Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЕКПЕ мен ЕКПІН

15.04.2021, 11:30 648

«Сәуірдің соңына дейін жағдай түзелуі керек. Әйтпесе көңілдеріңе тиетін кадрлық шешім қабылдаймын. Бұл министрге ғана емес, үкіметке де қатыс­ты». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Денсаулық  сақтау министрі Алексей Цойға айтқан сөзі. Расында коронавирус індеті  елімізде  қайта  өршіп бара жатыр. Ал вакцинациялау жұмы­сы көңіл  көншітпейді.  Еліміздегі  екпе қабылдағандардың саны 450 мыңға жуықтайды. Вирусты толық жеңу үшін халқымыздың кемінде 70 пайызы вакцина салдыруы керек.

Араға біршама уақыт салып, коронавирус қайта бой көтер­ді. Індет іннен шыққандай көрінгенге жармасып, бейқам жұрттың алқымынан алуда. Жұқтырғандар саны күннен-күнге өсіп, мамандар дабыл қағып отыр. Еліміздің бірнеше өңірі «қызыл аймаққа» өтіп, аса қауіп төндірмеген Сыр елі де «сары аймақтан» бір-ақ шықты. Ендігі бар үміт – вакцинацияда. Аймақта коронавирусқа қарсы вакцина салғандар саны 12 мыңнан асып жығылады. Бірақ, бұл көрсеткіш әлі де жеткіліксіз. Екпе егу екпін алмаса, жағдайдың ауырлай түсетінін соңғы күндердегі тіркелген науқастардың  саны  айғақтайды.

ӘЛЕМДІК  ВАКЦИНАЦИЯ  ҚАЛАЙ  ЖҮРІП  ЖАТЫР?

Қазір әлемде вакцинацияға талас-тартыс жүріп жатқаны жасырын емес. Қайсыбірі де көбірек екпені еншіл­егісі  келіп  әлек. Жалпы,  әлемде індеттің ілмегіне түскендер саны 136 миллионды құрайды. Ал екпе еккен­дер саны едәуір көп. «Our World  in  Data» ұсынған статистикаға сенсек, әлемде 800 миллионға жуық халық вакцина салдырған. Десе де, түрлі қиындықтарға байланысты екпе шығару  әлі де баяу жүріп жатыр. Өз кезегінде біздің мемлекетіміз де өзіне қажетті екпені дер кезінде ала алмауда. Себебі, вакцина дамыған елдерден артылмай жатыр. Бірақ, бізге белгілі статистикаға назар ау­дар­сақ, таңғаларлық өзгеріске куә боламыз. Дәл қазір халқының ша­ма­мен 70 пайызына вакцина салып үлгерген бір ғана мемлекет бар. Ол – оңтүстік Азияда орналасқан Бутан патшалығы. 760 мың халқы бар мемлекетке осыдан бірнеше апта бұрын Үндістан «АstraZeneca-Oxford» вакцинасын сыйға тартқан еді. Соның нәтижесінде бір апта ішінде 500 мыңға жуық халқына екпе салып үлгерген. Қазіргі таңда бұл мемлекетте COVID-19 ауруын 896 адам жұқтырып, 1 өлім тіркелген. Бутан патшалығы басқалармен салыстырғанда эпидемияға қатты қарады. Шектеулерді қатаңдатып, ауруды ары асырмаудың амалын ізде­ді. Одан бөлек, вакцинациялау жұмыстарын жергілікті будда монахтарымен ақылдаса отырып істеген. Соның арқасында қазір індетті жеңген бірінші ел болып танылуы бек мүмкін.

Бутанды ентелеп Израиль мен Сейшель аралдары келеді. Бұл қос мемлекетте де егілгендер саны 60 па­йызды еңсеріп үлгерген. Ұлыбритания да халқын вакцинациялауда белсенді. Десе де, жоғарыда айтқан мемлекеттер халық санының аздығына байланысты көш басында тұр. Шын мәнінде вакцинаны көп тұтынғандардың қатарына АҚШ кіреді. Олар бүгінге дейін 200 миллионға жуық халқына екпе еккен. АҚШ-ты ентелеп Қытай келеді. Шығыстағы көршіміз халқының  172 миллионын вакцинациялаған. Төбемізден төніп тұрған Ресей 15 миллионға жуық вакцина тұтынса, Моңғолия 600 мыңнан астам халқына  екпе  егіп  үлгерген.

СЫР  ЕЛІ  «САРЫ  АЙМАҚТЫ»  ЕҢСЕРЕ  АЛА  МА?

Иә, вакцинациялауда Моңғолия­дан да қалып келе жатырмыз. Министр­лік құрған жоспар толық орындалмады. Адам толы автобус пен сауда орындары, жасырын өтетін тойлар мен жиындар індеттің кезекті  толқынын  туғызуға себеп болып отыр. Бұл жолы елдегі эпидемиологиялық жағдай өте ауыр. Себебі, күніне 1-3 мың адам жұқтырып жатыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен сәл ғана аз. Былтырғыдай қатаң шектеулердің жоқтығын ескерсек, өзіміздің жеке антирекордымызды жасауымыз ғажап емес. Сыр елінде де індет жұқтырғандар саны соңғы күндерде  күрт  өсіп кетті. Бүгінгі күнге дейін облыс аумағында 5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырып отыр. Ал індеттен қайтыс болғандар саны – 16. Сонымен қатар, облыс аумағында вирустың мутацияланған жаңа штамы анықталған. Қазіргі таңда мутацияның қай түрі екені анықталуда.

Облысымыздағы вакцина сал­дырғандар саны 12 мыңнан асады. Алайда бұл көрсеткіш өте төмен. Десе де, жауаптылардың айтуынша, өңірімізде вакцина жетіспеушілігі сезілмейді. Қажетті екпелер уақытымен жеткізілуде. Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасы «сары аймақты» еңсеруге дайын екенін жеткізді. Қазіргі таңда өңіріміз­дегі инфекциялық және провизорлық стационарларда 3200-ге де­йін төсек-орын дайын. 518 орын орталықтандырылған оттегімен қам­тылған. Тәуекел топтағы адамдар ерекше бақылауда. Одан бөлек, 138 дәрігерлік мобильдік топ үйден ем жасауда. Індетпен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне ағымдағы жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларында үстемеақы уақытылы төленді. Медициналық ұйым­дар 686 оттегі концентратор, 251 ИВЛ, 8 компьютерлік томограф және 66 рентген аппаратымен қамтылған. Қазіргі таңда 9 ПТР аппара­ты жұмысқа қосылған. Тәулігіне 1000-1100 аралығында сынама алынуда. Қажеттілік туындаған жағдайда оның санын 1900-ге дейін жеткізуге мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, 200 орындық модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталып, мамыр айында пайдалануға беру жоспарлануда. Медициналық мекемелер мен дәріханаларда қорғаныш киімдері мен дәрі-дәрмектердің тапшылығы жоқ. 2 айға жетерлік дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Дәрілік заттардың тұрақтандыру қорын қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлінді.

ОТАНДЫҚ  ВАКЦИНА  ҚАШАН  ШЫҒАДЫ?

Коронавирус шекарамызға табан тірегелі отандық дәрігерлер індетке қарсы вакцина ойлап шығаруды жоспарлаған. Өзгеге алақан жайып отырғанда қапыда қалатын түріміз бар. Себебі, сырттан келетін вакциналар кешігіп келуде. Сол себепті өзіміздің отандық вакцинаның бере­рі мол. Жалпы, елімізде өндірілген «КазКовидИн» вакцинасы 21 сәуірден бастап шығарыла бастайды. Ал Қызылорда облысына 27 сәуірде жеткізілмек. Әдепкіде 10 мың дозасы келеді  деп  жоспарлануда.

Қазіргі кезде әлем бойынша бұл індетпен күресу жалғасуда. Егер өңі­ріміздегі жұқтырушылар саны азай­маса, «қызыл аймаққа» кіріп кету қаупі бар. Аймағымызда «сары» түс жанғалы бірнеше шектеулер қойылды. Десе де, шектеулердің барлығы бірдей тиімді деп айту қиындау. Облыс­тық санитариялық-эпидемио­логиялық бақылау департаменті бас­шысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова өткен жылғы шектеу шараларындағы жіберілген қателер биыл ескеріле ме деген сұраққа теріс жауап берді. Оның ойынша, былтырғы шектеу кезінде ешқандай қателіктер болмаған. Сондықтан да ол жұмыстарды биыл да қайталау­ға болатынын жеткізді. Естеріңізде болса, былтырғы карантин уақытында қоғамдық көліктердің санын азайтып,  тиісінше  оның  ішіндегі  халық саны да күрт көбейіп кеткен еді. Сондай-ақ, басқа да шектеулердің әсерінен тұрғындардың шоғырлануын тудыр­ған жайттар көп болған еді.

13 сәуірден бастап жаңа шектеулер қабылданды. Ол бойынша енді қаламызда ойын-сауық іс-шаралар, басқа да жиналыс-көрмелерді өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ, букмекерлік кеңселер мен басқа да кәсіптік нысандар жабылады. Одан бөлек, спорттық сайыстарға көрер­мендер кіргізілмейді. Көптеген мекеме онлайн режимге ауысып, жұмыс істеу уақыты қысқарады. Жалпы білім беретін мектептерде барлық сыныптардың оқушылары үшін сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқытуға рұқсат берілген. Қоғамдық тамақтану орындарының да уақыты қысқартылып, 50 адамнан артық кіргізуге тыйым салынатын болады. «Сары аймаққа» кіргелі алғашқы шектеулердің негізгілері – осылар. Алдағы уақытта санитарлық талаптарды ұстанбасақ, жағдай тым ауырлап кетуі әбден мүмкін. Қиын кезде қапыда қалмау үшін қазірден қамданғанымыз абзал.

Бекзат   АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: