– Депутаттар қазір «мұғалімдер сенбілікке шығуы керек, референдумда да, сайлауда да, басқа іс-шараларда жүруі керек» дейді. Мен депутаттардың бұл сөзіне таңғалып отырмын. Себебі депутаттар осы заңдардың барлығын өздері қабылдады. Ал білім туралы, педагог мәртебесі туралы заңда «мұғалімнің міндеті бала оқыту және педагогтерді міндетінен тыс жұмыстарға тартуға жол берілмейді» деп жазылған. Алайда осы заңды бекітуге қатысып отырған кейбір депутаттар «мұғалімдер сенбілікке, референдумға қатысу керек» дейді. Сонда олар өздері шығарған заңды өздері білмей ме?! Мұндай депутаттардың Парламентте отырғаны қаншалықты дұрыс? Заңды білмейтін, соған қарама-қарсы іс-әрекет жасайтын депутаттардың отырғаны қауіпті емес пе?
Екінші мәселені 2015 жылдан бері белсенді мұғалімдер шырылдап көтеріп келе жатыр. Бізді талай сенбілікке апарды, зорлықпен газетке жаздырды, үйлер мен көшелерді араладық, адамдардың малы мен қанша ағаш егетініне дейін санадық. Бір сөзбен айтқанда, әкімдіктің жұмысын істедік. Біз әскерге баратын балалардың қағазын тараттық. Мұның бәрі мектептердің әкімдікке бағынғаны үшін жасалды. 9 мамыр келсе, әкімдік берген киімді киіп, жүк көліктерінің үстінде солар не айтса, соны істеп жүрдік. Шындығында, біз қуыршақ болдық.
Кезінде «Жас Алашқа» «Мұғалім мемлекеттің құлы емес» деп мақала жаздым. 11 жылдан бері осы дүниелермен күресіп келе жатырмыз. Енді 11 жылдық еңбегіміз зая кеткелі тұр. Біз 11 жыл бойы мұғалімдерді қолжаулық қылудан сақтау үшін күрестік, денсаулықтан айырылдық. Кейбір депутаттар біздің еңбегімізді аяққа таптамақ.
Жарайды, 15 жылда зейнетке кетермін. Бірақ ізімізді жастар басып келе жатыр ғой. Немерелерім, шөберелерім бізден кейінгі мұғалімдерден білім алады. Шындығында ұрпағымызға құл мұғалім қажет емес. Құл мұғалім – құл баланы ғана тәрбиелейді. Біздің басымыздан өткен дүниені бізден кейінгі ұрпақтың басынан өткенін қаламаймын. Сол үшін күрестік, тартыстық. Депутаттар алдымен заңдарды оқығаны дұрыс, себебі олар заң білмегендіктен осы әңгімені айтып отыр. Жарайды, білім бөлімін ауданға қайтарар, депутат Әбенов айтып отырған мұғалімдерді сенбілікке, референдумға қатыстыруды олар бекіте алмайды. Бекіту үшін заңдарды қайтадан жазуы қажет. Заңдағы мұғалімнің міндеті деген жерге «сайлауға қатысу, сенбілік жасау, т.б» деп кіргізу керек. Кіргізе алмаса, М.Әбеновтің айтқаны бос сөз. Өкініштісі сол, бізді әкімдікке беру арқылы соның бәрін олар қайта жасайын деп отыр. Әкімдікке мектепті беру – мұғалім қайтадан құл қамытын кию деген сөз!
Айман САҒИДОЛЛА,
педагог
(«Жас Алаш» газетінен берген пікірі)
Фото: democrat.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!