Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ДӘУІРДІҢ СОҢЫ: Батыс әлеміне енген тың өзгеріс

07.12.2023, 12:00 598

Жақында ғана Аргентинада жаңа президент сайланды. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қатты қиналған аргентиналықтар үшін жаңа реформатор керек болғаны анық. Соңғы жылдары Аргентинада инфляция 143 пайызға дейін өскен. «Аргентиналық мини-Трамп» атымен танымал оңшыл саясаткер Хавьер Милей (суретте) экономиканы қайта жаңғырту үшін бұған дейінгі стандартты жүйеге тың өзгеріс енгізбек ниетте. Нақтырақ айтқанда, Аргентинаның төл валютасы саналып келген песоны АҚШ долларына айырбастайды. Сонымен қатар, осы күнге дейін қызмет етіп келген министрліктердің санын азайтуды көздеп отыр. Осыған дейін мемлекетте 18 министрлік болса, Милейдің келуімен министрліктің саны 9-ға қысқармақ. Хавьер Милей, саяси тілмен айтқанда, өзінің оң позицияда екенін жасырмайды. Экономикалық және капиталистік реформаларына қарап, оның анархо-капиталист әрі либертариандық екенін аңғару қиын емес. Алдағы уақытта, ол АҚШ пен Израильмен келісім орнатып, Қытай мен Бразилия мемлекеттерімен болған саяси достыққа нүкте қойғысы келіп отыр.

Бұл кәрі құрлық пен мұхиттың арғы жағындағы соңғы уақыттары болып жатқан өзгерістердің соңы емес. Радикалды принцип пен дәстүрлі идеяларды таптап, толеранттылықтан гөрі өз мүддесіне негізделген идеология өкілдері саяси билікке көптеп келуде. Еске сала кетейік, жақында ғана Словакия мемлекетінде парламенттік билікке «Біріккен славяндар» партиясы келген еді. Олардың ұстанымдары да батыс ұстанымына жат, дегенмен өз елдерінде үлкен қолдау тапқан. Жаңа партия Ресей мен Украина арасында болып жатқан қақтығысқа, «әскери операцияның» басталуына «Киевті кінәлайды». Және де Ресей мемлекетімен тығыз байланыс орнатып, НАТО-ның және Еуроодақтың қатарынан шығуға бел буып отыр.

Толеранттылық пен либерализмнің отаны болып есептелетін, тәуелсіз мемлекеттің прототипі АҚШ-та да бұл тенденция жалғасын табуда. АҚШ-та қарапайым халық Джо Байденге қарағанда оң позицияның өкілі әрі популист Дональд Трамптың көзқарасын қолдайды. Трамптың «Республикалық партиясы» 2024 жылы өтетін дауыс беру рәсімінде жеңіп шығуының ықтималдылығы жоғары. Сондай-ақ, Испания, Франция, Швеция сынды Еуропалық мемлекеттерде осы шамадағы митингтер күн өткен сайын көбейіп жатыр. Бұған Ресей мен Украина арасындағы келіспеушілік пен Палестина мен Израильдің қақтығысы және Еуропа мемлекеттерінде белең алған миграция мәселесі тікелей қатысты. Сонымен, солшылдардың ықпалы төмендеп, оңшылдардың биліктен ойып тұрып орын алуы кімнің әлеуетін үстемдеп, кімдікін төмендетпек, бұл жағдай күллі әлемге қандай өзгеріс алып келуі мүмкін һәм жаңа саяси зұлматтың болу ықтималдылығы қаншалықты жоғары?

Біріншіден, оңшылдардың көтерілуі Еуроодақтың таратылуына әсер етуі бек мүмкін. Оңшылдардың басым көпшілігі Еуроодақ көші-қон мәселесіне тым жеңіл қарайды деп есептейді. Швеция мемлекетінде болған діни алауыздық, Франциядағы мигранттардың көтеріліске шығуы бұл мәселенің қарқын алуына мұрындық болды. Сондай-ақ, олар бүгінгі одақтың ықпалын төмен санап, одақты сақтауға кеткен қаражаттың ысырап болғанын қаламайды.

Оңшылдар әлемдік экономикалық нарықты көтереміз деп, керісінше күрт төмендеуіне әсер ету қаупі бар. Себебі аталған фракцияны ұстанатын топтардың көп бөлігі консервативтік көзқарастағы адамдар мен дінді ұстанатындар болып табылады. Мәселен, жоғарыда атап өткен «Либертариандық партияның» жетекшісі және Аргентинаның су жаңа президенті аборт жасауға қатам тыйым салмақ. Сол себепті оңшыл партиялар жалпылама айтқанда прогресті төмендетіп, сөз бостандығын құрбан етуі мүмкін.

Оңшылдар қауымының миграциялық саясатқа көзқарасы бәріне белгілі. Олар мигранттардың көші-қонын құп көрмейді. Бұл ұстаным национализмнің шарықтау шегі мен исламофобияның белең алуын күшейтетіні айқын. Германияның ең беделді партияларының қатарындағы «AfD» ұйымы мигранттардың көшіп келуіне түбегейлі қарсы, жалпы өзге ұлт өкілдерінің келуі этностық әл-ауқатының төмендеуіне, ұлттық құндылықтың жойылуына алып келеді деп есептейді. Аталған партия Германиядағы мұсылмандардың көбеюіне оң көзқарас танытпай отыр.

Әрине, қай заманда да революция арқылы болсын, келісіммен болсын қандай да бір мемлекеттің немесе біршама мемлекеттің басы бірігіп, идеологиялық бағытын өзгертетіні түсінікті жағдай. Оңшылдардың билікке келуін жақсылаққа немесе жамандыққа жори алмаймыз. Алдымен жұмыстары жүзеге аса ма, аспай ма, әліптің артын баққанымыз абзал.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: