Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елімізге Ресейден қауіп бар ма?

29.09.2022, 11:40 197

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,

саясаттанушы:

– Қазір әлеуметтік желі­лердегі жазбаларға қарап отырсақ, «Ресей Украинаны жеңе алмай пұшайман болып жатыр. Әскери қуаты сарқылып келеді. Демек Ресейден қорқатын ештеңе жоқ. Бізге шабуыл жасайтын болса, қалпақпен ұрып аламыз» деген жаңсақ әңгімелер айтылуда. Оның үстіне кеше ғана елімізге келіп, «Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз» деп Си Цзиньпиннің айтқанын арқаланып, «Қытай – біздің қалқанымыз» деп жүргендер де бар. Күлкілі. Ықылым заманнан бергі Қытай тарихына көз салсаң, бұл мемлекеттің жемсауына қаншама ұлт, ел, жер түсіп кеткенін, жұтылып кеткенін көресің. Қытайдың жылы сөзіне сене беруге болмайды-ау. Қытай басшысы не айтса да, өз елінің мүддесі тұрғысынан айтады. Әйтпесе Қазақстан­ды жарылқайын деген ешкім жоқ. Еліміз бен жеріміздің қалқаны ешкім емес, қорғайтын ол – біздер, Алаш баласы. Өзімізді өзіміз  ғана  қорғап  қала  алмақпыз.

Тағы бір мәселе, қазір Ресей мен Украина соғысып жатқан жоқ. Ресей мен Батыс елдері, НАТО соғысып жатыр. АҚШ бастаған алпауыттар үшін Украина бар-жоғы соғыс сахнасы ғана. Батыс екі славьян халқын бір-біріне айдап салып, әбден титықтатып, қанжығасына байлап алмақ. Сол себепті, өздерінде бар заманауи қаруларды Украинаға төгуде. Бір қарасаң, ук­раиндар  өз жері үшін азаттық соғысын жүргізіп жатқан сияқты. Ал, шындығында үлкен саяси ойындар жүріп жатыр. Рас, Ресей экономикалық тұрғыдан да, әскери қуаты тұрғысынан да біршама  әлсіреді. Бірақ  барын сарқып алды деу­ге  болмайды.  Әлемдегі  табиғи  байлықтың  28 пайызын бауырына басып жатқан Ресей есін тез жиып алуға шамасы бар һәм Ресейдің мұнайы мен газына, басқа да шикізатына тәуел­ді елдер көп. Мұны да Мәскеу есептеп отыр. Қысқасы, «жыланды үш кессең де, кесірткедей әлі бар» демекші, Ресей барлық жағынан сарқылды  деуге  болмайды.

Және Мәскеу жақтан қауіп-қатер жоқ десек қателескеніміз. Әрине, елімізге Ресейден үлкен қауіп  бар. Ең  бастысы, олар экономика­лық,  саяси жағынан қысым көрсетеді. Бізді Еуразия­лық экономикалық одақ, кедендік одақ деп «қора­ға» кіргізіп жіберді де, Қазақстанға барлық  тауарын ешқандай  кедендік  төлемсіз сатып жатыр. Қазір Қазақстан Ресейдің тауар өткізетін нарығы болып қалды. Не үшін олай жасады? Бұл қазақ елі үшін өте тиімсіз жағдай, өйткені нарығымыз жабық болса, ішкі кәсіпкерлеріміз шынығады, біздің нарық тар ғой, оның үстіне әлі қалыптаспаған. Ал Ресейде кеңес одағынан қалған өндіріс орындары, қайта өңдейтін зауыттары бар, ғылым бар, мамандары бар, соның арқасында нарығымызды алып отыр. Қазақстан қайтадан шикізат өндіретін мемлекетке айналды, сөйтіп экономикамызға әсер етті. «Қырымның тәуелсіздігін айтыңдар» деген  сияқты  саяси  қысымы  тағы   бар.

Бір жағынан құдайы көршіміз, тату тұруымыз керек, олар алпауыт мемлекет болғандықтан, саяси, экономикалық «ойындарын» жүргізе береді. Сондықтан бұл жерде теріскейлік көршіден құтылу оңай емес. Демек, әлгі одақтардан шығу керек. Сондықтан бізге халық­ты ортақ мақсатқа ұйытатын ұлттық идеол­огия қажет. Сонымен қатар, еліміздің сілтесең – шоқпары, қорғансаң – қалқаны болар армиямызды күшейткен жөн. Ол үшін, әрине, кешегі КСРО-дан қалған ескі қару-жарақтан құтылып, АҚШ, Израиль, Түркия және Еуродаққа кіретін мемлекеттерден заманауи қару-жарақ, оқ-дәрі алып, әрі оларды шығаратын бірлескен кәсіп­орындар ашып, әскери әлеуетімізді күшейткеніміз дұрыс. «Сақтансаң, сақтаймын» демекші,  бізге  қамсыз  отыруға  болмайды.

Мақсат  ЖАҚАУ,

аймақтанушы:

– Ресейдің Украинамен созылмалы қарулы қақтығыстарына қарасақ, көрші Қазақстан үшін айтарлықтай қауіп төну тәуекелдігі төмен екенін топшылауға болады. Бұған себеп, ресей­лік қарулы арсеналының бестен бірінің сарқыла бастауы, екіншіден, алдағы уақытта қарулы қақтығыстар тоқтаса да, ішкі экономикалық-әлеуметтік деңгейіне кемінде он жылға дейін пандемиялық кезеңге дейінгі көрсеткішіне қайта қалпына келу уақыты кететіні анық. Бұл дегеніміз, саяси-агрессиялық амбицияға берілген бүгінгі Мәскеу билігінің оған дейін өзгеріске ұшырап, сыртқы саясатының векторына түзетулер енгізілуімен жалғасуы әбден мүмкін. Бұған сөзсіз, батыстың санкциялары үлкен ықпалын тигізеді. Міне, осы жағдайда Қазақстанға анау айтқандай қарулы қауіптің төнуі  екіталай  мәселе.

Сонымен қатар, ОДКБ мен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының халықаралық келісімдері және екі ел арасында мәңгілік достық пен бауырластық туралы мәмілелер Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастарына сызат түсіруіне құқықтық мүмкіндіктерді бермейді.

Екінші жағынан, Қазақстанға Ресей тарапынан егер агрессиялық қадамдар жасалған жағдайда, Қазақстанға басып кіру бұл Орталық Азия аймағына кауіп төндіру дегенді білдіреді. Бұны көрші түркітілдес ағайындар тарихтан өте жақсы біледі. Сол себепті де, Орталық Азияның тыныштығына осы аймақтағы елдер ғана емес, Қытай, Үндістан, Иран, Түркия сияқты алпауыт елдердің де аймақтың тыныштығына, тұрақты  дамуына  мүдделі.

Осы күндері Ресей батыстың санкцияларының арқасында оңтүстік арқылы сауда-саттық, энергетикалық байланыстарды жандандыруға мұқтаж болуда. Бұл – Қазақстан арқылы Орта­лық Азия дәлізіне, Иран, Түркия белдеуіне шығу. Яғни, егер Украинаға қоқан-лоққы көрсетем деп, артынан Батыстың қарсылығына тап болса, Қазақстанға тиісу тіптен ақылға қонбайтын жоспар болмақ оған. Себебі, Қазақстанмен байланысты оңтүстік елдерінің қарсылығына тап болады. Әрине, Түркия, Қытай сияқты ресми билік көздерінен Қазақстанға толық қолдау мен қорғауды да мойнына алған кепілдік сөздерді естіп жатырмыз. Бұл қазақ билігінің сыртқы саясаттағы жасап жатқан ірі жетістіктерінің бірі деп есептеу керек.

Бірақ қол қусырып отыратын заман емес қазір. Барынша жаудың қай жақтан келетінін болжасақ та, бес қаруымызды сайлап отыруымыз керек. Украинаның тәжірибесі өте жақсы үлгілерді көрсетіп отыр. Заманауи қарулар, дрондар, артилериялық арсенал, барлау қызметінің озық үлгілері, ақпараттық қауіпсіздіктің ауадай қажеттілігі бүгінгі отандық әскери қорда орын алуына әкеледі. Әскери қарулану мен кәсіби мамандардың тәжірибесіне ерекше көңіл аударып, отандық қорғау идеологиясын, бюджеттен ауқымды қаржыны бөлуді дұрыс жолға  қою  күнтәртібінен  түспеуі  тиіс.

Пікір  жинаған 

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: