Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайсар» «Қайратты» қапы қалдырды

30.04.2026, 18:25 68

Расын айту керек, көбіміз «Қайсардың» «Ордабасымен» ойынын қатты күтіп, «оңтүстік дербиге» балап жатамыз ғой. Бірақ дербиде бәсекелестік болушы еді, ал «Ордабасыны» жеңбегелі қашан… Сәуірдің 29-ы күні «Қайсар» өз алаңында «Қайратты» қабылдады. Дербидің көкесі осы екеуінің ойынында болады. Мұны «Қайраттың» жанкүйерлері де мойындап жатады. Жалпы, «сары-қаралар» үшін Қызылорда «қасқырларын» жеңу – кәдімгідей мұң. Бұған осы матчта да куә болдық. «Қайсар» сенсациялы түрде «Қайратты» жеңіп, Қазақстан кубогының келесі кезеңіне жолдама алды. Ойын жайлы аз-кем тарқатып көрейік.

Қазақстан Кубогының 1/8 финалы, «Қайсар» мен «Қайрат» арасындағы текетірес. Фаворит айқын, букмекерлер де, сарапшылар да бір пікірде, яғни «Қайраттың» жеңісіне сенімді. «Қайсарда» сенімге қарағанда үміт басым болғанын жанкүйер ретінде біз де мойындаймыз. Ойынға шақыру алған құрамға дейін «Қайрат» анық фаворит болды. Дегенмен, қалай футболшылар тізімі шықты, солай жоғарыда айтқан «Қайсарға» деген үмітіміз сейілген сенімді қайта жандырды. Олай деуімізге себеп, «Қайрат» кубокты елемеген сияқты, толықтай екінші-үшінші құраммен Қызылордаға келмек екен. «Қайсарды» жеңуге осы құрам да жеткілікті деді-ау деймін. Сәтпаев, Жоржиньо, Мартынович, Анарбеков секілді негізгі ойыншыларға демалыс беруді жөн көрген. Хош. Шыны керек, Сәтпаев пен Анарбековты көргісі келген жандар үшін болмаса, «Қайсардың» тілеуін тілеп, келесі кезеңге шықса екен деп тақым қысып отырғандар үшін бұл – жақсы жаңалық. Бұл дегеніміз – «Қайсардың» мүмкіндігі көбейе түскені.

Ойынды қалай көрсек те ләззат алдық. Алаңда көргендер жаңа стадионның әсемдігіне тамсанды, одан бөлек стадион лық толы болды. «Қызылордаға 11 мың адамдық аренаның керегі не, бәрібір толтыра алмайды ғой» деушілер қатты жаңылысқанын ұқты. «Қайсардың» өз нәтижесі көңіл көншітпегенімен, жанкүйерлерден кенде емес. «Қалай көрсек те ләззат алдық» деуіміздің тағы себебі – трансляция. Алаңға барып матчты тамашалай алмағандар үшін тікелей эфир болды. Осы тұста қазақ футболының медиа жағы едәуір өскенін байқауға болады. Әлеуметтік желілерге жүктелген видеоларға, шолуларға пікір жазушылар «Бұл АПЛ ойындары ма?», «Трансляция сұмдық» десті.

Ал енді матчтың өзіне көшелік. Әттең, «Қайрат» екінші құрам шығарды, «Қайсар» жеңсе, осыны негізге алатын болды-ау деп көңіл түсіргеніміз жасырын емес. Бірақ та «Қайсар» да намысқа тырысқаны ма, әлде тең деңгейде ойнауды місе тұтқаны ма, негізгі құрамнан тек бірен-саран ойыншы шығарып, кей қосалқы құрам аяқдопшысына мүмкіндік берген екен. «Қасқырлардың» табандылығана разы болдық. Алаңда басым көпшілігі – қазақ ойыншысы. «Қайсарда» да, «Қайратта» да. Ойын бастала салысымен есеп ашылды. Бір қызығы, «Қайсар» жылдам гол салып, 11 мың жанкүйерді ду еткізді. Әбікеннің тепкен айып добынан соң доп қаңбақтап, ақыр соңында «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Ерсұлтан Қалдыбековтің аяғына тиіп, қақпаға енді. Бұл небәрі ойынның төртінші минуты-тұғын. Ары қарай доп Алматыдан келген команданың ырқына бағынды. «Қайрат» ішкі біріншілікте доминант команда екені белгілі ғой. Жастары да – сол философияға қаныққан өңкей «сен тұр, мен атайын» деген ойыншылар. Біраз уақыт Адам Ковачтың қақпасына тыным бермеді. Сөйтіп жүріп «Қайрат» қақпасын күзеткен өрімдей жас талант Шерхан Қалмырза кенет соқтығыста жарақат алып, тізгінді тағы бір академиялық жас қақпашы Алдашовқа берді. Екі команданың да қатар-қатар соққысымен, аз-кем «Қайраттың» үстемдігімен бірінші тайм да тамам болды. Аз-кем дегеніміз, «Қайсар» екінші нөмірмен ойнағанымен, қарымта шабуылда мықты болды. Сондай-ақ қорғаныс пен ортаңғы шепте белсендірек көрінді. Екінші таймда өзгеше сценарий байқай қоймадық. Десе де, «Қайсар» шабуылдарының бірінде осы жазда ғана «қасқырлар» сапына қосылған Батырхан Тәжібайдың асығы алшысынан түсіп, есеп еселенді – 2:0. «Қайсар» жанкүйерлерінің қуанышында шек жоқ. «Қайрат» осы тұста шабуылды әлде де үдете түсті. Азамат Тұяқбаевта тіпті тыным жоқ. Ағылшынша бүтін команданы жалғыз ойыншы сүйресе «one man army» деуші еді, Азаматтың ойынынан соған сай ерекшелік байқадық. Араға аздаған уақыт салып «Қайрат» гол салған болатын. Бірақ төреші VAR жүйесін бір қарап, голды есепке алмады. «Қайрат» тек ойынның 93-минутында есепті қысқарта алды. Оның өзінде «Қайсар» қақпашысының қателігінен десек болады. Гол иесі – жаңа ғана мақтаған Азамат Тұяқбаев. Осылайша, «Қайсар» «Қайратты» қапы қалдырып, кубокта ширек финалға жолдама алды. Қызылордалық футболсүйер қауым үшін ақжолтай жаңалық.

Жалпы, ойынды жақсыға бағамдадық. Әрине, қазіргі елдің бірінші клубын жеңу – оңай дүние емес. Оның үстіне легионерлерге онша сүйенбей, қазақтың қарадомалақ балаларымен жеңу – тіпті қуаныш. Жеке ойыншыларға тоқтала кетсек, Айбол Әбікеннің перфомансына керемет баға беруге болады. Тіреуші жартылай қорғаушы алаңның қай жиегінде де жүріп, алысқа пас та асырды, «қайраттық» техникасы басым жас өрендерді қимылдатпады, нағыз бокс ту бокс стиліндегі ойыншының жоғары үлгісін көрсетті деуге негіз бар. Сондай-ақ Чили ойыншысы Джонстың техникасына да тамсандық. Негізі аталмыш вингерге көбірек мүмкіндік берген жөн секілді. Легионерден әжептәуір кәсіпқойлық байқалады. Және де Ковачтың аса терлемеуіне септігін тигізген Асқаров, Жұмабеков сынды қорғаушыларға да оң баға бердік.

«Қайсар» үшін керемет нәтиже. Бірақ айта кету керек, бұл – кубок ойындары. ҚПЛ-дің әлеуеті едәуір биік екені анық. Ал ондағы нәтиже мәз емес екенін айтып жүрміз. Ферапонтов шәкірттері жеті ойын бойы жеңіссіз келеді. «Қайсар» аталмыш олқылықтың орнын толтырып, ішкі біріншілікке басымдық береді деп сенеміз. Әйтпесе, 260 күн одан ары созылып, тұтас бір жылға жақындап барады…

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Фото: kazfootball.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: