Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Державалардың ойыны ма?

30.04.2021, 9:00 352

HALYQLINE.KZ

АҚШ пен НАТО елдері өз әскерін Ауғанстаннан алып кетуде. 11 қыркүйек күні ең соңғы сарбаздар ол елді тастап кетеді. Символикалық дата әрине. Тура 20 жылдан кейін дегендей. НАТО контингентінің қызметіне қатысты түрлі пікір білдіруге болады, бірақ пост ол жайлы емес. Ертең тастап кеткеннен кейін не болуы мүмкін?

Бүгін қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығысты көрдік. Бұл соңғы 5 жылдықтағы ең ауқымды қақтығыстың бірі болды деуге болады. Себебі қос тараптан да қаза тапқандар бар. Оның үстіне ауыр техниканың да ұрыста қолданылу фактілері тіркелді. Әрине бұл бізді алаңдатпай қоймайды. КСРО-ның қасақана жасаған саясатынан «Халықтар түрмесі» құласа да, оның арам мұрасы өз жемісін беріп жатыр. Шекаралық қақтығыстар, мемлекеттер территориясын арнайы бұрмалау, әр елдің ішінде бір анклав жасауға тырысқан саясаты бүгінде қарулы қақтығысқа, адам шығынына әкелуде. Бүгінгі қақтығыста мен қос тарап әскерилерінің техникалары тым ескі, ұрыс жүргізу тактикалары түсініксіз екенін аңғардым. Қателесуім мүмкін. Ауқымды қақтығыстарға мүлде дайын емес екен. Ал кәсіби сарбаздар мен қарулы күштердің шабуылы болса ше? Мысалы…

Ертең Ауғанстаннан халықаралық коалицияның сарбаздары толық кеткенде, Кабулдың жалғыз өзі талибтерді және ондағы өзге де содырларды ұстап тұру әлеуетіне толықтай ие емес сияқты. Алайда Вашингтон-Кабул-Талибан арасында келісім жасалды. Келісімге сай талибтер ұрыс қимылдарын тоқтатады. Ол келісім қаншалықты іске асады, ол жағы белгісіз. Көре жатамыз дегендей.

Қазір сарапшылар Ауғанстанда ресми 50 мың, бейресми 120 мыңнан астам талибтер барын айтады. Олар ұдайы Тәжікстан және Түркіменстан шекараларында ұрыс қимылдарын жүргізуде. Әсіресе түркімен сарбаздары жиі оққа ұшуда, дей тұра Ашхабад оны мойындаған емес. Ауғанстандағы НАТО күштері шыққан соң, оның ішіндегі түрлі террорлық топтар арасындағы бәсекелестік артуы мүмкін. Кейбірі Орталық Азияға жылжуы да ғажап емес (дегенмен олай болуы екіталай). 1992 жылы Тәжікстанда болған азамат соғысында біраз содырлар солай өтіп келгенін, қан қасап жасағанын білеміз. Сценарий қайталанса, ОА елдері төтеп беруге дайын ба? Әсіресе Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан. Менің ойымша жоқ. Тәжік пен қырғыздың жерінде Ресейдің әскери базасы тұр, ал аркадагтың жағдайы нашар. НАТО-ның қуатты әскерімен соғысып, әбден машықтанған талибтер аркадагты ешкім қорғамаса кілеміне орап, алабайына талатып, ақалтекесіне отырғызып жіберуге қауқарлы.

Орталық Азиядағы ықпалын күшейту үшін Ресей де кішігірім «қақтығыстарға» мүдделі сияқты. Мысалы Түркіменстанға әскери базасын қою үшін бұл таптырмас жағдайы болар еді. Саяси және әскери ықпалын арттыра береді. Түрлі келісімдерге қосады, бейтараптық позициядан шығарады. Аркадаг амалсыз көнеді. «Азат етуші», «құтқарушы» рөлінде келетін Ресейдің позициясы күшейеді.

Қытайдың да әскер кіргізуіне оңтайлы сәт болады. Әсіресе Тәжікстанда. Тәжікстандағы ең ірі кеніштің біразын толық алған, ал кей жері мен ауданын тұтастай өзіне қаратқан Қытай инвестицияларды қорғаймыз деген мақсатпен тәжік жерінде әскери базаларды сала бастайды. Қазірдің өзінде Тәжікстанда Қытайдың кішігірім әскери нысандары бар. Бір кірген соң қайтып шықпасы анық. Ұзақ жылға тұрақтайды. Сондықтар бұл Бейжің үшін сылтау болар еді.

Былай қарап тұрсақ утопия сияқты. Бірақ ірі державалардың не ойлайтынын, не болжап, не жоспарлайтынын табу, түсіну қиын. АҚШ-тың да өз жоспары бар. Олардың әскерді шығаруы да тегін емес. Демек оны бұдан да маңызды аймаққа тастайды, жаңа бәсекелестік пен қақтығыстарға дайындалады. Державалардың ойыны ғой. Әлде олар қайтып келуі үшін кетіп бара ма?

P.S. Ресей ұзақ жылдар бойы ОА елдерін талибтермен қорқытып келді. Алайда Мәскеудің талибтерге ықпалы жайында талай айтылып, жазылып жүр. Тіпті Вашингтон Ресейдің АҚШ сарбаздарын Ауғанстанда өлтіру фактілерін тексеріп жатыр.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: