Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ДЕРЖАВАЛАР ҚАҚТЫҒЫСЫ: Қосақ арасында кетпейміз бе?

23.12.2021, 13:30 222

Ресей мен НАТО арасындағы шиеленіс бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазіргі таңдағы қарсылас тараптар арасындағы жағдайды сарапшылар «Кариб дағдарысы» кезеңімен ұқсас деп сипаттауда. Тіпті, әне-міне қарулы қақтығыстар да болуы ықтимал дейді.

2014 жылы Ресей Украинаға қатысты агрессиялық саясатын жүзеге асырды. Мәскеу «Киев НАТО-ға кіруді жоспарлап отыр және ЕО-ға мүше болмақ» деген пайыммен бауыр, дос, тілі мен ділі ұқсас көршісіне басып кірді. Артынша Қырымды отарлап, ел шығысында сепаратистік күштерді қолдады. Міне, бұл әрекеті Батыс тарапынан қатаң реакцияны туындатты. Еуропа елдері мен АҚШ Ресейді қыспаққа алуды бастады. Алғашында санкциялар жариялап, артынша экономикалық қысымды арттыра түсті. Ресейдің үміті болған «Солтүстік ағым-2» газ құбырының іске қосылуын бірнеше жылға шегеріп, құрылыс жұмыстары сан  мәрте  тоқтап  қалды.

Ресейге салынған санкциялар сырт көзге қарағанда әлсіз көрінгенімен, оның әсері пандемия кезінде нақты көрінді. Ресейдің ІЖӨ төмендеп, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлай түсті, ал Мәскеу түрлі халықаралық ұйымдардан шеттетіліп жатыр. Батыс санкциялары  Ресейді  тығырыққа тіреді.

2020 жылы Беларусь елінде президенттік сайлау өтіп, арты сайлау нәтижесіне қарсы халықтық толқуларға ұласты. Минск әдеттегідей көмекті Ресейден сұрады. Батыс ендігі таңда Ресейге ғана емес, Беларусьқа да санкцияларды төпелетіп жатыр. Бұл әрекеттері Лукашенконы Ресей құшағына итермелеп жатыр, ал екінші жағынан Мәскеуден Минск несиені көбірек сұрауға мәжбүр болуда. Санкциялар осылайша «Одақтас мемлекет» жобасын іске асырып жатқан Мәскеу-Минск тандемін аямауда.

Минск Ресейдің тікелей нұсқауы бойынша Шығыс Еуропада жаңа ойынды бастады. Ол – босқындар арқылы бопса. Лукашенко билігі Таяу Шығыс елде­рінен мыңдаған босқынды әкеліп, «ЕО-ға кіруге көмектесеміз» деп өтірік уәдені үйіп-төкті. Минсктің мақсаты босқындар арқылы бопсалап, санкцияларды алдырып тастау және келіссөздерге маневр ашу болатын. Дегенмен ЕО елдері бұл құрығына түспеді. Польша шекарашылары босқындарды өткізуден бас тартып, қатаң күзет қойды, ал Балтық елдері әскерді аяғынан тік тұрғызды. Нәтижесінде мыңдаған босқын Таяу Шығысқа кері қайтуда, қазір Беларусь жерінде ресми  дерек  бойынша  5  мыңнан  астам  босқын  бар.

Ал Ресей Батыспен саяси сауданы Украина маңына әскер топтастыру арқылы жүргізуге тырысуда. Нақтылап айтқанда, Украинамен шекаралас аймаққа жүз мыңға жуық әскер топтастырып, басып кіру қаупін арттырды. Сарапшылар «Ресей тығырыққа тірелген соң, басқа амалы қалмауда» дейді.

7 желтоқсан күні Ресей мен АҚШ басшылары арасында онлайн кездесу өтті. Кездесудің басты тақырыбы Украина болды және Путин барлық шиеленіске Киевті кінәлап, өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетті. Ал өткен аптада Мәскеу АҚШ-қа «қауіпсіздік кепілдігі» туралы ұсыныс жасады. Қауіпсіздік кепілдігі дегеніміз не? Ресей АҚШ арқылы НАТО елдерімен келіспек. Мәскеудің ұсынысы келесідей: НАТО шығысқа жылжымайды және өз құрамына Украина мен Грузияны қабылдамауы тиіс. «НАТО посткеңестік елдерді құрамына қабылдамайды және тараптар Орталық Азия, Шығыс Еуропа, Украина және Кавказда қандай да бір әскери әрекетке көшпейді. Сонымен қатар, Кремль «АҚШ Орталық Азия елдерімен әскери әріптестік орнатудан, олардың әскери нысандарын қолданудан, бірлесе жаттығу өткізуден бас тартуы тиіс», – дейді. Ресейдің бұл ұсынысына АҚШ әлі жауап қатпады. Вашингтон «одақтастарымызбен кеңесеміз» деп қысқа қайырды.

Ресей «біздің ұсынысымызды қабылдамаса, онда қарсы әрекетке көшеміз» деп отыр. Оның ішінде әскери әрекетті де жоққа шығармайды. Оны сарапшылар Грузияға қысым мен Украинаға қарсы әскери операция ретінде сипаттайды.

«АҚШ Ресейдің ұсынысын қабылдауы екіталай» дейді сарапшылар. Сондықтан, жағдайдың ушығуы әбден мүмкін. Қазіргі уақытта тұтас Шығыс Еуропа күрделі қақтығыс ошағына айналу алдында тұр, ал саяси және экономикалық қақтығыс басталып та кетті. Ресей Киевке басып кіру арқылы Украинаны тиімсіз шарттарға көндіріп, Батыспен сауда көзіне айналдыруға тырысады деген болжам бар. Ол үшін Кремль бірнеше сценарийді қолдануы мүмкін. Олардың ішінде майдан жасап, билікті төңкеру, сепаратистер арқылы жаңа аймақтарды басып алуға тырысу немесе жан-жақты соғыс ашу нұсқалары да жеткілікті.

Украина маңында топтасқан Ресей әскерінің саны қазірдің өзінде шабуылға шығуға жеткілікті. Жаңа эшелондар күн сайын келіп жатыр. Сондықтан, қандай да бір агрессия болуы ықтимал. НАТО барлаушылары Ресей қаңтар айында шабуылға шығады дейді. Қақаған қыста әскери агрессияға көшіп, Еуропа елдерін газ арқылы қысымға алып, белсенді әрекет ету жолын кесуі мүмкін дегенді де айтады.

НАТО мен Ресей қақтығысы ушығып кетсе, Мәскеу ҰҚШҰ (ОДКБ) елдеріне жүгінуі әбден мүмкін деген де айтылуда. Ресейдің сенімді серіктесі саналатын Беларусь қазірдің өзінде ҰҚШҰ елдерін қақтығысқа тартуды ұсынып жүр. Ал Батыстың санкцияларына «ЕЭО бірлесе жауап беруі тиіс» дегенді Лукашенко айтудан жалыққан емес. Мәскеудің әскери авантюрасы біздің елге де кесірі тиіп, қосақ арасында кетпейміз бе деген қауіп бар…

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: