Астанада бастамашыл топ «Әділет» атты жаңа саяси партия құру ниеті туралы ресми мәлімдеме жасады. Топ өкілдерінің айтуынша, жаңа ұйым прогрессивті реформаларды қолдауға, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың шешім қабылдау процесіне кеңінен қатысуына жағдай жасауға бағытталмақ.
Мәлімдемеде партияның негізгі мақсаты Жаңа Конституция қағидаттары мен Әділетті Қазақстан құндылықтарына сүйене отырып, Қазақстан азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау екені айтылған. Сондай-ақ бастамашылар жаңа саяси күш қоғамдағы әділдік қағидатын орнықтыруға, ашық әрі тиімді мемлекеттік басқаруды қолдауға ниетті екенін мәлімдеді.
Бастамашыл топ өкілдері партияның миссиясы ретінде 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған жаңа Конституция ережелерінің сақталуына қоғамдық-саяси деңгейде ықпал етуді атаған. Олардың сөзінше, жаңа ұйым прогрессивті жастарды, түрлі сала мамандарын, қала мен ауыл тұрғындарын біріктіріп, елдегі ортақ мүдде мен әділдік ұстанымын алға шығаруды көздейді.
Мәлімдемеде партияның бірнеше басым бағыты да жарияланды. Атап айтқанда, барлық қазақстандықтар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, кландық және өңірлік ықпалдарды азайту, тәуелсіз әрі тиімді құқық қорғау және сот жүйесін нығайту, экономикалық әділдік пен елдің тұрақты дамуына жағдай жасау көзделіп отыр.
Бастамашыл топ 16 сәуірде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне партияны тіркеуге дайындық рәсімін бастау туралы өтініш жолдауды жоспарлап отыр. Сонымен бірге жақын уақытта құрылтай съезін өткізу көзделген. Осыған байланысты қазіргі сәтте «Әділет» партиясы ресми тіркелген саяси ұйым емес, оны құру жөніндегі бастама жарияланғанын ескерген жөн.
Мәлімдемеге қол қойғандар қатарында Қарлығаш Жаманқұлова, Рауан Кенжеханұлы, Марат Шибутов, Динара Зәкиева, Ренат Бектұров, Лаура Қарабасова, Ләззат Шыңғысбаева және өзге де бастамашыл топ мүшелері бар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!