Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бір ай уақыт беремін»: Үкімет басшысы әкімдерге қатаң тапсырма жүктеді

14.07.2026, 16:05 59

Премьер-министр Олжас Бектенов облыс әкімдіктеріне бір ай ішінде сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын әзірлеуді тапсырды. Үкімет басшысы қазіргі таңда еліміздегі жалпы тауар айналымының 70 пайыздан астамы небәрі бес өңірдің үлесіне тиесілі екенін айтып, қалған аймақтардың әлеуетін толық пайдалану қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, әрбір облыс сауда саласының өсімін қамтамасыз ету үшін өзінің географиялық және экономикалық артықшылықтарын тиімді пайдалануы тиіс. Әсіресе, шекара маңындағы өңірлер мен туристік әлеуеті жоғары аймақтардың мүмкіндіктерін кеңінен қолдану маңызды.

«Әр облыс сауданың өсуін қамтамасыз ету үшін өз әлеуетін тиімді пайдалануы қажет. Бұл бағытта шекара маңындағы өңірлердің, сондай-ақ туристік тартымдылығы жоғары аумақтардың мүмкіндіктері мол», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетін пайдалану арқылы олардың базасында заманауи сауда, қайта өңдеу және кәсіпкерлік орталықтарын дамытудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар өңір әкімдіктеріне нақты өндіріс орындарын, инвестициялық жобаларды және тауар айналымын ұлғайтуға бағытталған нысаналы көрсеткіштерді айқындап, бір ай мерзімде Сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын әзірлеу міндеті жүктелді.

Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне аталған жұмысты үйлестіруді және тапсырмалардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ Олжас Бектенов шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне де тоқталып, барлық мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлердегі кәсіпкерлермен тығыз жұмыс істеуі қажет екенін айтты.

«Туындаған барлық проблемалық мәселелер жедел түрде шешімін табуға тиіс», – деп түйіндеді Премьер-министр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: