Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүрекке жылу жаққандар

30.04.2026, 15:35 47

HALYQLINE.KZ

12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні

Бір ғасырға жуық өмір сүрген марқұм әжем «Адам айдаса бармайсың, Құдай айдаса қалмайсың» деуші еді. Сол ескіден жеткен есті сөздің шын мәнінде тура екеніне бүгін көзім жетті. Жасың ұлғайған сайын басың ауырып, балтырың сыздайтыны белгілі ғой. Мен де осындай күй кештім. Сөйтіп, осы жолы дәрігерлерге, яғни медицина бақылауына жүгінуді ұсындым. Әуелі Алла, бабаларға сыйынып, теміржол ауруханасының дәрігері Нұрдаулет Балдақовтың қабылдауына бардым. Шындығын айтқанда, көптен бері дәрігерлік байқаудан өтуім еді. Бұған ел арасындағы түрлі әңгіме, медициналық байқаудың заманауи тәсілдерге өзгергені әрі қазалылық ақжелеңділердің де біраз жетістікке жетіп жүргені себеп болған. Олай деуімнің де мәнісі бар. Шын мәнінде мен бұған дейін ұзақ жылдар бойы Ташкентте, Алматыда, Астанада емделіп, қазалылық дәрігерлерге мүлдем көрінбеген болатынмын.

Міне, арада ұзақ жылдар өткеннен кейін жоғарыда айтқан дәрігерлік бақылаудан өтуге тура келді. Осылайша Нұрдаулет Балдақов дәрігерлік жасайтын ақылы бөлімге барып, тексеруден өттім. Нұрдаулет Балдақовтың әкесі Серік Әлжановты баршамыз білетінбіз. Кезінде өте танымал болған дәрігер, қала берді облысқа, әсіресе Қазалы ауданына белгілі ақжелеңді абзал жан еді. Уақытында тіпті Серік Әлжановтың қабылдауына да жазылған едік. Тек өмірден ерте өтті.

«Тектілік тұқым қуалайды» демекші сол асыл азаматтың артында қалған тұяғы Нұрдаулет те медицина саласының белді де беделді дәрігері екен. Осылайша Нұрдаулет қызмет ететін ақылы бөлімге келіп, тиісті адамдармен тілдесіп, келіншегіміз екеуміз екі адамдық 8-палатаға орналастық. Екеуміздің шүйіркелесуіміз тез өтті. Нұрдаулет өзіне тән әкеден мирас болған ақжелеңіндей аппақ арындай дәрігерлік антына берік азамат екенін танытты. Арнайы келген дәрігер мені не мазалайтынын қосымша сұрап, өзі де ой қосып, ертеңгі ұйқыдан кейін дәрігерлік қызметін бастады. Ең бірінші жұмысы өкпе, жүректің қызметін арнайы бақылаудан өткізіп, еміміз жалғаса берді. Арада бір-екі күн өткен соң біздің қасымызға киіктің асығындай, жұмыр денелі, көзінен мейірім төгілген мейірбике қызымыз келіп, бізге дәрігерлік қызмет жасауды жалғастырды. Шипа іздеп келген адамға дәрігердің айтқан жылы сөзі күш-қуат береді екен. Қызымыздың есімі Саяжан, тегі Оразхан екенін білген соң әрмен қарай жұмысын жалғастырды. Саяжан қызымыз шынымен де атына заты сай адамға мейрім-шапағатын, қолынан келген саясын аямайтын жан болып шықты. Осылай алған еміміз жалғаса берді. Саяжан қызымызбен әңгімелесу барысында оның медицина саласында, әсіресе осы жерде біраз уақыттан бері қызмет жасайтынын, нақты «мейірбике» мамандығын бітіріп шыққанын біліп, марқая түстік. Мектепте жүргенде музыкамен, оның ішінде фортепианомен айналасқан қарапайым жан болып шықты.

Жалпы, адам ағзасында емделуші мен дәрігердің арасында ең бірінші дәрігерлік бақылаудан бұрын, адами түсінушілік болу керек деп ойлаймын. Міне, дәл осындай адамгершілік тұрғыдағы түсінушілік Саяжанның бойында мол кездеседі екен. Адаммен тіл табысуы, өзін де, қоршаған ортаны да таза ұстауы оның біліктілігін білдірсе, кез келген адаммен тіл табысуы ашық-жарқын мінезін аңғартқандай. «Адамның мінез-құлқын, ұстанымын білу үшін ғұмыр бойы олармен бірге жүру шарт емес» деген бір досым. Сол айтпақшы аз ғана сәтте ол өзін өзгелерге көрсете білді. Әсіресе емделушілерге.

Иә, Саяжаннан төгілген сәуле өмірге деген құштарлықты, адамның алдыға ұмтылушылығын қуаттап тұрғандай. Бір атақты жазушының «Әттең шегелерді мықты адамдардан жасаса, ешқашан майыспас еді» деген философиялық ойын оқып таңғалғаным бар еді. Менің санамды да «Емдеушілердің бәрі Нұрдаулет Балдақов сияқты адамның жанын ғана түсініп қоймай, әрі қарай жетелейтін азамат болса, Саяжан қызымыз сияқты жан-жағына сәулесін шашып тұратын мейірімді адам болса, қандай керемет болар еді!» деген ой биледі. Осылайша Саяжан салған сәуле тек палатаның ішін ғана емес, теміржол ауруханасының ішін көркейтіп жібергендей. Бәрекелді, Саяжан қызым!

Қашанда өзіңе үмітпен қараған емделушілердің көңілінен шыға беріңдер, асыл жанды дәрігер мен мейірбике! «Елім» деп еміренгенге уақыт жетпейді». Ендеше ел үшін жасаған еңбектеріңіз еселі болсын. Қашанда абырой биігінен көріне беріңіздер, ақылы қызмет ұжымы! Сіздерге толағай табыс тілеймін!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазақстан  Республикасы  Ақпарат  саласының  үздігі,

Қазалы  ауданының  Құрметті  азаматы,

Қазалы  ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: