Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Активтерді қайтару заңы 162 адамға арналған

16.06.2023, 12:24 417

HALYQLINE.KZ

14 маусымда мәжіліс «Заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып, сенатқа жолдады.

Заң жобасының негізгі мақсаты «заңсыз иемденген және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару, активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз иемденуге ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру» деп айтылады. 

Аталған заң жобасы мен тағы үш ілеспе құжат 24 мамырда парламентке жұмысқа алынған. Заң жобасы қабылданғаннан кейін Бас прокуратура ішінен жаңа ведомство құрылады. Бұған қоса, арнайы мемлекеттік қор мен активтерді жинақтау және басқару мәселелерімен айналысатын компания құрылады.

Заң жобасына халықаралық тәжірибеге жүгіне отырып,  азаматтық тәркілеу деген  ұғымы енгізілген. Оның қазіргі заңнан айырмашылығы – талап ету мерзімі мен қылмыстық жауапкершілікке тартуда шектеу жоқ. Мерзімінде шектеу жоқ.

Қаңтар оқиғасынан кейін «қоғамның талабы негізінде» әзірленді деп айтылған құжат халық несібесінен желінген байлықты қайтара алатынына күмәнданатындар көп.

Солардың бірі қаржыгер Жанкелді Шымшықов. Ол құрылатын  комиссияны парламент жасақтауы керек деп есептейді.

  – Мен Бас прокуротураға сенбеймін. Өйткені, оның  бұған дейін заңсыздықтарға қарсы шығу мүмкіндігі болды. Ал, ол оны орындамады. Екіншіден, комиссияны Үкімет құрады. Біз қайтарайын деп отырған заңсыз қаржының бәрі Үкіметтің адамдары арқылы жүзеге асқан. Әлемдегі ешбір мемлекетте біздегі секілді 3 Премьер-министр ұрлық  үшін сотталмаған.  Мен осы фактілерді ескере отырып,  заңды әзір қабылдауға болмайды деп есептеймін, – дейді ол.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұл заңды қабылдауға мәжбүрміз, әзірге осының өзі жетістістік деген пікірде.  

– Біздің қалауымыз бен мүмкіндігіміз екі түрлі нәрсе екен. Бұл заң, негізінен, еліміздегі 162  адамға арналған. 100 млн доллардан жоғары адамдар осы заңның негізгі объектісі болып табылады. Ал оған дейінгі заңсыз жолмен байығандар қолданыстағы заңмен жазалана береді, – деді депутат.

Ұлттық экономика министрлігі шетелге заңсыз шығарылған қаржы 30 жылда 100 млрд доллар болды десе,  Ұлттық банк 2010-2021 жылдары  елден  53,4 млрд доллар шығарылғанын есептеген. Ал халықаралық ұйымдардың зерттеуі бұлардан 3-4 есеге көп.

Сенаттың қарауына өткен өткен заң жобасы бойынша елге қайтарылуы мүмкін қаржының есебі анық емес.

– Кезінде көптеген олигархтарға арналып  Үкімет тарапынан жақсы қаулылар шығарылды. Салық органдары тарапынан салықтан босатылды. Кеден тарапынан кедендік салықтан босатылды. Осындай жолмен қаржысын еселеп алғандар бар. Мұндай заң елімізде алғаш рет қабылданып отырғандықтан, оның шикі тұстары мен орындалуына қатысты көптеген түсініспеушіліктер болуы мүмкін. Біз оны тәжірибеде ғана сынап көре аламыз. Сондықтан елге қанша қаражат қайтаратынымызды болжау  мүмкін емес, – дейді депутат Құспан.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: