Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БІР КӨРШІНІҢ КІЛЕМІН ҚАҒУЫ екінші көршінің де шаң шығаруға «шабытын» шақырады

08.10.2020, 14:00 626

Қырғыздардың 4 қазан күнгі Парламент сайлауының нәтижесіне көңілі көншімей, 3-4 мың адаммен жаппай нараз­ылыққа шыққанына құлақ түріп үлгерген боларсыздар. Ел билігі орна­ласқан «Ақ үйді» басып алып, билікке қарсы топ өздерінің бастапқы мақсатына­ жетті. Осылайша әділ өтпеген сайлау қорытындысы жойылды. Елдің ойранын шығарған айырқалпақты ағайынның бұл ісі демократияның көрінісі ме, әлде бары­п тұрған басбұзарлық па?! Әлде бұл жағдайға мүлде басқа қырынан қарау керек­  пе?!

Біріншіден, халықтың өз наразы­лығын білдіріп, әділетсіздікке бой үйретпеуі – құптарлық іс. Қашанғы билік пен халық «көзжұмбақ» ойнай  береді?! Халық көзін жұмғанда, билік халықтың таңдауын бұрмалап, өз «қуыршақтарын» саяси сахнаға шығарады. Бірақ бұған бас­қа басқа, қырғыз халқының көнбейтіні белгілі. Осыған дейінгі Президенттерді бір шыбықпен айдаған айырқалпақты ағайындардың әрекетінен Сороонбай Жээнбеков неге сабақ алмады екен?! «Өгізге туған күн бұзауға да туады» демек­ші, қырғыздар «Құдай салды, мен көндім» дейтін халық еместігі бұрыннан белгілі емес пе еді?! Темір торға тоғы­тылған экс-президент Алмазбек Атам­баевты бостандыққа шығарды. «Ақ үйді» ортасына түсірген видеолары бүгінде әлеуме­ттік желілерді шарлап жүр… Ашын­ған халық далаға қарай жүгіреді. Іштегі ашу-ыза  ешкімді  үйде  отырғызбайды.

Екіншіден, қырғыз жұртының өре түрегеліп, билікке кезекті рет тас атуынан бір нәтиже шықса жақсы. 2005 жылы басшылар­ы Асқар Ақаевты қуудан бас­талған бас көтеру қандай оң нәтижеге қол жеткізді?! Даудың соңы ақылмен шешіл­се жақсы, ашумен шешілсе, жүз емес, мың рет толқу болса да, елдің алға қарай жылжуы күмәнді. Соңғы жылдардағы Қыр­ғызстандағы Президенттердің ел билеу­ кезеңі халқының аласапыранын шығар­ған көшелерді, ғимараттарды, кәсіпорындарды жөндеу кезеңінен әріге аспайтын сыңайлы. Тіпті билікке келгендердің аты-жөніне құлақ үйренбей жатып, жаңа фамил­ия жарқ ете қалады. Қырғыздың билігіне қарағанда халқы қуатты. Шындап кіріссе, билік 3-4 мың адамды қалай болса­ солай баса алады. Алайда кешеге дейінгі Президент Сороонбай Жээнбеков құзырлы органдарға қантөгіс болмасын, оқ атылмасын деген нұсқау бергенін мәлім­деді. Рас-өтірігі өздеріне аян, алайда қырғызда­рға олармен тіл табыса алатын дипломат басшы керек.

Алмазбек Атамбаевтың билікке қайта келуі екіұшты жағдай. Қырғыздар төңкерісі ел экономикасына ауыр соққы, шексіз шығын әкелді. Осы жағдайдан кейін сайлау­ға түскен әр партия өз адамдарын билікке әкелгісі келді. Халық сауда орындарын, алтын шығаратын жерлерді тонауға кірісіп, теміржолды басып алғысы келді. Елде мазасыздық орнады. Билікке қарсы топтың өзара ымыраға келе алмауы жағдайды ушықтыра түсті. Десе де енді сыртқы күштерге жем болмай, қырғыздар өз мәселе­сін өз ішінде реттей алса, бұрынғыдай әупірімдеп өмір сүре береді.

Үшіншіден, бұл жағдайдың Қазақстанға әсері болады ма?! Тек ғана Қазақстанға емес, Кеңес Одағының шекпенінен шыққан­ елдердің бәрі осы тартысты қызылкеңірдек болып талқылап жатқаны белгілі. Сарапшылар беларусьтар үш айда қол жеткізе алмаған нәрсені қырғыздар әп-сәтте орындады деп, одан сайын от үрлеуде. Расында, қазіргі таңда Ресей, Қазақстан, Беларусь қоғамында билік жүйесін ауыстыру бағытын­да жұмыс жүргенімен, қырғыздар секілді тас жұтып, тәуекелге бара алмайтынын ашып айту керек. Қазір Қазақста­н ішінде де ахуал тұрақты емес. Билікте де іштей қорқыныш бар. Халықтың қай күні көтеріліп, билікке бас салуы қай мезетте басталатынынан хабарсыз. Бірақ анығы, біздің елде де бір революция болары сөзсіз. Өйткені бір көршінің кілемін қағуы екінші көршінің де шаң шығаруға «шабытын» шақыратыны  белгілі.

Жалпы алғанда, қырғыздар – аз болса да, өмір сүруге өте икемді халық. Қазақтың базарында қырғыздың сау­дасы­ қызып тұр. Жастарында да білім-ғылымға ұмтылыс жоғары, біз туризмді дамыту керек деп ұрандатып жүр­генде олар әлдеқашан Ыстықкөлді әлем халқына айнасы ретінде көрсетіп қойды. Тек өжеттіктері өз бастарының сорына­ айналды немесе биліктің бір көшбасшыға жа­рымауы оларды  жарға  жығып  тұр.

НАМАЗШАМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: