Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік қызметшілерге қатысты сүйінші жаңалық жарияланды

30.04.2026, 14:50 34

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің жалақысы кемінде үш жылда бір рет өсіп отырады. Бұл норма Сенат мақұлдаған «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңда көзделген, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі el.kz сайтына сілтеме жасап.

Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң мен оған ілеспе түзетулер мақұлданды. Құжат 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген.

Сенатор Евгений Больгерт жаңа заңның маңызын атап өтіп, оның мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталғанын жеткізді.

Жаңа заң мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыруға, білікті мамандар тапшылығын азайтуға және азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді, – деді депутат.

Заң аясында мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға және кәсіби кадрларды ұстап қалуға арналған бірқатар маңызды нормалар енгізілді. Енді мемлекеттік қызметшілердің жалақысы кемінде үш жылда бір рет міндетті түрде индекстеліп, еңбек нарығындағы жағдайға қарай қайта қаралады.

Сондай-ақ, қызметкер басқа елді мекенге ауыстырылған жағдайда көтерме жәрдемақы төленіп, көшу шығындары өтеледі.

Мемлекеттік қызметші басқа елдімекенге ауыстырылса, оған арнайы төлемдер қарастырылған, ал ұзақ жыл еңбек еткен азаматтарға зейнетке шыққанда біржолғы сыйақы беріледі, – деді сенатор.

Жаңа заңда еңбек демалысына қосымша ақылы күндер беру тәртібі де қарастырылған. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 10 жыл болса – 3 күн, 15 жыл болса – 5 күн, 20 жылдан асса – 10 күн қосымша демалыс беріледі. Сонымен қатар, отбасылық жағдайларға байланысты 10 күнге дейін қысқа мерзімді ақылы демалыс енгізіледі.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдері толық цифрландырылып, «E-қызмет» жүйесі арқылы жүргізіледі. Кандидаттарды алдын ала даярлау институты енгізіліп, оларды конкурссыз жұмысқа қабылдау мүмкіндігі де қарастырылған.

Айта кетейік, Сенат аталған заңдарды екі оқылымда мақұлдап, құжаттарды әрі қарай қабылдау рәсіміне жолдады.

Фото: ©El.kz/Нуркен АЛИШЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: