Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір айналдырса, шыр айналдырады

27.07.2023, 12:00 386

«Қаңтар оқиғасында» Қазақстанды 30 жылдан аса басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ел-жұрттың ашу-ызасы ашық байқала түсті. Әр облыста баннердегі суреті жыртылып, көше атауынан алынуын талап етсе, Талдықорған қаласында ескерткіші құлатылды. Сол уақытта президент Қасым-­Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесін өз қолына алғанын жария етті. Қаңтардағы қантөгістен кейін экс-президенттің туыс­тары мен жақындары лауазымды қызметтерден өз еркімен кете барды, өзі де көптің алдына шыға қоймады. Одан соң референдум арқылы Конституция­дан тұңғыш президентке берілген артық­шылықтарды алып тастады. Бірақ, бұдан айтарлықтай өзгеріс байқалмайтыны белгілі   болды.

Сондай-ақ, сарапшылар «Тұңғыш президент – Елбасы» заңы жойылса да, Нұрсұлтан Назарбаевта әлі де артықшы­лықтар бар» деп дабыл қақты. Өз күшін жойған «Елбасы туралы заңда» экс-президент «жаңа тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы», «бірліктің, Конститу­цияны, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаушы» деп көрсе­тілген-ді. Заңгер Акиф Сүлейменов «Азаттық радиосына» берген сұхбатында экс-президенттің статусы Конституцияда және «Президент туралы» заңда жазылғанын айтады. Мәселен, «Президент туралы» заңның 36-бабында елдің экс-басшысы президент кезіндегі істері үшін жауап бермейтіні, тек мемлекетке сатқындық  жасаса  жауапқа тартылатыны  жазылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 17 шілдедегі жарлыққа қол қойып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі тура­лы ереженің жаңа редакциясын бекітті. Мұнда  экс-президентті күзету деген  тармақтар  алынып  тасталған.

Мемлекеттік күзет қызметінің ендігі міндеттері  төмендегідей:

•   Қазақстан Республикасы Прези­дентінің және басқа да күзетілетін адам­дардың  қауіпсіздігін  қамтамасыз  ету;

•   Қазақстан Республикасы Прези­дентiнiң және басқа да қорғалатын адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтарына, бостандықтарына, қадiр-қасиетiне және мүлкiне қарсы құқықбұзушылықтарды анықтау, олардың  алдын  алу  және  жолын  кесу;

•   күзетілетін объектілерде және күзе­тілетін адамдардың басқа да болатын жерлерінде мүлікті қорғау, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

•   өз өкілеттіктері шегінде терроризм­ге  қарсы  іс-қимылды  жүзеге  асыру;

•   күзетілетін адамдар мен объекті­лерге қауіптерді болжау және анықтау, олардың алдын алу және залалсыздан­дыру жөніндегі жедел іс-шаралар кеше­нін  жүзеге  асыру;

•   Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталон­дарын қорғауды жүзеге асыру және салтанатты және хаттамалық іс-шара­ларды  өткізуге  қатысу;

•   Президенттік хабарламаларды қамтамасыз  етуді  ұйымдастыру;

•   заңдарда және Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің актілерінде айқындалған  өзге  де  міндеттер.

Бұған  дейін Мемлекеттік күзет қыз­меті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қауіп­сіздігін қадағалады. Сондай-ақ, Н.Назарбаевтың өміріне, денсаулығына, құқық­тарына, бостандықтарына, қадір-қасиеті мен мүлкіне қарсы құқықбұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу, оны Қазақстан Республикасының аума­ғында және одан тыс жерлерде халық­аралық және өзге де байланыс түрлерімен қамтамасыз  ету міндетін  де  атқарды.

Енді бұл тармақтар Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережеден алынып тас­талды. Жарлық 2023 жылғы 4 тамыздан бастап  қолданысқа  енгізіледі.

«Қаңтар оқиғасынан» соң Назарбаев ел алдына көп шығып жүрген жоқ. Ал, ел тұрғындары арасында оның еңбегі де бар екенін ескеріп, есімін өшіруді осы жерден тоқтатқан дұрыс деп санайтындар бар.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: