Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«МИНИСТРЛІК – МЕҢІРЕУ ЕМЕС» немесе еліміздің бас агрономы неге келді?

20.04.2023, 12:20 393

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп айтқаны бар еді. Дегенмен, есті сөз айтылғанымен, жөнді іс атқарылды ма? Бұны осы салада жүрген саңлақтардан артық ешкім біле қоймас. Міне, осы ауыл шаруашылығының жай-жапсарын талқылау үшін Сыр өңіріне ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев келді. Ведомство басшысы есеп беруге келді ме, өткір мәселені шешуге келді ме? Бұл, әрине, жұмбақ күйінде қалмақ. Алайда сайлаудан кейін өз «тағын» сақтап қалған министрдің бірі – Ербол Шырақбайұлы. Демек, президент үміт артқан, әлі айтары мен жасары бар сала маманы болды ғой. Ендеше, жиындағы жайттарға тоқталайық.

Жиынның алғы сөзін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастады. Ол Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында жетістігіміз ұшан-теңіз деп ведомство басшысына ағынан жарылып, алғысын білдірді.

– Соңғы  жылдары  болған  су тапшылығына қарамастан, Сыр диқандары Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында егіннен мол өнім алып, салада өсім динамикасы қалыптасты. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі өткен жылдың қорытындысымен 6,3 пайызға артты. 2022 жылы ауыл шаруашылығының негізгі қорына 9,9 миллиард теңге инвестиция салынып, 2021 жылмен салыстырғанда 8%-ға артты. Биылғы қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда  13,2%-ға өсті.  Өткен жылы саланы субсидиялауға 11,9 миллиард теңге қаржы бөлінсе, биыл 13,8 миллиард теңге қаралды. Сыр диқандары 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын  егуді  жоспарлап  отыр. Оның  ішінде негізгі  дақыл – күріш көлемі  83,9  мың  гектар көлемінде  межеленген, – деді  облыс  әкімі.

Сондай-ақ, өткен жылмен салыс­тырғанда облыста жалпы егіс көлемі 7 мың гектарға ұлғаяды. Оның ішінде күрішті 5,3 мың, малазықтық дақылдарды 2,3 мың, картоп, көкөніс, бақша егісін 222 гектарға арттыру көзделуде. Вегетация кезеңіне су лимиті белгіленгеннен кейін егістің көлемі нақтыланады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ең басты мәселе – су тапшылығы. Осы өзекті мәселені ескере отырып, ауыл шаруашылығын әртараптан­дыру үшін кейінгі екі жылда облыста күріш көлемі 11 мың гектарға дейін қысқартылды. Орнына суды аз қажет ететін дақылдар 17,1 мың гектарға ұлғайтылды. Бұған қоса, былтыр мың гектарға су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы егін егілді. Биыл 667 гектарға қолданылатын болады. 2030 жылға дейін оның көлемін 17,2 мың гектарға жеткізу жоспарда тұр. Биыл Украина ғалымдарымен тәжірибе ретінде демонстрациялық алқапқа әртараптандыру бағытындағы дақылдарды егу қолға алынды. Бүгінгі көктемгі дала жұмыстары мен егін егу науқаны кестеге сай жүруде. Диқандар тұқым, тыңайтқыш, техника және жанар-жағармаймен толық қамтылған  екен.

Ауыл шаруашылығы министрі кәсіпкерлердің сауалын тыңдамас бұрын биылғы субсидиялаудың ереже­сімен таныстырып, бірқатар мәселеге халық айтпас бұрын тоқ­талып  кетті.

– Ең алдымен, сіздерді экономиканың аграрлық секторындағы жағдайы­мен хабардар етуді жөн көрдім. Өткен жылы агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы өнімінің өсу қарқыны 9,1 пайыз­ды құрады. Еліміз бойынша экспорт көлемі 46 пайызға өсті. Оның ішінде, өңделген өнеркәсіптің көлемі 64 па­йызға өсіп отыр. Сондай-ақ, ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауылдық аумақтарды дамыту бағытында нәтижелі жұмыс­тар атқарылып келеді. Бұл мақсатта арнайы тұжырымдама қабылданды. Ол ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымын жақсартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға және оларды кооперациялауға, жергі­лікті тұрғындардың іскерлік белсен­ділігін арттыруға бағытталған. Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде алдағы уақытта арнайы «Ауыл аманаты» бағдарламасы қолға алынады. Осы бағытта биылғы жылы Қызыл­орда облысына 3 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл 600 қаржы микрокредиттер беру, 636  жұмыс орнын құруға қарал­ған, – деді ауыл шаруашылығы ми­нистрі  Ербол  Қарашөкеев.

Бұдан бөлек, әлеуметтік-кәсіпкерлік кооперациясы арқылы агро­өнеркәсіп кешені саласындағы ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды іске асыру ойластырылуда. Осы мақсатта Солтүстік Қазақстан облысының тауарлы-сүт фермаларының оң тәжірибесін еліміздің өзге өңірлеріне тарату жоспарланып отыр екен. Министр осы кәсіп қалай басталғанын баяндап, бүгінгі күні тек тауарлы-сүт фермаларына 100 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бұл сүт өндіруі көлемін кемінде 373 мың тоннаға  артыруға  мүмкіндік  береді.

Ведомство басшысының айтуынша, егін науқаны сәтті өту үшін 140 миллиард теңге қаралған екен. Бұл мақсатта Қызылорда облысына  2,2 миллиард теңге жұмсалады. Сыр өңіріне көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 12,1 мың тонна арзандатылған  жанармай  бөлінген.

Айта кету керек, Ербол Қара­шөкеев өңір тұрғындарын толған­дыратын мәселеге бөлек тоқталып өтті. Бұл – ауыл шаруашылығындағы сергелдеңге салған субсидия мәселесі. Біршама талқылау мен қолданушылардың пікірін ескеріп, субсидиялаудың қолданыстағы негізгі нұсқасы  қалады  деп  шешіліпті.

«Министрлік – меңіреу емес» деген­ді келтіріп, халықты алаңдатып отырған жер мәселесін де министр қозғап  өтті.

– Тәуелсіздік жылдарында Қызыл­орда облысының жеке шаруа қожалықтарының мал саны бірнеше есеге артты. Ал жер көлемінің аздығынан мәселе туындады. Қолданыстағы жалпыға ортақ жайылым тиімсіз пайдаланылады. Қазір осы бағытта жұмыс істелуде. Жалпы, Қызылорда облысы бойынша өткен жылы 157,3 мың гектар жер мемлекет құзырына қайтарылды. Президент тапсырмасымен былтыр осындай мақсатпен қайтарылған жер 5 миллион гектарды құрайды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, дәл сондай көлемде жерді қайтару жоспарланып отыр. Олардың барлығы халықтың игілігіне беріледі, – деді  ол.

Ал, жайылымдық жерлерді пайдалануда тиісті ережелерді қатаң сақтау керек екені жиында айтылды. Ол үшін жауапкершілік жергілікті әкімдіктерге  жүктелмек.

– Сыр өңірінде бұл өзекті екені сөзсіз. Бастысы, жер үлесі иелерінің мүддесін заңды тұрғыдан қорғауға көңіл бөлініп отыр. Осы орайда қазір арнайы комиссия түйткілдерді шешумен айналысып жатыр. Ол қолданыс­тағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етеді. Соның нәтижесінде жиналысты өткізу мерзімін белгілеу, жерді кепілге беру кезінде ортақ үлестегі меншіктің барлық қатысушыларының нотариалды келісімін міндетті түрде алу талап етіледі. Жер үлесі иелерінің құқықтарын сақтау, бақылау жөніндегі жер ресурстарын басқару комите­тінің құзыретін кеңейту және ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына қатысты әкімшілік жауап­кершілік енгізу нормалары  қа­растырылуда, – деді Ербол Шырақ­байұлы.

Министрдің ойынша, алдағы уақытта аграрлық ғылым жүйесін жетілдіру міндеті тұр екен. Бұл тұста Қызылордада күріш ғылыми-зерттеу институты бар. Оған министрлікпен қатар жергілікті әкімдіктерді акцио­нер ретінде кіргізуге ұсыныс енгізілуде. Жыл сайын зар қақсатқан су тапшылығы мәселесі бірізге түспей тұр. Сол себепті ауыл шаруашылығы министрі суды тиімді пайдалануға кірісу  керек  екенін  жеткізді.

– Мәселен, күріш шаруашылығында жаңа технологияларды пайдалану қажет. АҚШ-та кейбір дақылдарға жаңбырлатып суару әдісі қолданылады. Министрлік өз тарапынан транс­шекаралық өзендер суын әділ түрде бөлу жөнінде тиісті іс-шараларды қолға алып келеді. Алайда, қолда бар суды үнемді пайдалану, суды көп қажет ететін дақылдар көлемін кезең-кезеңі­мен қысқарту, әртараптан­дыру жұмыстарын жолға қою табанды еңбекке байланысты. Қолда бардың қадірін білейік, – деді ведомство  басшысы.

Министр айтарын айтып болса, жиналған қауымның сауалдарына тоқталып өтейік. Жазулы тұрған хаттай қылып оқығанмен, оның іс жүзіндегі көрінісін кәсіпкерлер ғана біледі десек, артық айтқанымыз болмас. Оларды нендей мәселе алаңдатып отыр?

– Ауыл шаруашылығын дамыту үшін жастарды тарту қажет. Қазіргі таңда шаруашылықтарда жұмыс істеп жатқан механизаторлардың орта жасы 50-ден асып кетті. Біз осы мәселені тез арада қолға алуымыз керек. Әйтпесе 10 жылдан кейін ауыл шаруашылық саласында жұмыс істейтін маман қалмайды, – деді «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев.

Бұл сауалға Ербол Қарашөкеев былайша  жауап  қайырды.

– Ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту – қай өңірде де өзекті мәселе. Бұл проблеманы әрбір шаруашылық өзінің есебінен шешуге мүмкіндік тап­қаны да жақсы. Ол үшін ауыл жастарына жоғары оқу орындарында білім алуына арнайы гранттар тағайын­дауға көңіл бөлгені артық емес. Яки жастардың ауылға қайтып келіп, осы салада еңбек ету үшін мектеп кезінен машықтап, студент шағында стипендия қарастырғаны абзал. Еліміздің кейбір өңірлерінде мұндай оң тәжірибе кездеседі, – деді  министр.

Сонымен қатар, жиынға облыс­тың ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, қала және аудан әкімдері бейнеконференция арқылы қатыс­ты. Сондағы ең көп қаузалған мәселе – субсидия. Өйткені мемлекеттен берілетін субсидия мардымсыз. Жеткіліксіз болғаны соншалық шаруа­шылықтарда жоғары сұрыпты күріш тұқымы  азайып  кеткен.

– Сатып алған тұқымның көлеміне бірінші репродукцияға 40 пайыз субсидия берілсе. Мәселен, «Элитаға» 30 пайыз берілсе, бұған дейін ережеде жалпы  егілетін көлемнің 10 пайызы­ның ішіндегі  50 па­йы­зына кететін тұқымды ғана субсидиялады. Ол мардымсыз, – деді «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы  Әліби  Бекжанов.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сыр өңіріне сапары барысында Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылындағы көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын көріп, республика көлемінде өтетін ауылды дамыту тақырыбындағы семинарға дайындық мәселесін пысықтады. Жалпы, министр келді, кетті деген кездесу ме? Оны уақыт көрсетеді. Десе де, Ербол Қарашөкеев елдің қамы үшін болмаса да, «тағы» үшін жанталасар деген үміт  бар.

Азамат  САМАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: