Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Министрлікті үкімет тыңдайды, ал халықты…

09.09.2021, 12:30 288

Нарық бағасы сәт санап санаға сыятын қалыптан ауып барады. Азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар, тұрғын үй бағасы, ауыл шаруашылығы өнімдері, тағысын тағы қымбаттап жатыр. ҚР Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика  бюросының  мәліметінше Қызыл­орда облысында алғашқы жартыжылдықта бірқатар азық-түлік тауарларының тобы қымбаттаған. Мәселен, жұмыртқа – 13,7, теме­кі өнімдері – 4,4, жармалар – 3,8, мака­рон өнімдері – 3, май – 2,3, ет – 1,4, қант – 0,4, ірімшік пен сүзбе бағасы 0,3 па­йызға жоғарыла­ған. Азық-түлік емес тауарлар тобының да халыққа қолжетімді болып тұрғаны шамалы. Ресми мәліметке сүйенсек, баллондағы сұйы­тылған газ – 7,5%, тұрмыстық құралдар – 1,6%, жанар-жағармай – 0,7%, киім және аяқ киім – 0,5%, фармацевтикалық өнімдер 0,4%-ға қымбаттаған. Ақылы қызмет көрсету тобында баға жолаушылардың әуе көлігіне – 33%, электроэнергия 4,2%-ға өсті.

АЗЫҚ-ТҮЛІК  БАҒАСЫ  9,9  ПАЙЫЗҒА  ӨСКЕН

Жалпы, өткен жылдың көктем мезгілінен бастап қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрғаны рас. Оған коронавирус пандемия­сы салдарынан  шетелден тауар экспорттау­ға тыйым салуы, шекаралардың белгілі бір мерзімге жабылуы, адамдардың шоғыр­лануын шектеу секілді шаралардың әсер еткені анық. Одан қалды, «жалақы өседі», «зейнетақы көбейеді» дегенді естігеннен халық­тың жиі тұтынатын тауарларының құны шарықтап шыға келеді. Бұған арнайы шара ұйымдастырылып, рейд жүргізілсе де, «баяғы  жартас – сол жартас».

Хош. Бүрсігүні министрлер кабинетін түгел жинаған Үкімет сағатында біраз мәселе майшаммен қаралды. Яғни, әлеуметтік маңызды тауарлар мен қызметтер бағасын төмендету ұсынылды. Дәл қазіргі сәтте мінберден түспейтін мәселенің көшін азық-түлік тауарларының бағасы бастап тұр. Бұл сөзімізге тұздық іздеп керегі жоқ, себебі ашықтан-ашық, қоғам алдында тұрған жайт – осы. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 9,9 пайызға өскен. Қазанға түсетін азық-түліктің дәл бұлай қымбаттауының себебін ашып айтпаса да, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев ресми түрде мәлімдеді. Өкініштісі сол, қымбатшылық жайлаған аймақтардың алдыңғы қатарында Қызылорда облысының да аты аталды.

– Бағаның ең жоғары өсімі Түркістан (11,6%), Қызылорда (11,3%) және Қостанай (11,3%) облыстарында тіркелді. Ең төменгі өсім 9,5%-бен Алматы қаласында, 9,6-бен Алматы облысында және 9,7%-бен Қарағанды облысында анықталған, – деді Е.Қазанбаев ҚР Премьер-министрі Асқар  Маминнің  төрағалығымен өткен  Үкімет  отырысында.

Айта кетейік, сауда желілерінің әлеуметтік азық-түлік тауарларына сауда үстемеақысын 15 пайыздан асырғандығы бойынша 25 дерек анықталған. Ал бағаны тұрақтан­дыру үшін тұрақтандыру қорларының жұмы­сын  жүйелеу  керек.

– Бағаны тұрақтандыру үшін, ең алдымен, болжам негізінде бағаның ең көп өсуі күтілетін тауарлардың нақты түрлерін сатып алу үшін тұрақтандыру қорларының жұмыс принципін қайта қарау қажет. Маусымаралық кезеңде (қаңтардан мамырға дейін) өңірлердің тұрақтандыру қорларында картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз бойынша қала халқы, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майы бойынша бүкіл халық қажеттілігінің  30%-ы көлемінде 5 айлық қор қалыптастыру ұсынылады, – деді ауыл шаруашылығы бірінші  вице-министрі  А.Сапаров.

ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ   НЕГЕ  ҚЫМБАТТАДЫ?

Қазақстан жерасты «байлығын» жер үстіне шығарып игерудің техно­логиялық тәсілдерін толық игермеген десек болады. Оған дәлел шетел­дік инвесторларға тәуелділігіміз. Әсіресе мұнай саласын игеруде өзгелерге жол беруге мәжбүрміз, қалған жоспарымыз – «болмасаң да ұқсап бақ» дегеннің әрекеті. ҚР Энерге­тика министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы республика көлемінде 85,7 млн тонна мұнай өндірілген, бұл жоспар 2021 жылы 85,3 млн тоннаны құрауы мүмкін. Ал «қара алтынды» өңдеуге келсек, биылғы жоспар – 17 млн тонна. Бұл өткен жылмен салыстыр­ғанда 1,2 млн тоннаға артық. Жер­асты қойнауының байлығын игеріп отырсақ та елдегі жанар-жағармай қымбатшылығы тыйылар емес. Жалпы, елдегі тұтынушылық нарықтағы бағаның өсуі бұл салаға да өз есерін тигізбей қоймады. Салдарынан жанар-жағармай 15  пайызға  қымбаттаған.

Жалпы, республикада бензин бағасының төмендеуі орта есеппен 3%-ды  құрады.

– Жанар-жағармай бағасы бо­йын­ша бүгінгі таңда «АИ-92» маркалы бензинді сату нарығында тұрақтылық байқалады. Ірі желі­лердің сату бағасы 175 тг/л аспайды. Агенттік өңірлік дизель отынын бөлшек саудада өткі­зушілерге 19 хабарлама және 4 ірі желіге: «Газпромнефть-Казахстан» ЖШС, «Petro retail» ЖШС, «Си­ноил» ЖШС, «Гелиос» ЖШС шығарды. Барлық хабарламалар орындалды. Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап дизель отынына акциз 540-тан 9300 тг/т дейін өскенін атап  өткен  жөн.  Бұл  баға  орта  есеппен  литріне  8  теңгеге де­йін  әсерін тигізеді, – деп мәлімдеді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту  агенттігінің  төрағасы  Серік  Жұман­ғарин.

ТҰРҒЫН  ҮЙ  БАҒАСЫНЫҢ ТӨМЕНДЕГЕНІ  РАС  ПА?

Инфляцияға қарсы бағаны реттеу жөніндегі Үкіметтің кезекті отырысында бұдан өзге тұрғын үй нарығындағы баға қаралды. Жыл басынан бері құрылысқа қажетті материалдардың бағасы 25 пайызға өскен. Агенттік төрағасының айтуынша, құрылыс материалдары бағасының шарық­тауы сыртқы нарықтардағы бағаға негізделген. Бұл өзгерістер арматура, кабель, профлист, шыны секілді тауар­лар құнына әсер етті. Бағаны көтерудің негізділігін қарау мақ­сатында құрылыс материалдарының  25 түрі бойынша құрылыс материалдары нарықтарындағы бә­секелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіл­уде.

Құрылыс жұмыстарына қажетті тауар бағасы өскен соң, тұрғын үй құны да уақыт өткен сайын сау­даласуға мүмкіндік бермей тұр. Ал ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы бүгінде бастапқы тұрғын үйге бағалар 3%-дан 0,4%-ға дейін, сондай-ақ, қайта­лама тұрғын үйге 5%-дан 1,1%-ға дейін төмендегенін айтып әлек. Оған Үкімет сенгенімен, елдің құлақ асуы екіталай.

Сонымен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, жанар-жағармай және құрылыс материалдары нарық­тарынан басқа, ұялы байланыс, интернет қызметтері, дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, зертхана қызметтері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, домофондар, лифт, басқарушы компаниялар, биллингтік қызметтер нарықтары бойынша тексеру іс-шараларының жаңа кешені басталғаны айтылды. Баға негіздері бойынша тиісті шара­лар жүзеге асырылатын болады. Әліптің  артын  бағайық…

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: