Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көшпелі кеңесте маңызды мәселелер талқыланды

11.08.2022, 14:45 401

HALYQLINE.KZ Бүгін Жалаңтөс батыр ауылында аудан әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте маңызды мәселелер қаралып, олардың алдын алу бағытындағы жұмыстар пысықталды.

Көшпелі кеңестің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғалымжан Аманов баяндама жасап, 2022 жылдың І жарты жылдығында жастар арасында топтық төбелестің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы айтып берді.

Хабарламашыдан соң Мұхтар Әуесұлы ауданда жүргізілген профилактикалық шараларға қарамастан ауданда топтық төбелес тыйылмай тұрғанын сынға алды. Мұнан соң тиісті сала басшыларына жастармен кездесу өткізіп, топтық төбелестің алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында спорттық шаралар ұйымдастырып, жұмыссыз жастарды мемлекеттік бағдарламаларға тарту арқылы олардың әрі қарай дамуына жәрдемдесуді тапсырды.Ал, екінші мәселе бойынша аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов хабарлама жасап, 2022 жылдың І жарты жарты жылдығында жастар саясаты бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы баяндады.

Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Нәтижелі жұмыстардың қатарында аудандағы елді мекендерде ұйымдастырылып жатқан жастар керуені бар екенін тілге тиек етті. Дегенмен де әлі де тиісті бөлімдермен бірлесіп топтық төбелестің алдын алу бағытындағы шараларды күшейтуді тапсырды.

Басқосу барысында «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқару хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев және тағы басқа бірқатар жастар ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын жеткізді.

Жастар ісі жөніндегі көшпелі кеңеске аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Жарылқап, дербес бөлім басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен әр ауылдан келген жастар қатысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: