Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елге қайтқан активтерді кім басқарады?

01.08.2023, 9:15 170

Үкімет қайтарылған активтерді басқаратын жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрамақшы. Бұл Ашық НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды «Абай кз».

«Жарғылық капиталында мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылсын», – делінген қаулы жобасында.

ЖШС-нің негізгі мақсаттары «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында, нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен қайтарылған активтерді басқару, сақталуын қамтамасыз ету, өткізу болмақ.

Серіктестіктің жарғылық капиталы осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің теңгеріміндегі мүлікті беру жолымен қалыптастырылсын, – делінген ақпаратта.

Жобаға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді.

Жаңадан құрылатын ЖШС өз алдына мынадай міндеттер қоймақ: мемлекетке қайтарылған активтерді оның атынан меншігіне қабылдау, мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуын және ұсталуын қамтамасыз ету, активтерге билік ету, активтерді өткізуден түскен қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударуды қамтамасыз ету.

Қосымшаға сәйкес, жаңа компанияның жарғылық капиталына республикалық мүлікті үш жүйелік блок және үш монитор түрінде беру жоспарлануда.

12 шілдеде «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға және қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын.

  • – Заң нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады.
  • Заң жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады.
  • Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн. АЕК-тен асатын (44 млрд. 850 млн. теңге немесе шамамен 100 млн. АҚШ доллары) активтері болуға тиіс.
  • Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді.
  • Активтердің шетелде болуы мүмкін екенін ескере отырып, Заңда соттар шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, ақпарат алмасу және өзге де құқықтық өзара іс-қимылдар үшін халықаралық құқықтық ынтымақтастық тетіктері қарастырылған.
  • Уәкілетті орган жыл сайын активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл, қабылданған жүйелі шаралар, оның ішінде ресми сайтында жарияланатын активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау шараларын қамтитын ақпарат дайындайды.
  • Мұндай заңдарды қолданысқа енгізу жөніндегі жалпы талаптарға сәйкес, жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізілетін азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты ережелерді қоспағанда, Заң жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, – деп жазылған ақорда сайтында.

Активтерді қайтару ісінде жұрт көңілінде көп күдік бар. Сарапшылардың көбі активтерді қайтару заңы 162 адамға арналған деп есептейді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: