Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кіші Аралды құтқаруға бола ма?

28.03.2024, 12:00 822

Сыр мен Әму өзендерінің суын өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап, ауыл шаруашылығына орынсыз пайдаланудың салдарынан Арал теңізі тартылып, ол жағалаудан 100-120 шақырым қашықтап кетті. Тұтас бір аймақтың экологиялық тепе-теңдігі бұзылды. Екі ұрпақтың көз алдында табиғаттың інжу-маржаны аталған Арал теңізінің құрып кету қаупі төнуде. Қазір бұл өңір экологиялық апат аймағына айналды. Автордың Арал теңізінің тағдырына арналған жаңадан жазылып жатқан «Құмда қалған кемелер» атты зерттеу кітабынан үзіндіны оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Су – бүкіл адамзат баласының ортақ қазынасы, табиғаттың теңдесі жоқ байлығы. Онсыз жұмыр жер бетіндегі тіршілік бейнесін көз алдымызға елестетуіміз мүмкін емес. Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау (ВОЗ) ұйымының есептеулеріне қарағанда дерт түрлерінің 80%-ының тікелей суға қатысы бары анықталды.

XX ғасырдың 80-жылдарынан бастап Арал аймағы – «Экологиялық апат аймағына» айналды. Ширек ғасыр ішінде бір ұрпақтың көз алдында жер бетінен аумағы 6 млн гектарға созылған, тереңдігі 69 метр теңіздің жоғалып кетуі – адам баласы сенбейтін жағдай. Сенбеске амалың жоқ, жүз жылдан аса хомо сапиенс (саналы адам) ұрпақтарының қолымен жасалды, Коммунистік партияның (КСРО) жоспарын міндетті түрде орындауға үйренген, «шаш ал десе, бас алатын» «қызыл коммунистердің» басшылығымен «табиғаттың бермесін тартып аламыз!» деп ұрандатып жүріп Арал теңізін құрттық. Тағдырын теңізбен байланыстырған ата-бабаларына мыңдаған жыл теңіздің жағалауы қоныс болған, несібесін теңізден айырған миллионнан аса халықтың (Арал, Қазалы ауданы, Қарақалпақ республикасы) тағдыры аяқ асты болды. Аралдықтар үшін «Көк жойқын теңіз, Кемерінен асып көлкіген» деп ақын Зейнолла Шүкіров жырлаған  теңіз  енді  жоқ!

Социалистік Еңбек Ері, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков Арал теңізі туралы былай деп айтыпты: «Қай кезде де ет пен сүтті, күріш пен мақтаны өзге жерден сатып алуға болады. Ал суды, әсіресе теңізді сатып ала алмаймыз».

Иә, «теңізді сатып ала алмаймыз».

Арал теңізі жағалаудан 100-150 шақырым қашықтап кетті, деңгейі 13 метрге төмендеді, 1962 жылы Аралдың көлемі 66 мың шаршы шақырым болған. Бір деректе Кіші Аралдың көлемі 27 мың шаршы шақырым болса, бүгінгі күні оның 10 шаршы шақырымы қайтып кеткені айтылады. Жағалауын құм көшкіндерінен қорғап тұрған 800 мың гектардан астам тоғай жойылып кетті. Арал маңындағы Қарақұмның тұсынан Аққұм деп аталатын тұзды, сортаңды қауіпті аймақ пайда болды. Оның ауданы күн сайын ұлғаюда. Аққұмнан ұшқан қиыршық құм мен тұз берісі Торғай, Павлодар, Көкшетау облыстарына жетсе, арысы Солтүстік Мұзды мұхитқа дейін барған. Дарияның суы барынша ластанып біткен, оның жағасындағы қалалардың өнеркәсіп орындары өздері пайдаланған лас суларын өзен арнасына ағызады. Бұған қосымша мақта, күріш егісіне пайдаланылған тыңайтқыштар мен гербицидтердің қалдығы да қашыртқы сулармен Сырдарияға келіп қосылады. Кейбір жылдары судың жарамсыздығынан дарияда  өлген  балық  ағып  жататын  болды.

Осы экологиялық Арал аймағы апатының бас­ты  себебі,  өткен  ғасырдың 1912  жылы  (XX ғ.) патшалық Ресей Орта Азияның оңтүстігінде қол астындағы отар елдерге мақта егуді жоспарла­ған болатын. Осы идеяны патшалық Ресейдің ауылшаруашылық  министрі  Кривошейн  көтерген.

«Бұл кезде Кривошейн Түркістанда жаңа суармалы жерлер ашпай тұрып, Ресейдің мақтаға мұқтажын өтеу мүмкін емес деген қорытындыға келу арқылы, 1909 жылы Түркістанды тексеру сапары кезінде осындай тұжырым жасаған сенатор Граф Паленды сол кезде сынаған пікірін енді теріске шығарды» деп Мұстафа Шоқай жазады. Қолдан жасалған, жоспарлы түрде патшалық Ресейден басталған Арал теңізін жою КСРО-ның кезінде жоғары қарқынмен жүзеге асты. Бұл туралы ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай 1929-1930 жылдары Польша жерінде тұрып жатқанымен, Қазақстан мен Өзбекстанда болып жатқан большевиктердің жергілікті халықты мақта өсіруге зорлап, күштеп жұмылдырғанын мақаларында ашық жазған. М.Шоқай 100 жыл бұрын ескерткен, біз оны  «халық  жауының»  қатарына  қостық.

Менің кәсіби мамандығым су шаруашылы­ғының инженері (инженер-гидротехник) бол­ғандықтан көзбен көріп, көңілге түйген ойла­рымды көпшіліктің талқысына салып, ой бөлісіп отырмын. Мақсат – Арал теңізін (Кіші Аралды) сумен толтыруға барлық мүмкіншілік барын көрсету. Иә, дария суының сапасы бұрынғыдай болмас, дегенмен, жартылай мақтаға, күрішке пайдаланылған суды Кіші Аралға жеткізіп, теңіздің деңгейін бір қалыпты ұстап  тұруға  толық  мүмкіндік  бар.

«ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліме­тіне қарағанда, Өзбекстан территориясындағы 51 өнеркәсіп орны өндіріске пайдаланылған қашыртқы суды тікелей Сырдария өзеніне неме­се оның салаларына құяды. Дария суын лас­тап  жатқан  өнеркәсіп  орындары ретінде Өзбек  металлургия  комбинатын, Ферғана өнеркәсіп желісін, Наманган тазарту жүйесін атап жүр», – деп жазушы Серік Байхонов бұдан 36 жыл  бұрын  жазды («Аралым – арым, Балқашым – бағым», Алматы, 1988, 87-б).

Арал теңізінің тартылуының басты себептері:

Біріншіден, Аралға құятын Әмудария мен Сырдария суларының теңізге жетпей ысырап болуынан. Қос өзеннің суы Орта Азия мен оңтүстік Қазақстанның суармалы егін плантацияларына (негізінен мақта мен күріш) қарай бұрылғаны.

Екіншіден, теңізге құяр су азайғандықтан, теңіздің булануы күшті қарқынмен жүруінде.

Үшіншіден, теңіздің тарихи дамуы барысында, судың деңгейі біресе төмендеп, біресе жоғарылап отырған. Соңғы жиырма жыл – осы циклға сәйкес, теңіз деңгейінің төмендеген мезгілі. Бірақ бұл анықтаушы фактор емес. Бұл жерде басты рөлде адамның шаруашылық әрекеті­нің зияны тұр. Өзендердің суы суармалы егістіктер  мақта  мен  күрішке  кетіп  жатыр.

Арал теңізі проблемаларын ғылыми тұрғыдан тиянақты зерттеу өткен ғасырдың 60-жылдары Сырдария мен Әмудария өзендерінің бойы­на қолдан  жасалған су қоймаларын салғаннан кейін, Арал теңізінің су балансы мен деңгейі­нің режимі  туралы  мәселе қаралды. Атап айтсақ, 1972 жылы жарық көрген М.К.Бай­дал мен А.Х.Каяткинаның «Арал теңізі проблемасының бүгіні мен болашағы» атты жұмысында Арал теңізі бассейнінде су ресурс­тарын кешенді пайдалану ісіне байланысты пробле­малар қарас­тырылды. 1972 жылы шыққан С.А.Бедарев­тің «Арал теңізі деңгейі өзгеруінің Арал маңындағы жайылымдық өсімдіктерге әсері» атты жұмысы, Қазақ ССР Ғылым Академиясының басшылығымен «Антропогенное опустынивание почв Приаралья», (Алма-Ата, 1984) және «Проблемы Аральского моря» (Алма-­Ата, 1983) тақырыбында зерттеулер жарық көрді. Осы жылдары Арал теңізінің проблемаларына байланысты міндеттерді шешуге 30-дан астам ғылыми және жобалау мекемелері мен ұйым­дары  қатынасты.

«Арал-88» экспедициясына қатысқан Өзбекстан академигі Сабыр Камалов: «Участники экспедиции «Арал-88» за два месяца работы объехали на своих микроавтобусах «РАФ» буквально все уголки бассейнов рек Амударья и Сырдарья, облетели на легких самолетах и вертолетах все недоступные места, осмотрели и ледники Зеравшана, и Серезское озеро в Таджикистане, и остров Барсакельмес в Аральском море, и разливы воды в голове Каракумского канала, вдоль Аму-Бухарского и обводного Ташаузского каналов, и хлопковые, и рисовые поля», – деп жазады (Арал сегодня и завтра. «Отврати­ть  беду», Алма-Ата 1990, стр.98).

Дегенмен, көптеген ғалымның Арал айма­ғын зерттеулері КПСС-ке, СССР Министрлер Советіне ұсынылған Арал мәселесін шешу ұсыныстары және ғылыми жұмыстарының арқасында, 1988 жылы 1 қыркүйекте КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Советі «Арал теңізі ауданындағы экологиялық және санитарлық жағдайды түбегейлі жақсарту, оның бассейніндегі су және жер ресурстарын пайдалану тиімділігін арттырып, қорғауды күшей­ту жөніндегі шаралар туралы» қаулы қабылдады. Қаулы қабылданғанмен көптеген мәселе  шешілмеген  күйінде  қалды.

Кезінде Сырдария суын пайдаланып отыр­ған республикалар арасындағы үлес салмағын СССР Министрлер Советі мен СССР Мемлекеттік Жоспарлау комитеті бақылаған. Ал Қазақс­тан жеріндегі су лимиті мен су нормасы Қазақ ССР мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің назарында болды. Сырдария суын өзара бөліп пайдаланып отырған Қырғыз­стан, Тәжікстан, Өзбекстан республикалар арасын­дағы су бөлінісінен келіп тарқатылады. Нарын мен  Қарадария  салаларынан  төмен  өтк­ен  судың  жалпы  есебіне  барып  тіреледі.

Сырдария мен Әмудария өзендерінің су ресурс­тарын пайдалану үшін ең алдымен екі ірі проблеманы  шешу  керек.

Біріншісі, қос өзеннің бойындағы қолдан жасал­ған су қоймаларының су сақтайтын көлемін, Сыр мен Әмуден тікелей алатын каналдардың ауыл шаруашылығына (мақта, күріш, т.б.) алатын суын қатаң есепке алу керек, артық суды пайдаланған жағдайда, кәсіпорындар  айыппұл  төлеуі  тиіс.

Кезінде Арал теңізінің деңгейі Әмудария мен Сырдария өзендерінде су тоспалары (гидротехникалық және ГЭС) құрылысының салынуына байланысты төмендеуі мүмкін екенін зерттеуші В.И.Лымарев болжаған болатын. Қазіргі кезде бұл  болжам  шындыққа  айналды.

Бүгінгі таңда Сырдарияның бойында салынған су қоймалары мен су тоспалары (плотина)  Қазақстан  территориясында:

«Шардара» су қоймасы (ГЭС), «Көксарай» су қоймасы, «Тасбөгет» су тоспасы (плотинасы), «Қараөзек» су тоспасы, «Әйтек» су тоспасы, «Басықара су» тоспасы (плотина), «Аман­өткел»  су  тоспасы.

Қырғызстан  территориясында:

«Тоқтағұл» су қоймасы (ГЭС), Сырдария өзені арнасының бірі – Қырғызстандағы Нарын  өзені. Өзеннің бойына үш мемлекет бірігіп, Қыр­ғызстан, Өзбекстан және Қазақстан үкіметі қырық  жылдан  бері  айтылып  келе жатқан, Нарын  өзенінің бойынан салынатын «Қамбар ата» су қоймасы (5,4 км3) мен ГЭС-1 (5,6 млрд кВт) және ГЭС-2 және ГЭС-3 каскатын салуға келіссөздер жүріп жатыр. Нысан акцияларының 34%-ы Қырғызстанға тиесілі, Қазақстан мен Өзбекстан қалған 66%-ға иелік етеді (әрқайсысы – 33%). Әзірге «Қамбар ата» ГЭС-1 жобасын іске асыру жөніндегі келісімшартқа қол қойылды, жұмысы да басталды. Кіші  Аралға  тағы  да су келудің жолы кесілді.

Өзбекстан  территориясында:

«Әндіжан» су қоймасы (ГЭС), «Сордоба» су қоймасы мен «Тұябөғіз» немесе «Шарбақ» су қоймасы (ГЭС), Айдарқұм көлі.

Тәжікстан  терииториясында:

«Қайрақұм» су қоймасы (ГЭС).

Оңтүстік облыстары ауызсуға жерасты суын пайдалануы керек. Жерасты суы екі бірдей қиындықтан құтқарады, бірі – ауызсуға жаратсақ, кең етек алған әртүрлі аурудың жолын кесеміз. Екіншісі, облыста жерасты суын суды аз талап ететін ауылшаруашылық дақылдарына пайдалану керек. Бұл тәжірибе оңтүстік облыс­та пайдаланылуда. Әр шаруа­шылық су резервтерін түгелдей ретке келіріп, бір пайдаланған суды бірнеше пайдалануға қол жеткізуі  керек.

Қызылорда облысының аумағында гидро­гео­логтардың  есебі  бойынша  мол  жерас­ты суының бар екенін олар көрсетіп отыр. «Тола­ғай», «Байқожа», «Сарыбұлақ», «Ақжар», «Қуаң­дария», «Аққұм», «Тораңғылсай», «Шиелі» секілді 18  жерасты  суының  мол көзі анықталды. Жерас­ты суын тек ауызсуға пайдалану қажет. Бұл  сулар­мен  Арал теңізін толтырамыз деген – утопия  (қиял).

КСРО-ның кезінде біз не ұттық? Аралды жоғалттық, Сырдарияның бойына шүпірлетіп су қоймаларын салып тастадық, бәрі халық игілігіне деп ұрандатып, мол өнім алу керек деп артық жерлерге күріш егіп, Еңбек ері мен орден­дер алдық. Егінші білмеуі мүмкін, «партия айтты, біз орындаймыз» деген жалған ұранмен теңізді құрттық. Басты мақсат, қалай ексең де  күріштен  мол  өнім  алып, келесі кеудеңе тағатын  орден  мен  медальды  күту  болды.

Ең үлкен трагедия Арал теңізінің екі жағы­нан белдікше қаусырған Қызылқұм мен Қара­құм тынымсыз жылжып, бір-біріне жыл сайын жақындап келеді. Екеуінің бүгіндегі арақашықтығы 83 шақырым-ақ. Теңіз толықтай құрғап бірігетін болса, Сахара, Гоби, Такламакан секілді ұшқан құстың қанатын күйдіретін  шөлге  айналады.

«Қызылорда» плотинасы 1200 м3/сек дейін төменге су жібере алады, ал «Қазалы» плотинасы 1000 м3/сек дейін Кіші Аралға су босата алатынын ескере отырып, күріштің вегетациялық кезеңі біткен соң (суды керек қылмауы), осы плотиналар 70% төменге су жіберсе, Сыр бо­йындағы көлдерді толтыра отырып Кіші Аралды сумен толтыруға барлық мүмкіншілік бар. Ауылшаруашылық дақылдарына наурыз-тамыз айларында (вегетациялық кезеңі) алатын суды есепке ала атырып, «Шардара» су қоймасынан 900-1000 м3/сек су жіберуді қадағалау керек. Біріншіден, дариядағы су ағысының жылдамдығы дарияның жылдар бойы таязданып қалған табанын табиғи түрде тазалайды. «Шардара» су қоймасынан төмен қарай жіберілген су бірінші кезекте Сырдария арнасына сыймауы мүмкін. Қызылорда  облысында дария бойындағы қорғаныс бөгеттерінің (защитные дамбы) ұзындығы – 625,12 шақырым. Соның ішінде аудандардағы қорғаныс бөгеттері: Жаңақорған ауданы – 42,44 км., Шиелі ауданы – 51,56 км., Қызылорда қаласы – 108,06 км., Сырдария ауда­ны – 42,5 км., Жалағаш ауданы – 133,03 км., Қармақшы  ауданы – 52,59 км., Қазалы ауда­ны – 157,76 км., Арал ауданы – 37,18 км.

Облыстағы аудандардың орталығының көбі Сырдария бойында орналасқан, су тас­қынын болдырмау шараларын, қорғаныс бөгет­терін қатаң бақылауда ұстап отыру керек. Дария табаны­ның кейбір жерлерін земснаряд арқылы тазалауды қолға алу керек. Қызылорда мен Қаза­лы плотиналарының төменгі арнасын земсна­ряд арқылы тазалауды жоспарлаған жөн.

Көпшіліктің арасында әңгіме болып жатқан «Қараөзек» су тоспасының жобалануын тоқтату керек те, соған кететін қаржыны Айдаркөлден «Шардараға» су айдайтын насостарды жобалауға жұмсау дұрыс болар. Кезінде Ертіс суын «Ертіс-Қарағанды» жасанды каналы арқылы Ақсу қаласынан 450 метр биіктікке 22 насос станциялары арқылы көтеріп, 460 шақырым канал салған тәжірибеміз бар екенін ескерсек, «Шардара» су қоймасының жанындағы Айдаркөлден насостар арқылы су айдап, «Шардара» су қоймасын қалыпты жағдайда (5,2 км3) ұстап тұруға  болады.

География ғылымдарының кандитаты Т.Ома­ров «Көгілдір көлдер қайда…» атты мақаласында: «Қызылорда облысында 1960 жылға дейін 2582 көл болды. Олар облыс территориясының 1164 шаршы километрін алып отырған. Осы көлдер негізінен Сырдария өзенінің бо­йында және Арал теңізінің терістігі мен шығысында орналасқан болатын. 1962 жылдан бастап өзен суын суландыруға көптеп пайдалануы нәтижесінде Арал теңізінің деңгейі төмен түсіп, көлдер құрғай бастады. Соңғы жылдары көлдер тек Сырдария өзенінің бойында және өзеннің көлге құяр сағасында ғана, соның ішінде Қазалы және Арал аудандарында небәрі 11-ақ көл қалды» деп жазады (Арал тағдыры. Алматы, 1989. 92-101-бб).

Сырдарияның табиғи Нәнсай мен Ақтоған арналарына су жіберу арқылы арнаның айналасындағы көлдерді толтыра отырып, жайлымдық жерлерді қалпына келтіріп, артық су қайта Көксу жүйесі арқылы Қараөзек арнасына құяды. Бұл арналарға отыз жылдан аса су бармай қараусыз қалған. Кейбір жерлерін техниканың күшімен қайта қалпына келтіру керек. «Қызыл­орда» су тоспасынан (плотинасы) жазды күндері 700-800 м3/сек суды төмен жіберіп, Қара­өзек арнасына 150-200 м3/сек су жіберу арқылы айналасындағы көлдер жүйесін толтыруға  бола­ды. Артық су Қараөзек арнасы арқылы Қармақшы кентінің тұсынан қайта барып  Сырда­рияға  құяды.

Қазалы плотинасынан күрішке қажетті су (вегетация кезеңі) керек болмағаннан кейін, шілде айынан бастап 450-600 м3/сек су өткізе отырып, Арал, Қазалы аумағындағы 11 көлді толтырып, судың бір бөлігін Сырдария бойы­мен «Ақлақ» плотинасына, ары қарай Кіші теңізге, екінші бөлігін жаңадан қазылатын «Аманөткел-Саршығанақ» каналы арқылы Кіші теңіздегі Саршығанаққа құюға болады.

Томайкөл мен Көкқатын – Қазалы ауданында. Қараөзек көлдері: Қарарым, Малтай, Қаракөл, Байсары, Қаракеткен, Бесқопа және Майкөл учаскелері кіретін. Осы учаскелер бірнеше көлді қамтитын: Торпақсор, Шолақ, Бабан, Ақжар, Шотан, Бақкөл ірі-ірі көлдердің көбі 1970 жылдардың басында-ақ құрғап қалды» (Арал тағдыры Алматы, 1989. Омаров Т. «Көгілдір  көлдер  қайда…» 92-101-бб).

Кезек күттірмейтін  мына шараларды іске асыру  керек:

Жалпы құны 85,8 млн АҚШ долларын құрайтын «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» САРАТС-1 ірі ұлттық жобаның бірінші кезеңі іске асырылды. «Ақлақ» су торабы құрылысы, «Көкарал» су реттегіш тоспасы және 13 шақырымдық «Көкарал» бөгеті, «Әйтек» құрылыс кешені, өзен бойындағы қоғаныс бөгеттері салынды. «Қазалы», «Қызылорда» су тораптарында, «Шардара», «Арнасай» су тоспаларында  күрделі  жөндеу  жұмыстары  іске  асты.

САРАТС-2 жобасын тезірек қолға алу керек. САРАТС-1 жобасы бойынша «Көкарал»       (2006  жылы пайдалануға берілді. Содан бері 18 жыл өтіпті) бөгеті 39,90 метрден 42 деңгейге (метр) көтерілген болатын. САРАТС-2 жобасы бойынша 48 деңгейге көтеру керек, яғни 6 метр­ге және 13 шақырымдық бөгетті (тоспа) күрделі жөндеуден өткізу керек. Бұл жоба аясында көлдер жүйесін қалпына келтіру, «Ақлақта» су электр  станциясын  салу, Арал суын қалаға жеткізу үшін «Аманөткел-Саршығанақ» каналын  бітіру  керек.

Ал,  ең  маңыздысы Өзбекстан мен  Қазақстан үкіметінің келісімімен, Айдаркөл суын (44,3 км3) «Шардара» су қоймасына насостар арқылы жеткізуді тез арада шешу керек. Насос қоятын жерді Өзбекстан су мамандарымен келісе отырып, Айдаркөлден қанша су алынатынын, екі тараптың мамандары бір шешімге келіп, қанша насос керектігін есептеп, жоспарын бекіту керек. Жетісай мен Мақтарал аудандарының ауылшаруашылық дақылдарына «Достық» кана­лы арқылы алынатын су көлемін есепке алу керек. Канал Өзбекстан жерін­дегі Сырдариядан бастауын алады. Күріш пен мақтаға 4,2 км3 вегетациялық кезеңдегі керек суды   жоспарлаған.

Жоғарыдағы су қоймаларынан, Қазақстан мемлекеті (Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) халықаралық заңдардың нормаларын басшылыққа ала отырып, үш мемлекетпен келісімшартқа отыру керек. «Шардара» су қоймасына құятын тиісті суды қатаң қадағалау қажет. Түркістан облысына қарайтын Қызылқұм массивнен бөлінетін 780 млн м3 қашыртқы «өлі суды» Сырдария арнасына айдағанды тоқтатудың амалын  іздестіру  қажет.

ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі «Су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғаудың Бас схемасын бекіту туралы» №200 Қаулысы, 2003  жылғы 9 шілдедегі ҚР «Су кодекісінің» 36-бабы 12-2-тармағына сәйкес ҚР Үкіметі Қаулы­сын негізге ала отырып, «Шардарадан» келетін судың есебін алумен қатар, Кіші Аралға құятын тиісті судың көлемін (лимитін) белгілеу керек. Кіші Арал теңізіне Сырдария өзенінен судың кепілді ағуын қамтамасыз ету үшін суару мақсаты мен шаруашылық қажетке су пайдалануға лимит белгілеген жөн. Ол үшін жаңадан құрылған ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарайтын «Кіші Аралды қорғау комитетін» ашу керек. Комитеттің негізгі басты жұмысы – жоспарланған жұмыстарды бақылау мен қаржыландыру. Үкіметтің 2025-2030 жылдардағы бюджетіне кіргізу керек. Бұл жұмыстарды Қызылорда облысынан сайланған парламент депутаттары бақылауда ұстап, сайлау­шыларын хабардар етіп отыру керек. Сонымен қатар «Тұран-Арал» қоғамдық қоры жоспарланған жұмыстарды жергілікті жерде жете бақылап, атқарылмай жатқан жұмыстарды дер кезінде жоғарғы жақтағы Аралды қорғау комитетіне хабардар етіп, жеткізіп отыру керек.

Үкіметтің Кіші Аралдың проблемаларын кешен­ді  түрде  шешетін  жұмыстары:

1). Шекаралас елдермен трансшекаралық бассейндердегі су ресурстарын пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді мемлекетаралық келісімдер жасауды қолға алу керек.

2). Сырдария бойында егілетін күріш егістігінің аумағын ғылыми түрде негізге ала отырып, 40-50%-ға дейін азайту керек те, оның орнына ғалымдармен бірлесе отырып, суды аз қажет ететін ауылшаруашылық дақылдары түрлерін анықтап алу керек. Күріш егістігін Жаңақорған, Шиелі және Сырдария аудандардың аумағына егуді ойластырғаны жөн. Сырдарияның төменгі ағысындағы Жалағаш, Қармақшы Қазалы аудандары егістік жерлеріне суды аз пайдаланатын дақылдарды егуді біртіндеп іске асыра отырып жоспарлаған дұрыс. Мысалы, арпа, бидай, тары, жүгері, жоңышқа, қауын-қарбыз, картоп, жуа, т.б. дақылдар. Осы бақшалық дақылдарға жаңбырлатқыш машиналар (Фрегат, Волжанка, т.б.) және тамшылатып суару жүйесі (система капель­ного орашения) арқылы көшуді тездету керек.

3). Өткен ғасырдың 60-90-жылдары салын­ған ішкі су жүйесінің іске берілгенін, оның ескергені және тез арада жөндеу қажет екенін ескере отырып, жеке қожалықтардың ішкі су жолдарын жөндейтін техникасының жоқтығына байланысты, ішкі су жолдарын ҚР Су ресурс­тары және ирригация министрлігінің балан­сына  берудің жолын қарастыру керек.

4). Үкімет суды аз қажет ететін ауылшаруашылық дақылдарын еккен қожалықтарға мемлекеттік жеңілдіктерді қарастырып, бірінші кезекте, жиналған өнімді мемлекет сатып алуы керек.

5). Айдаркөлге (Арнасайға) су айдайтын насос­тарды жобалап, Өзбекстан мен Қазақстан жобалау институтарының мамандары бірлесе отырып шешу керек (құрылысы (СМР), насос­тың бағасы). Жобалау институтарының қорытындысы бойынша екі жақ бір шешімге келу керек.

6). Аманөткел – Саршығанақ  каналы (шамамен  50-60 шақырым)  арқылы Саршығанаққа келетін су мөлшері 200 м/сек кем болмау керек. Арнаның алдын ала зерттеу және жобалау  жұмыстары  жүргізілуі  керек.

7). Сырдария арнасын тазалайтын земснарядтарды алудың жолын қарастырып, жергілікті су шаруашылығы мамандарымен бірлесе отырып земснарядтарды тиімді пайдаланудың жоспарын   жасау.

8). Жаңадан құрылған ҚР Су ресурстары және  ирригация министрлігінің жуық арада (2-3 жыл) Кіші Аралды сумен толтыру бас жоспарын  жасау  керек.

Осы іс-шараларды іске асырсақ, 4-5 жылда Кіші Аралды суға толтыруға барлық мүмкіншілік  бар.

Әлібек  Сабырбаев,

инженер-гидротехник,  зейнеткер

Суретті түсірген Б.Есжанов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: