Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз тазарған, жаңарған ҚАЗАҚСТАННЫҢ САРА ЖОЛЫН жасауымыз керек!

11.05.2023, 12:20 420

Айтқан жерден аулақ, Украинадағы сияқты жағадан жау алса, отанды қорғауға бізде кім шығады? Мына дағдарыста не істеу керек?

Ашығын айтсам, 30 жылда ата-бабамыздың ежелден бері білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, сақтап келген ел байлығын, жер байлығын ысырапсыз шашумен, экс-президенттің айналасының, тағы басқалардың иемденуімен келдік. Биліктің өзіне керек идеологиясы болды, ал жалпыхалықтық идеология болмады. Тек бізде бәрі жақсы, 50 елдің қатарына кірдік, 30 елдің қатарына кіреміз деп мақтанғаннан басқа іс болмады. Бәрі орындалып жатыр деп төменнен жоғары билікке дейін айтқаны өтірік болды. Бай мен кедейдің арасы 5-6 есенің орнына 30 еседен асып кетті. Халық билікке сенуден қалды, әсіресе «Қаңтар оқиғасынан» кейін үдеп кетті. Егер басқа қара күн туса, Елді, Жерді қорғауға кім шығады? Қалай күн көреміз, күннен-күнге жағдай нашарлауда. Онсыз да дағдарыстамыз, қымбатшылық халыққа ауыр тиюде, ертең мұнай бағасы күрт түсіп кетсе, немесе санкцияға байланысты сатуға жол бермесе, келешегіміз не болады? Мені осы, тағы басқа сұрақтар толғандыруда.

«НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?» ДЕГЕН СҰРАҚҚА ҰСЫНЫС-ОЙЛАРЫМ:

1. Онсызда жілігі шығып отырған халық екінші рет көтерілмесін десек, тез арада Қазақстанның барлық байлығына, қаржысына АУДИТ жасап, халыққа қаржы көзін ашу керек. Президенттің Жарлығымен бір теңге де есепсіз шашылмау, байларға еселеп салық салу, 30 жыл бойы заңсыз байыған қаражатты қатаң түрде қайтару, иелері жазалану керек, т.б. Осы маңызды іс-шараның бәрін халық өз көзімен көріп, сену керек. Біздің ертең интеллектуалды потенциялымызды көтеретін, жаңа өркениетке жетелейтін, қоғамды ізгілендіретін мәдениет, денсаулық, ғылым мен білім, спорт салаларын қолдап, ал басқасына қатаң экономия жасау қажет.

2. Дағдарыс уақытысында халықтың күнкөріс деңгейін көтеру туралы іс-шараларды (жұмыспен қамту, жетім, мүгедек, көпбалалы отбасын қолдау, айлықты, зейнетақыны көтеру, коммуналдық төлемдерді өсірмеу, әр адамға ең керек азық-түлік тауарларын қымбаттатпау, т.б.) жасау қажет.

3. ҚАЗАҚСТАНҒА ОТАНСҮЙГІШ ЖАҢА ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ҚАЖЕТ! 30 жыл өтіріктен, коррупциядан ке­йін мұны жасау қиынның қиыны? Бірақ бізге басқа жол жоқ екенін халыққа түсіндіру қажет. Қасаң тартқан сананы өзгерту, өзіміз өзгеруіміз керек. Әр ауылда, қалада әлі де болса тектінің сынықтары, жақсылар, зиялы ақсақалдар, аналар, саналы ағалар бар, соларды, сағы сынбаған жастарды тарту керек осы игі іске. Ұлы Абайдың «Толық адам ілімінің» жол картасын жасап, біздің рухани Конституциямыз ретінде бүкіл халықты оқыту керек! Қазақтың идеологиясы – осы! Қазақ тілін білмейтіндерге заңмен шектеу қойылса, әсіресе лауазымды жұмысқа алынбаса, аз уақытта өзі-ақ  біліп  алады.

4. «Қасіретті қаңтар» оқиғасына әділ қоғамдық-саяси баға беру, мұндай сұмдықты еш уақытта  болдырмау, жазықсыз зардап шеккендерге,  олардың  отбасына барлық жағдайды жасау, т.б.

5. Конституциялық өзгерістен бастап елде саяси реформаны батыл да, жедел жүргізу. Әскери салаға реформа жасап, қомақты қаржы салып, «Қазақстанның қауіпсіздігі туралы жаңа доктрина» қабылдау қажет. Әсіресе жалпы кадр саясаты ақсап тұр? Заңдарға көптеген өзгеріс еңгізу, жаңа заңдар қабылдау қажет. Бір-ақ мысал. Қазір балалар күні-түні интернетте отырып милары су болып барады, денсаулығын құртуда… Заңмен күніне 2-3 сағат-ақ отыратындай шектеу қою қажет. Мектептерде бірен-саран болмаса, білім сапасы, тәртіп-тәрбие  мәселесі  әлі  ақсап  тұр.

6. Халықаралық мәселеде, дағдарыс жағ­дайында Қазақстан ешкімге жалтақтамай өз сара жолын таңдап, әлемдік қоғамдастыққа көрсетсе, өз сара жолын (жаңа курсын) алса, онда бізді Ресейдің, Қытайдың, АҚШ-тың, не басқалардың жетегінде емес екенімізді әлем біледі, сыйлайтын болады. Біз әлі мұндай тәуел­сіз абырой алған жоқпыз. Әрине басқа салмасын, АҚШ-тың жетегінде кеткен Украина­ның не болып жатқанын көрудеміз. Қандай жақын көрші болсақ та, Ресейдің Украинаға қарулы күштерін кіргізіп, халықтың қырылуы ешқандай дәлелмен қолдауды қажет етпейді. Адам  өмірінен артық ештеңе жоқ. Айт­қан  жерден  аулақ, ертең бізді жағадан жау алса не істейміз? Халықаралық деңгейде, БҰҰ-да  Қазақстан  мемлекеті өз ұстанымында тұруы керек. Ешкімге жалтақтаудың қажеті жоқ.  Осы  жерде  олқылықтар  бар.

7. Отыз жылда қордаланып қалған мәселелердің қайсы бірін айта бересің… Президентке ең керегі, ауылша айтсам, бір үлкен СЫПЫРҒЫШ алып, жиналып қалған сыбай­лас жемқорлықтан бастап, біздің қоғамға жат қылықтарды, ластанған санамен қосып бәрін сыпырып тастап, біз тазарған, жаңарған ҚАЗАҚ­СТАННЫҢ САРА ЖОЛЫН жасауымыз керек! Бұл – бір партияның ісі емес, бұл бүкілхалықтық жоба. Менің жеке ұстанымым, керек болса Президентке барлық қоғамдық ұйымдар, партиялар бірдей болуы керек! Президент­ті халық сайлады! Ұлттық Ғылым Академиясының да Президенттің жанында болуы уақытша деп ойлаймын. ҰҒА абыройы түсіп, кім болса сол академик болып кеткендігінен, тағы басқа ҰҒА қателіктерін жойып, беделін көтеру үшін жасалған іс-шара. Академик  Қ.Сәтбаев бастап құрған ҰҒА өз тұғырына  қону  керек.

Осындай түбегейлі өзгерістерге бара аламыз ба? Президент, Үкімет, Парламент депу­таттары, партия, қоғамдық ұйымдардың басшылары, тұлғалы азаматтар не дейді екен? Бүкіл Қазақстан халқы, ауыл Сіздерге сын көзбен қарап отыр. Қазір өтпелі заманда, не бар, не жоқ болатын алмағайып кезде ешкім шет қалмауы  керек.

Оразалы  СӘБДЕН,

академик

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: