Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екі тілге бірдей жағдай жасау – екіжүзділік – Қазыбек Иса

04.05.2023, 17:10 722

HALYQLINE.KZ  Парламент мәжілісінің депутаты, белгілі ақын, тіл жанашыры  Қазыбек Иса мәжілісте «Ақ жол» фракциясы атынан сөз сөйледі.

Ұлттық мүддені қорғау – мемлекеттік тілден басталады. Ал бізде, 30 жылдан бері мемлекеттік тіл туралы заң жоқ. «Қазақ үні» сайтында «Мемлекеттік тілдің тәуелсіздігі ата заңда айқын көрінсін» атты Тоқаевқа жазған ашық хатқа 126 215 адам қол қойып, 1000 есе асып түскен тарихи рекорт жасалды. Бұл қалың қолдың ішінде түрлі этнос өкілдері жетеді. Конституцияның Тіл туралы бабының бірінші тармағын орындамай, оған қарсы екінші тармағын орындайтын ел – әлемде тек Қазақстан. Сондықтан конституциядағы 7 бапты өзгертіп, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде жеке-дара статусын айқындау керек.

Тәуелсіздік алған 30 жылда өз тілін білмейтін ұрпақ өсіп шықты. Сонда біз қай елде, қандай тәуелсіздікте өмір сүреміз? Мемлекеттік тіл есіктен кіре алмай жылап тұрса, біз неге жетісіп, қалай төрде отырамыз?!

Мемлекеттік тілімізді міндеттейтін заң шығара алмасақ, бұл жерде (парламентте) неге отырмыз. Өзге елде мемлекеттік тілді көтерсең патриотсың,  ал бізде – жаусың.

«Естейтін мемлекет» халықты қалай түсінеді, егер халық пен билік екі тілде сөйлессе?! Біз мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау үшін  тағы да 30 жыл үшінші президентті күтуіміз керек пе?  

«Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз.  Мен азаматтарымыздың  ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» деп мәлімдеген Тоқаев, осы киелі парызын ертең емес, бүгін өзі орындауы тиіс. Елбасы  енгізген конституция мен заңдардағы мемлекеттік тілдің бейшаралығын білдіретін баптардың бәрін зейнетке шығарып жіберу керек. Салық төлеу қандай міндет болса, мемлекеттік тілді білу де сондай міндет.

Екі тілге бірдей жағдай жасау – екіжүзділік. Ол аштықтан өлгелі жатқан адамның асын аузынан жұлып алып, тоқтықтан жағада жатқан адамның аузына тығу. Мемлекеттік тілді қорлатпау – мемлекет басшыларынан бастап, бәріміздің басты міндетіміз болуы тиіс.

Біздің ақпараттық қауіпсіздігіміз дабыл қағарлық жағдайда. Demoscope бюросы  анықтағандай, біздің ақпараттық кеңістігімізді Ресей БАҚ-тары жаулап алған. Осыдан-ақ қауіптің қай жақтан келіп жатқанын білуге болады. Сондықтан да  еліміздегі шетел ақапаратын шұғыл тоқтату керек.

Ұсыныстарымыз:

  • Ұлттық идеологиямыздың концепциясын қабылдау қажет;
  •  Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек;
  • Конституциядағы 7 бапқа өзгеріс енгізіп, мемлекеттік тіл ретінде жеке-дара статусын айқындау керек;
  • Мемлекеттік тілді дамыту үшін президентке жеке-дара бағынатын тіл агенттігін құру керек;
  • Елдің ұлттық ақпаратының қауіпсіздігін жасап, шетелдік телеарналардың таралуын шұғыл тоқтату керек.

Елімізге басқа елдерден қоныс аударушылар ағылып жатқандықтан, «Ақ жол» фракциясы ұсынғандай, Қазақстан азаматтығын алатындарғ мемлекеттік тіл мен ел тарихынан  емтихан қабылдауы тиіс.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының атынан Қазыбек Иса

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: