Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел

19.02.2021, 11:00 1063

HALYQLINE.KZ Бүгін Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі биылғы жылдың жоспарларын талқылауға арналған кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді.

Басқосуға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, қала, кент, ауылдық мәдениет үйлері мен клуб директорлары, қызметкерлері, алқа мәжілісінің мүшелері қатысты.

Алқа мәжілісінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев алдағы жылы атқарылатын жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, 2021 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жыл, Роза Бағланованың 100 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында және тағы басқа атаулы күндерге байланысты атқарылатын жұмыстармен таныстырды.

Бұл жиында мәдениет саласында атқарылып жатқан әрбір жұмыс сараланып, кеткен кемшіліктер нақты айтылды. Мәдениет үйлері мен клубтар бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижелері жайлы аудандық мәдениет орталығы директорының міндетін атқарушы Айгүл Маратқызы мен мәдени ұйымдастырушы Мөлдір Малдыбаева жан-жақты айтып берді.

Кезек ұсыныс-пікір айтушыларға берілгенде Жанкент ауылдық клубының директоры Болатбек Рсалиев білікті кадр тапшылығы, Қожабақы ауылдық мәдениет үйінің директоры Қаламқас Сәбитова штат мәселесі, мәдениет саласының ардагері Орақ Баубеков «Атамекен» ардагерлер ансамбліне музыкалық аспаптар алып беру, Майдакөл ауылдық клубының директоры жаңа ғимарат салу жөнінде мәселе көтерді.

Әрбір ұсыныс-пікірді мұқият тыңдаған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мәжілісте айтылған әрбір мәселе назарда болатынын жеткізді.

– Мәдениет саласында қол жеткізген жетістіктеріміз өте көп. Пандемияға қарамастан көптеген шаралар онлайн өтті. Дегенмен кемшіліктер де кездесіп тұрады. Осы жерде ұсыныс-пікірлердің айтылуы орынды. Олардың барлығын бірден дұрыстаймыз деп айта алмаймыз. Бірақ біртіндеп шешуге тырысамыз. Алайда кейбір мәселелерді ауылдық округ әкімдері өздері шешу қажет. Себебі «Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел» деп тегіннен тегін айтылмаса керек, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Басқосу барысында аудан басшысы халық театрлары туралы бірде-бір ұсыныс айтылмағанына қынжылыс білдірді. Алдағы уақытта халық театрларының жұмысын жандандыру және оларға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер алу үшін ұсыныс беруді тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: