Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Израиль шабуылы: Жалғасқан Крест жорығы

20.06.2025, 11:15 76

HALYQLINE.KZ

Еврей мемлекеті Израильдің 2023 жылғы 7 қазаннан бері Газа секторында палестина халқына қарсы жасап жатқан сионистік зұлымдықтары күллі адамзат баласын алаңдатып отырған. Енді міне, АҚШ-пен жүргізіп жатқан келіссөздеріне қарамастан Израиль 13 маусымда Парсы еліне қарсы ең ірі шабуылын бастады.

Көздегендері – ядролық нысандарды жою сылтауымен Иран елін бас көтертпейтіндей экономикалық тығырыққа тіреу, әскери әлеуетін жою, қайыршылық халге түсіру. Әрі бұл шабуыл жерде емес әуе арқылы жүріп жатыр. Санкция салынғанына қарамастан қарапайым үтіктен бастап «Симорг» ұшақтарына дейін өздері шығаратын болған ислам мемлекеті айналасына «қауіп» төндіре бастаған сыңайлы. Иран – тарихы терең, мәденеті бай, әлемдегі ең алғаш пайда болған мемлекеттердің бірі. Қаншама достарымыз бар еді. Өзіміз көшесінде жүрген, халқының меймандостығын көрген Теһран отқа орануда.

Қарасаң, 90 млн халқы бар Иранға халқы он есе аз, небары 9 млн Израиль не істей қояр дейсің? Алайда АҚШ-тың технологиялық, қаржылық, қару-жарақ түрлері бойынша жан-жақты көмегі арқасында басымдыққа ие болып отырған Израиль Батыстың мұсылман әлеміне кезекті Крест жорығын бастап кетті.

Жаңылыспасам, бұл ХV Крест жорығы АҚШ пен Батыс елдері құпия қызметтері әзірлеген «Араб көктемі» атымен белгілі болған операцияларымен жалғасып Тунис, Мысыр, Йемен, Сурия, Ливия, Ирак, Үрдін (Иордания) сияқты мұсылман елдерінде билікті алмастыруды нысана етті. Империалистік күштер бірқатар елде дегеніне жетті де. Сол елдердің бәрі қазір қайыршылық күй кешуде. Канадада кеше өткен G7 елдері басшыларының саммитінде Израильдің қанды шабуылдарын ешкім айыптаған жоқ.

Көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Леопольд Вайстың (Мұхаммед Асад) либералды демократия мен ислам негіздерінің түбі бір екенін дәлелдеген еңбектерін оның ұлты еврей болса да ешқайсысы керек қылмады. Бұны енді қалайша ХVІ Крест жорығы демессің.

Иран ары қарай ядролық қару жасау бағдарламасынан түбегейлі бас тартпаса, бомбалық шабуылдарға АҚШ-та араласады дейді пентагондық қырғилар. Бұл 2010-2012 жылдарда болған «Араб көктемі» аталатын Крест жорығының жалғасы екендігін осыдан-ақ көре беріңіз.

Қазір күн сайын Израильдің 150-200 жойғыш ұшағы Иранның ядролық нысандарына қатысы бар деген сылтаумен ірі өндіріс ошақтарының бәрін дерлік талқандап жатыр. Теһраннан өзге көшесінде жүріп, сымбатына тамсанған Мешхед, Исфахан, Шираз, Кум мен Керманшах талқандалуда.

Қайта-қайта тықпалауымен бес есе қымбатқа сатып алынған Ресейдің С-300, С-400 зымырандық кешендері түкке де жарамай қалды. Үздіксіз соққылаулардан Ислам төңкерісі сақшылары корпусының бірнеше жоғары шендісі мен ядролық саладағы бірнеше ғалымсы көз жұмды.

Адамзатқа қарсы қылмыстарымен ерекше көзге түскен, Газада тұтас халыққа қарсы геноцид жасап отырған Израильдің үкімет басшысы Б.Нетьянаху Иранға қарсы соғыстың жалғаса түсетінін айтады. Иран халқы босқындыққа ұшырау алдында. Өз басым Израильдің бейбіт Иран мемлекетіне қарсы жойқын шабуылдарын айыптаймын! Тарт қолыңды Ираннан!

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Facebook-тегі парақшасынан

Коллаж: hromadske.ua

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: