Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Медицинадағы мән мен мін: үздіккен үміт үзілмесін

06.06.2024, 12:00 812

Елдің  ертеңі  бүтін  бір  халықпен  тығыз байланысты. Демек, ел мен халық – бір ұғым. Олай болса, денсаулығы мықты, саламатты елдің болашағы да мығым болары даусыз. Бірақ, денсаулыққа келгенде кім-кімнің болмасын, дегбірі қашады. Себебі, бұл салаға бірінің көңілі толса, енді бірінің өкпесі қара қазандай. Тұрақты емін алып, ауруынан айыққандардың жаудырған алғысы да, кей науқастың айтатын өз назы да бар. Тіпті, біліксіздіктен өмірден озғандарды, жүйкесі тозғандарды да көрдік. Ал медициналық колледжде маман даярлау ісі қандай? Өндірістік тәжірибені өнімді өткізе ме? Әлде өтірік пе? Көп көкейіндегі сұраққа жауап іздеуді жөн көрдік. Салмақты саладағы сапа мен салғырттықты саралайық.

КАДР  ТАПШЫЛЫҒЫ  ҚАЙТСЕ  РЕТТЕЛМЕК?

Медицина  мамандарының  тапшылығы – мән  беретін  мәселе. Бұл – бүгін ғана емес, бұрыннан қаузалған әңгіме әрі талқы. Дәрігерлерге әлеуметтік жағдайдың жасалмауы басты себептің бірі болған. Содан болар дертіне дауа табуға тырысқандар білікті дәрігерді қоса іздеуге мәжбүр. Өйткені көбі жеке клиникаға қызметке орналасқан соң, ақылы ем алудан басқа амал қалмайды. Ал бұл – жалақыға әупірімдеп жететін жұрттың қалтасына салмақ. Өткен жылы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде 8 мыңнан аса медициналық маман­ның  жетіспейтінін  мәлімдеді.

– Денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20-30%-ға артып отыр. Бұл медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғауда өте үлкен маңызға ие. Алайда салада медициналық кадрдың тапшылығы бар. Біздің мәлімет бойынша денсаулық сақтау саласында 8 мыңнан аса кадр тапшы. Бұл тенденция соңғы жылдары байқалып отыр. Оның саны артып та келеді. Кадрларды сақтап, оларға жағдай  жасау  бойынша  бірқатар  ұсыныс  болды.

«Медицина  мамандығына кадр тарту үшін қосымша  қандай іс-әрекет  жасауға болады?  Қандай  заңға  өзгеріс  енгізіп, қандай норма қабылдауға  болады?» деген мәселелерді қарау керек. Себебі, медицина  кадрларының  жетіспеушілігі – өте өзекті проблема. Соңғы жыл­дары  қарқынды  өсу  болған жоқ. Қазір нақты шешім қабыл­дауды қажет ететін жағдай туындап отыр. Оларды әзірлеп, Үкіметпен бірлесіп  жүзеге  асырамыз, – деді  ол.

Расымен, мәселеге дереу ден қойып, тиісті шешім шықпаса, тапшылықтың түйіні тарқамайды. Сондықтан, ұтымды ұсыныс та айтылып, жүйелі жұмыс қолға алынып-ақ жүр. Бірақ бұл қадр тапшылығын қаншалықты реттейтіні  белгісіз.  Аймағымызда  да  кей медициналық  маманның  жетіспеушілігі байқалады. Қазіргі таңда облыс­та 2518  дәрігер  және  9988 орта  буынды  маман  қызмет   етеді. Өткен  жылы  58  жас  маман  жұмысқа  орналасып,  олардың  55,1%-ы елді  мекендерге  жолданған. Бұл  туралы  облыстық  денсаулық  сақтау  басқармасымен   байланысып,   сұрап  білдік.

– Аудан орталықтарында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде және денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативіне өзгерістер енгізіліп, 2023 жылы 4 ауданаралық аурухана көпбейінді орталық аудандық аурухана болып қайта құрылды. Осыған орай, дәрігерлер жетіспеушілігі да артып, өткен жылы  тапшылық 137-ні құрады. Жалпы  тапшы 137  маманның  44,5%-ы  аудандарға  тиесілі.

Дәрігерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылдан бастап өңірге аса қажет­ті медицина мамандықтары бойынша  155 рези­дентке облыс әкімінің гранты тағайындалса, 2017-2021 жылдар аралығында сұранысқа ие «Жалпы медицина» мамандығы бойынша облыс әкімінің  162  гранты  бөлінді.

Сондай-ақ, мамандар тапшылығын азайту мақсатында медицина ұйымдары өз қаражаты есебінен жоғары медициналық оқу орындарында 6 резидент оқытуда. Бұл іс-шаралар өз кезегінде маман тапшылығын азайтуға мүмкіндік беретін болады, – деді  жауапты  маман  Д.Сарманова.

 Иә, мұндай сәтте қол қусырып қарап отыруға болмайды. Тиісті шешім қабылданса, алаң көңілдің аптығы да басылады. Әйтпесе, Қызылорда қаласы­ның өзінде 45 маманның жетіспеушілігі ойлантарлық жайт болған. Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті дәрігер үлесін арттырып, білікті маманның қатарын толықтыру мақсатында жұмысты жүйеледі. Әрине, бюджеттен бөлінген ақшаның талан-таражға түспей, халық игілігіне жарағаны көңіл қуантады. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 88 млн теңге қарастырылып, 590 дәрігер және 738 орта буынды медицина қызметкері білімін жетілдірген. Басымдық ана мен бала денсаулығын қорғауға бөлінді. Еміне шипа іздеген көпшілік ақ халаттының ісіне мығым болғанын қалайды. Диагноз қоюдан бастап, тексеру мен ем жүргізу салғырттықты кешірмейді һәм көтермейді. Демек, бас мамандардың шетелдік тәжірибе жинағаны артық емес. Осы ретте 5 дәрігер біліктілігін Түркия мен Ресейдің жетекші  клиникасында  жетілдірді.

ДЕНДЕГЕН  ДЕРТТІҢ  ДЕҢГЕЙІ  немесе КЕЗЕКТЕГІ  КИКІЛЖІҢ

Аурудың жасты талғамайтыны, мезгіл таңдамайтыны көпке аян. Айтып келмейтін аурудың сүлесоқ күйге түсіріп, құр сүлдерді қалдыруы бір-ақ сәт. Ес білетін ересекті айтпағанда бала ауырып, шырқыраса, шыбын жанның көзге көрінетіні рас. Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының мәліметіне сәйкес, өткен жылы ересектер арасындағы аурушаңдық көрсеткіші 44798,4 құраған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда бір деңгейде. Ал, жасөспірімдерде аурушаңдық көрсеткіші  53425,6 болса, балалар арасында 58848,2 -ні құраған. Әсіресе, балаға қатысты көрсеткіш 1  жылда 2,7 %-ға  жоғарылаған.

Денсаулық – әр адамның һәм тұтас қоғамның басты байлығы. Өйткені, адамның бойын ауру меңдесе, жаны жүдеп, әлі кетіп, қайта қан жүгіруі қиын болады. Жыл сайын өршитін ауру адамды сарсаңға салатыны ақиқат. Оған туберкулез де, қызылша ауруы да, тәжді вирус та мысал. Өткен жылғы аурушаңдық көрсеткішінің құрылымына тоқталсақ, тыныс алу жүйесі аурулары 1-орында болған. Ал ас қорыту және зәр шығару жүйесі аурула­ры  өршіген  дерт  қатарында.

Иә, соңғы жылдары салада серпін бары байқалады. Дей тұрғанмен, бұл тұрғындардың талап-­тілегі жоқ деген сөз емес. Кей мәселеде әлі де кіжініс барын мойындау керек. Облыстық денсау­лық сақтау саласына осы жылдың 1-тоқсанында түскен өтініштер саны – 941. Оның ішінде басқарма басшысының және орынбасарларының жеке қабылдауына түскен өтініштер – 99. Ал шағым мен өтініштің басым бөлігі медициналық қызметтің сапасына, мүгедектік тағайындау және тобын күшейтуге, амбулаторлы деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен  қамтамасыз  етуге  байланысты.

Шағым демекші, бұрын кезекке қатысты сын  жиі айтылатын. Сай-сүйегі сырқырап, шыбын жаны шырқыраған жұрттың қызыл кеңірдек болатыны тағы бар. Өйтпегенде ше?! Тіркеуден өтіп, кезекке тұрып, жолдама алып, қажетті дәрігерді табамын дегенше ауруын ұмытып яки асқынып кеткенде аһ ұрады. Сондықтан, электрондық кезек енгізілген еді. Диспансерлік есепте тұратын пациенттер Google Play немесе AppStore-дан «Damumed» қосымшасын жүктей алады.  Осылайша, өзіне қолайлы уақытта дәрігердің қабылдауына жазылу және дәрігерді үйге шақыру мүмкіндігіне ие болады. Бірақ, цифрландыру нәтижесінен көрген бұл сыйдың игілігіне ие болған да, жалған деректен жаға ұстаған да бар.

– «Damumed»-тің артықшылығы мен кемшін тұсы бар. Мәселен, анализ жинақталып, дайын тұрады. Кенеттен керек болса, бірден шығарып алуға мүмкіндік бар. Көбіне шикілік жазылу бары­сында болады. Арнайы маманға жазылу үшін апталап, айлап күтуге тура келеді. Егер мезетінде бармасаң, тағы жұрт соңында қаласың. Тіпті, қосым­шадағы кей дерекке көзің түскенде, таңғалмасқа амал қалмайды. Дәрігерге тексеріліп, ол ем тағайындап, диагноз қойыпты. Бұдан өзім бейхабармын. Мұндайда қуанышымыз көпке созылмағанын түсінеміз, – дейді А.Сапарқызы.

Әрине, мобильді қосымшаның қағазбасты­лықтан арылтқаны жасырын емес. Десе де, «Damumed»-тің  дамуындағы тежеу емделушіге тұсау болатыны анық. Сондықтан кемшілік неғұрлым тез реттелсе, соғұрлым кезектегі кикілжің де азаяр. Жөнді жүйе – сырқаты сыр беріп, кезегін тағатсыздана тосқандар үшін тиімді мүмкіндік.

БҰҚАРА  БАЗЫНАСЫ:  БАРАР  ЖЕР,  БАСАР  ТАУ  ТАБЫЛДЫ  МА?

Денсаулығына селқос қарап, тәуіпке бармай «тәуір болады» деп, дәрігерге көрінбей «жазылады ғой» деп жүргендер некен-саяқ. Сырқат сырт айналамын дегенше маза қашып, береке кетеді. Сол себепті көпшілік халық медицинасына да, заманауи емге де жүгінуге әзір. Әйтеуір ем табылса деген ниет. Кейде күрделі отаны қажет ететін кездер болады. Мұндайда білікті маман табыл­ғанымен, медициналық құрылғының жоқтығынан «әттеген-ай» деп қаламыз. Сөйтіп, көбі қала шарлап, шетел асып кетеді. Облыста бұл жұмыстың орайы табылған. Бюджеттен бөлінген  қаржының  қажетті жұмсалуы жоқты түгендеуге сеп болуда. Мәселен, 2022 жылы медициналық бұйымдар сатып алуға жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 1 523,9 мың теңге қаржы бөлініп, өңіріміздегі медициналық ұйымдар компьютерлік томограф, видеоэндоскопиялық жүйе, диагностикалық стационарлық цифрлық флюрограф, маммография­лық рентген жүйесі, пациент мониторы, шприц сорғысы, радиографиялық рентген жүйесі медициналық  құрылғысымен  қамтамасыз  етілді.

Ал өткен жылы денсаулық сақтау ұйым­дарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтама­сыз ету үшін бөлінген қаражат негізінде 560 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынған. Нәтижесінде жабдықталу деңгейі жоғарылаған. Атап айтқанда, МРТ аппараты, функцио­налдық кереуеттер, жылжымалы рентген аппаратты, ультрадыбыстық зерттеу аппараты, отоакустикалық эмиссия, өкпені жасанды демалдыру  аппаратымен  толықты.

Бұдан бөлек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы негізінде облыстағы Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханалары «аудандық көпбейінді орталық ауру­ханасы» болып қайта құрылды. Осыған байланысты, кейбір жетіспейтін медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 69 дана медициналық құрылғы сатып алынды. Оның ішінде сараптамалық сыныптағы УДЗ аппараты, реанимация, операция бөлімшелеріне арналған жабдықтар, нейрохирургиялық жинақ, видео­гастроскоп, фибробронхоскоп, вертикализатор аппараттары  бар.

Денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бағдарлы түрде орындалып-ақ жатыр. Медициналық мекеме­лердің қажетті жабдықпен қамтамасыз етілуі көңілдегі күмәнді сейілтеді. Биыл да «Әр азаматқа сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде қаржы қаралып, құрылғы сатып алу ісі жалғасуда. Сонымен қатар, өңірімізде күрделі отаны енгізу жұмыстары қарқынды дамуда. Өткен жылдан бері хирургия­лық сала бойынша 14 шеберлік сағаты өткі­зіліп, 21 түрлі ота жаңадан енгізілсе, араға 9 жыл салып бүйрек трансплантациясы отасы жасалды. Екі шеберлік  сағаты шетел мамандарын тарту­мен  өткізілді.

Расымен, әр өңірдің медицинасы құрылғылармен толықса игі. Сонда «бармаған жерім, баспаған тауым қалмады» деп, еміне шипа таба алмай, санасы сан-саққа жүгіріп, өзге елге барып ем қабылдауға мәжбүр  болатын  науқастардың көңілі  жайланушы  еді.

МЕДКОЛЛЕДЖ:  СТУДЕНТТЕР  СЕҢДЕЛІП  ЖҮР  МЕ?

Ақ  халатты  атанып,  антқа берік болу үшін жа­уапкер­шілік  керек. Саулыққа  салғырт  қара­мау – әр маман арқалаған ауыр жүк. Соңғы уақытта әлеуметтік желідегі бейне үзінділер меди­цина мамандар­ына сенімсіздік туғызды. Яғни, өндіріс­тік тәжірибеден өтіп жүрген студент­тер «су тасып, тазалық жүргізсе, емдеу жұмысын қайдан үйренеді?» деген сауал туын­дады. Осы ретте Қызыл­орда  медициналық  жоғары колледжіне барып, сұрақты  төтесінен қойдық. Оқу орнында 9 маман­дыққа лицензия бар. Жалпы білім алушылар саны – 2784. Оның ішінде өндірістік тәжірибеден  өтетін  студент  саны  2298   екен.

– 2-курс студенттері 1 маусымнан бастап өнді­рістік тәжірибеден өтіп жатыр. Ал 3-4-курс қыс және жаз айында барады. 2-курсқа практика мерзімі – 144 сағат, ал 4 курсқа 360 сағатты құрайды. 2-курс студенттерінің алғашқы практикасы болғандықтан, барлығын жинап, түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Колледжден және емдеу мекемесінен жетекші тағайындалатынын, күнделік, есеп, мінездеме жайында айтамыз. Көбіне емдеу мекемесінде бас мейіргер жауапты болса, кей ауруханада студенттерге жетекші орынбасар болады.

2-курс өндірістік тәжірибені тақырып негізінде науқасқа күтім жасау бойынша өтеді. Яғни, айналадағы қауіпсіздік жағдайдан бастап, қолай­лы орта қалыптастырады. Дезинфекцияның да механикалық, биологиялық және химиялық сынды түрлері бар. Алдымен кереует айналасын, шкафты сүрту, терезені тазартумен айналысады. Аптасына бір рет қорытынды дезинфекция да жасайды. Студенттер  осыны түсінбейтіні рас. Біз екпе  салуға  барсақ, шаң сүрткізіп қойды дейді. Ал негізі жұмыс содан басталады. Бұл – тікелей мейірбикелердің жұмысы. Олар еден жуып емес, дезинфекция жүргізеді. Кез келген дәрігер, мейірбике, жалпы медицина қызметкерлері осы кезеңнен өткен. Мединститутта да практика осылай өтеді. Ал инъекция жасауды 3-курста үйре­неді. Колледжде симуляциялық кабинет бар. Қол, жамбас, бұлшықет, көктамырға арналған арнайы муляж бар. Соған шприцпен екпе салуды үйретеміз. Кейін оны практика барысында да меңгереді. Бірақ сөйте тұра емдеу мекемесіне енді барған практикантқа науқасқа инъекция жасатпайды. Өйткені, кейбір науқас практикант жібергенін қаламайды. Ал қабілетін көрсетіп, білімін байқатқан студенттер екпе де салып, система қою жұмысына қатысуға мүмкіндігі бар, – дейді директор­дың іс-тәжірибе жөніндегі орынбасары Айгүл  Сейітова.

Мұнда студенттерді емхана мен ауруханаға өндірістік тәжірибеден өту үшін автоматты түрде бөледі екен. Жауапты маманның айтуынша, егер әрқайсысын тұрғылықты мекенжайы арқылы жіберсе, ажиотаж болады. Өйткені, студент саны көп. Бұл 2-3 айлық жұмысты қажет ететін көрінеді. Тек шақырым тым алыс болып кетсе, студенттің немесе куратордың, ата-ананың өтінішімен ауыстырады. Ал аудандарға 20-30, кей ауданға 7-8 студент  барады  екен.

– Колледждің мақсаты – тек білім беру ғана емес, мамандыққа тәрбиелеу. Оқу орнында қалып­тасқан дағды мен тәртіп қызметке орналасқанда да керек. Өндірістік тәжірибеге жіберу үшін емдеу мекемесімен екіжақты келісімшарт бар. Сол нұсқаулық ішінде қоғамдық іс-шараға белсене қатысу қажеттігі жазылған. Мәселен, студенттің мерекелік іс-шараның өтуіне атсалысып, сенбілікте жүруі де маңызды. Өйткені, болашақта жұмысқа орналасса да осыны істейді. Демек, студенттер ерте бейімделеді. Өндірістік тәжірибе бойынша талап пен тәртіп қатаң. Емдеу мекемесіндегі жетекшімен тікелей байланысып, колледждегі әдіскер барып, бақылау жасайды. Егер студент бір күн бармай қалғанның өзінде ескерту жасалып, кураторымен сөйлесеміз. Жағдай күрделен­се,  ата-анасын да  шақырамыз, – дейді А.Сейітова.

Иә, оқу орны олқылыққа жол бермейтін тәрізді. Студенттер  алғашқы  тәжірибе  бары­сында  науқас  күтіміне мән береді деуі де шындық. Содан болар, «психология және коммуникативтік дағдылар» арнайы пәні  арқылы білім алушыларға нау­қаспен және ұжымдағы әріп­тестермен байланыс орнатуды үйретеді. Бұл ретте  облыстық тері-вене­рологиялық диспансеріне барып, медколледж студенттерінің тәжірибеден қалай өтетініне көз жеткіздік. Уақыт қарбалас, жұмыс  тығыз болса да, студенттерді қадағалау жұмысы  жүйелі.

– Медицина маманы болу оңай емес. Маман­дықты меңгеріп, білімді игеру үшін тәртіп пен жауап­кершілік қажет. Студенттер колледжде тео­рия өтіп, бізден тәжірибе  алмасады. Кей топтан  12 студент келсе, енді бірде бір группаны 2-ге неме­се 3-ке бөліп жібереді. Оларға жауапты маман – мен. Алғашқы күні оларға аурухананы таныс­тырып, ішкі тәртібін түсіндіремін. Сосын әр бөлімшеге бөліп, бөлім басшысына тапсырамын. Форманың болуы, уақытылы келуі бәрі назарда. Студенттер екі ауысымға бөлініп келеді. Сонда ғана бір-бірімен қабаттаспай, тәжірибе алуына тиімді болмақ. Әрине, сылтау айтатын студент барын жасырмаймыз. Бірақ, үйренуге құштар, білсем деп тұратын студент өте көп. Олар тіпті осындағы қызметкермен қатар жұмысқа кірісіп, ұжыммен  тез  араласып  кетеді.

Енді өндірістік тәжірибенің өту барысына тоқталайын. Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды міндетті түрде сақтаймыз. Сол бойын­ша күнделікті дезинфекциялық ерітінділермен таза­лық жасаймыз. Арнайы ерітінділер бір бөлмеде дайындалады. Оны кабинетке шелекпен әкеле­міз. Соны көбі студенттер шелекпен су тасып жүр деп ойлайды. Науқасқа күтім жасау, инъекция жүргізу, бөлменің тазалығына дейін біздің жұмысымыз. Ауруханаішілік инфекцияның алдын алу маңызды. Сол үшін шаң сүртетін шүберекке дейін таңбалаймыз. Тоңазытқыш сүртетін шүберекпен есікті сүртпейміз. Сондықтан алғаш тәжірибеден өткен студент мұның бәрін білуі керек. Ал енді ғана келген студенттің қолына шприц беріп, екпе салдыра алмаймыз. Ол 3-курстың кезінде жүзеге асады. Оған да мұқият болған ләзім. Алдымен қолды жуып, «қандай дәрі салып жатырсың?», «оның жарамдылық мерзімі қандай?», «дәрігердің нұсқаулығыңа қарадың ба?». Соның бәріне назар аударыңдар деп үйретемін. Ал оған дейін студент тазалықтан бастап, құжат толтыруға дейін барлық жұмысқа жауапкершілікпен қарауы керек, – дейді бас  мейіргер  Жанат  Жұматаева.

Шындығында, байыбына бармай, байбалам салу да бұрыс. Емделушіге екпе салмас  бұрын, ебін  табу  да  маңызды.

ТҮЙІН. Өмір мен өлім арасындағы арпалыс оңай емес. Дел-сал еткен дерттің дегеніне көнбеуге күш-қайрат керек. Тиісінше ақ халаттының да науқасты емдеп, сырқат соққысына төтеп беруіне дәрмені жетсе игі. Антына берік, қызметіне адал маман көп-ақ. Тек білікті мамандардың басын қосып, отандық медицинада олқылыққа орын бермесек болды. Сенім сетінеп, үміт үзілмесе дейміз.

Замира  ҚОНЫСЖАН

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: