан, Конституцияда Президент институтының ғана құзыреті қаралуы керек. «Елбасы-Бірінші Президент жөніндегі» заң да күшін жоюы керек. Заман өзгеріп кетті, – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Мемлекет басшысы Ақорда резиденциясында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі кеңес өткізді. Кеңес барысында тәжірибелі мамандардың Ата заңымыздың жаңа нормаларын әзірлеуге қосқан үлесін айтты. Белгілі заңгер ғалымдар, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент және мемлекеттік органдардың өкілдері атсалысыпты. Сондай-ақ Конституциялық Сотта, Конституциялық Кеңесте жұмыс істеген ғалымдар бар. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін дайындалған жобаға қоғамды саяси тұрғыдан трансформациялау жөнінде берілген барлық ұсынысты ескерудің мәні зор екеніне тоқталды.

Шын мәнінде, бұл Қазақстанның билік институттарын қалыптастырудың және ықпалдастықтың, жаңа саяси мәдениетті енгізудің мүлде жаңа моделіне көшкенін білдіреді. Нақты әрі толық түсінік болу үшін осы модель мен үдерісті Екінші республика ретінде белгіледім. Жаңа парадигмаға сәйкес Президенттің өкілеттігі қысқарады, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейеді. Азаматтардың қатысуы едәуір артып, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаяды, – деді Президент.

Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі едәуір күшейсе, шенеуніктердің өздері қабылдайтын актілердің сапасына деген жауапкершіліктің артатыны сөзсіз. Мұны Мемлекет басшысы да ескеріп, адам құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты түзетулерді қолға алмақ. Сонымен қатар жерге иелік ету мәселесі де жиында қаралды.

Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осыған байланысты, Негізгі заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы», – деді Президент.

Біршама игі бастама айтылыпты. Дей тұрғанымен, ел аузында мүлде басқа мәселе. Елбасының ерен еңбегіне тәнтілер дүйім жұрттың пәс көңіліне қарамай, Ата заңға өзгертулер енгізбекші болды. Қызды айттым, қыздырмамен ұмытып барады екенмін, Ермек Әбдірасулов басқа мәтінде мәлімдемесін жасап үлгеріпті.

Біріншіден, Конституцияда Тұңғыш Президенттің жаңа мәртебесі бекітілмейді, тек оның тарихи рөлі нақтыланатынын атап өткім келеді. Сонымен бірге, жұмыс тобының бастамасымен Тұңғыш Президенттің өкілеттіктеріне қатысты барлық норма Конституциядан алып тасталады. Осыған сәйкес Тұңғыш Президент – Елбасы туралы конституциялық заң алдағы уақытта күшін жояды, – деді Ермек Әбдірасулов.

Неліктен Елбасына деген соншама өшпенділік халқымызда бар? «Шал, кет!» деген ұранды жалаулатып жүргені қаншама. Елбасы да қазақ халқының бұғанасы қатаюы үшін елімізге еңбегі сіңді. Жұпыны күйінде тұрған елді ауыртпашылық кезеңнен алып шықты. Алайда біздегі биліктің әрекеті Елбасыны қастерлеуге емес, керісінше, жеріндіруге жетелейтіндей… Елімізде бәрі толысып тұрғандай, «Елбасыны әлем мойындады, демек конституцияда ізі қалуы керек» деп айтқаны – есерсоқтық. Конституцияда тек халық, мемлекет, қоғам, заң, мораль постулаттары ғана болуы керек. Мұны ескермей, бір адамның мақсат-мұратын мансұқтағалы тұрғаны – бойында ескі Қазақстанның сарқыншақтары қалып қойғанның төл стилі. Енді мемлекет басшысының алдында бір ғана таңдау тұр. Ол – жұртқа жақпай отырған бір адамның мүддесінен гөрі халықтың үдесінен шыға білу.

Ақсұңқар

Ғалым Смағұлұлының коллажы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: