Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бес жылдан кейін құлпырған Қызылорданы елестетемін

13.10.2022, 11:00 389

Асылбек  ШАМЕНОВ,  Қызылорда   қаласының   әкімі:

Дана  халқымыз:   «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаған ғой. Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Демек, біз үшін де екі ғасырдан астам тарихы бар көне шаһар – Қызылорданың қазығы бөлек, жазығы ерек. Бүгінде сол жағалауынан жаңа қала бой көтеріп жатқан шырайлы шаһардың туған күні бір ай бойы аталып өтіп жатыр. Қалада атқарылған жұмыстардың куәсіміз, алда қолға алынатын шаруа шаш етектен. Әрине, өңірдің өркендеуі әдетте орталықтың дамуымен айшықталып жатады. Осындай тарихи қаланың қайнаған қызметінің арасынан уақыт тауып, облыс орталығына басшылыққа келгеніне 6 айдың жүзі болған Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов қала күні қарсаңында облыстағы жетекші басылым бас редакторларының басын қосып, еркін форматта әңгіме-дүкен құрды.

– Алдымен билік пен бұқараның арасында алтын көпір болып, мемлекеттің саясатын жан-жақты шынайы түрде жеткізіп, облыс пен қалада атқарылып жатқан жұмыстарды ақпараттандырудағы әрбіріңіздің еңбек­теріңізді бағалаймын. Әрине, бірлесіп, түсінісіп жұмыс істеудің берері бар. Өздеріңізбен бір ай бойы аталып өтіп жатқан қала күнінің мәресіне жетер уақытта жүздесіп, облыс орталығында бұған дейін не істелді, алда қандай жоспарлар барын бөліскім келеді. Қаланың жетістігі де, кемшілігі де бар. Бір коммуналдық саланың өзі неге тұрады? – деп сөз бастады Асылбек Өмірбек­ұлы.

Облыс  орталығы 8 айда өнеркәсіп өндірісі мен өңдеуден басқа барлық негізгі  макрокөрсеткіш бо­йыша өсім қалыптастырған. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 131,3 млрд теңгені құраған. Ол өткен жылдың салыстырмалы кезеңі­мен 13,4 пайызға артты. Облыс бойынша қаланың үлесі 53,7 пайызды  көрсетіп  отыр.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 53,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 121,3 пайызды құрады. Қаржыландырудың барлық көзі есебінен жалпы ауданы 303831 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал өңдеуші өнеркәсіп саласында 43,2 млрд  теңгенің  өнімі  өндірілсе, өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 542 млрд теңгеге  жетті.

– Жыл  басында  қала бюджеті 51,7 млрд теңгемен бекітілді. Ол бүгін­гі күні 72,4 млрд теңгемен нақтыланды. Өз кірістеріміз 20 млрд теңге болса, трансферттер 44 млрд теңге, оның ішінде қала бюджетіне берілген субвенция 16,9 млрд теңге­ні құрады. Қаражаттың игерілуіне келсек, 9 айдың қорытындысымен бюджет шығындарының жоспары 44 552,6 млн теңге болып, игерілуі 44511  млн теңге  немесе 99,9 пайыз­ға орындалды,  игерілмеген қаржы 41,6 млн теңгені құрайды, – деді қала басшысы.

Елімізде экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғырту­дың  басты  құралы  шағын  және  орта бизнесті  дамыту  екені  белгілі. Осы жылдың 1 қыркүйегіне Қызыл­орда қала­сында шағын және орта биз­нестің  дамуы бойынша 31 614 шағын  кәсіпкер­лік  субъектісі (заңды тұлға – 6 197, дара кәсіпкерлер – 23 351, шаруа қожалықтары – 2 066) тіркеліп, өткен  жылмен  салыстыр­ғанда 18,8%-ға  артты. Облыс бо­йын­ша жұмыс  істеп  тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектіле­рінің 49,8%-ы Қызылорда қаласының  үлесінде  екенін  айта  кетейік.

Бүгінгі күні «2021-2025 жылдар­ға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында субсидиялау бағыты бо­йынша 5,2 млрд теңгені құрайтын 123 жоба қолдау алып, құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 73 жоба ішін­ара кепілдендірілді. Биыл аталған бағ­дарлама аясында жыл соңына дейін 143 жобаны қаржылан­дыру жос­парланған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жоба құны 186,9 млн  теңгені  құрайтын 26 жо­ба, «Қызылорда» Өңірлік инвес­тициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 229 млн теңгені құрайтын 29 жоба қаржыланды­рылды. Бұдан бөлек, жыл соңына  дейін 1 млрд 312  млн  теңгені  құрайтын  66 жобаны жеңілдетілген шағын несиемен қаржыландыру жоспар­ланып  отыр.

– Ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері. Мемлекет басшысы бұған дейін бұл саланы дамытудың маңыздылығын айтты. Ол үшін елімізде барлық жағдай бар: егіндік және жайылымдық жерлер жетерлік. Су да бар. Тек соның бәрін тиімді пайдаланып, ғылыми технологияларды енгізу қажет. Жұмыс жемісті болса, облыс өзі-өзін асырауға қауқарлы болмақ. Бұл жолда қала шаруаларының да үлесі бар. Яғни, ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнімнің көлемі 9,2 млрд теңге болып, өткен жылмен салыс­тырғанда 0,9 пайызға артты. Бүгінгі таңда 1445 тонна ет, 3268 тонна сүт, 371 мың дана жұмыртқа өндіріліп, сәйкес кезеңмен салыстырғанда ет өндіру – 102,4, сүт өндіру – 100,8, жұмыртқа 103,3 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы құрылымының барлық нысандарында 9036 гектар жерге ауыл шаруашылық дақыл­дары орналас­тырылған. Оның ішінде күріш дақылы 3406 гектар, бау-бақша дақылдары 990 гектар, көкөніс 1330 гектар, малазықтық дақыл­дары 2061 гектар жерге егілді. Диқандардың ала жаздай еткен еңбегінің жемісін көрер уақыт та жақындады. Қазіргі таңда егілген егінді жауын-шашынға қалдырмай, шашпай-төкпей жинап алу межесі тұр. Бұл салада айтарлықтай мәселе жоқ, – деді  А.Өмірбекұлы.

Қазіргі уақытта Қызылордада құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында СПМК-70/2 тұрғын ауданында  ипотекалық  50  пәтерлі 10 көпқабатты  тұрғын  үйдің  және  Сырдария өзенінің сол жағалауында 11  көпқабатты тұрғын үйдің құры­лысы  қолға  алынған. Оның ішінде 50 пәтерлі  6 көпқабатты тұрғын үй, 40 пәтерлі 4 көпқабатты тұрғын үй және 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Аталған тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қам­туға бюджеттен 1,2 млрд теңге қаралды. Ал, жеке инвесторлар есебінен қалада 9,9 млрд теңгеге 509 пәтерлі 18  үй  салынып  жатыр.

Айта кетейік, облыс әкімінің бастамасымен облыс орталығында бір мезетте қатарынан үш бірдей ғимараттың іргетасы қаланды. Олар – «Неке сарайы», «Көпфункционалды кешен (Өнер орталығы)» және  «Облыс­тық қан орталығының» құры­лыстары. Аталған нысандар алда­ғы уақытта қызылордалықтардың игілігіне пайдалануға беріледі. Бұл ғимараттар теңдессіз қаламыз­дың сәулеттік келбетіне көрік қосып, ынтымағы жарасқан тұрғындары­мызға  ерекше  тарту  болмақ.

Тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру мақсатында республикалық бюджеттен 1 млрд 260 млн теңге бөлініп, оған 128,7 шақырымды құрайтын жаңа электр желілері жүргізілуде. («СПМК-70» мөлтек ауданындағы «Болашақ бау-бақша» (3,8 км), «Орбита» аумағына (2,4 км), Тасбөгет кентіне (25,1 км), «Эдельвейс» аумағына (4,6 км), «Арай-Шұғыла» аумағына (9,2 км), Ақжарма ауылдық округіне (48,8 км), «Еңбек» аумағына (7,2 км), «Сабалақ аумағына» (27,6 км). Ал, әл-Фараби ауданындағы ауызсумен қамтылмай қалған аумақтарға ауызсу желісін тарту үшін 241,8 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға 16,5 шақырым ауызсу  құбыры  тартылуда. Аса қажет­ті  саналатын   ауызсу  және кәріз желілерін жүргізуге бюджеттен 3,2 млрд  теңге (8 жобаға)  бөлінді.

– Ауқымды жобаның тағы бірі – «Бәйтерек» шағын ауданындағы тұрғын  сектордың  инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы. Оның ішінде «ұңғымалар бұрғылау­мен су жинағыш құрылысын салу» жобасы. Республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 195 млн теңгеге қуат­тылығы  7200  текше  метр болатын 7 дана ұңғыма, 3 дана резер­вуардың құрылысы басталды. Біз осы жобаны жүзеге асыру арқылы «Бәйтерек» және  қосымша Шанхай, КБИ шағын аудандарында орналасқан жеке тұрғын үйлерді тұрақты қысымды сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін боламыз. Ал, газ желісі тартылмаған елді мекендердің бірі – Ақсуат ауылдық округі. Аталған ауылға 2022 жылы республикалық бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, газдандыру жобасының құны 4,8 млрд теңгені құрайды. 2023 жылы аяқ­талуы жоспарланған игілікті бастамаға 1,9 млрд теңге бөлініп, тұрғындар толықтай «көгілдір отынның» игілігін көретін болады, – деді қала әкімі.

«Ауыл  ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық және облыс­тық  бюджеттен 574,2 млн  теңге бөлінді. Атап айтқанда, Талсуат (277,1 млн теңге) және Қарауылтөбе (297,1 млн теңге) ауылдық округтерінде 150 орындық ауыл клубының құрылыстары жүргізілуде. Ал облыс орталығында және қалаға қарасты елді  мекендердегі жолдарды жөн­деу­ге   жергілікті  бюджеттен  3,3 млрд теңге  қаралды. Оған жалпы ұзындығы   83,4   шақырымды   құрайтын    86 көше жөнделуде. Оның бүгінгі таңда 22 көшесі аяқталды. Сондай-ақ, Белкөл кентінде теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құры­лысы (облыстық бюджеттен 251,2 млн теңге) жүргізілуде. Көпір жыл соңында пайдалануға беріледі. Қызылжарма каналы арқылы «Бәйтерек» ықшам ауданына өтетін көпір құрылысын салуға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз «Стандарт Ойл» ЖШС болып  танылды. Жоба құны – 368,6 млн теңге. Жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту  қоры» АҚ  арқылы  соңғы  үлгідегі 150 дана автобус алу (1 млрд 434 млн теңге) жоспарланды. Қазір бұл бағыттағы келіссөздер нақтыланып, көліктің алғашқы 40 данасы жеткізіліп, маршруттарға қосылды. Бұл автобустар арқылы қаладағы қоғамдық көлік қатынасындағы түйт­кілді мәселелерге нүкте қойылады. Соны­мен қатар, көлік қатынасын реттеуде қала аумағындағы 10 көшеге жаңа бағдаршамдар орнатылуда. Ол үшін облыстық  бюджеттен 164,9 млн теңге бөлінді. Конкурс нәтижесімен жеңімпаз атанған мердігер мекеме қазірде құрылыс-монтаж жұмыс­тарын  аяқтауға  жақын.

Кездесу одан әрі журналистердің ой-пікірі, ұсынысына  ұласты.

«Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редак­торы Нұрлан Көбегенұлы қалам­герлер аллеясын жаңғыртып, алдағы уақытта қала күні аясында баспасөз саласы қызметкерлерінің арасында спорттық турнир, әдеби-мәдени фестиваль өткізуді ұсынды. Алда Ақмешіттің астана болғанының 100 жылдығы келеді, сол уақыттағы қаланың тарихын зерттеп, тіпті кезінде осында ұлт қайраткерлері тұрған үйлердің қабырғасына тақтайша ілінсе, артық болмайтынын  жеткізді.

Бұл ұсынысты қабыл алған Асылбек Шаменов бүгінгі ұрпақ бойына өткенді, рухани-тәрбиелік рухты сіңіру жолында қалада өтетін түрлі мәдени-рухани, тарихи-тағылымдық  іс-шараға жастарды тартып, идеоло­гиялық тәрбие қалыптастыруға мән беруді айтты. Бір ай бойы қала күніне орай болып жатқан іс-шаралардың дені осы бағытты көздегенін, оған БАҚ-тың да белсенді болуын алға тартты. Сол арқылы жас ұрпақ­ты бүгін бар, ертең жоқ әлеуметтік желіден ажыратып, тарихы тасқа таңбаланатын газет-журнал, кітап оқытуға  қадам жасалғанын құп кө­ре­тінін  жеткізді.

Ал «Сыр бойы» газетінің бас ре­дак­торы Қуат Шарабидинов «Қала­ның дамуын бес жылдан ке­йін қалай елестете аламыз?» деп сауал қойды. «Қаланы кәсіпкерлік саласын дамыту арқылы өркендетіп, өрке­ниетке бетбұрыс жасауға болады. Бір мысал айтайын, азуы алты қарыс Американы, ондағы зәулім ғимараттарды мемлекет салған жоқ, кәсіпкерлер тұрғызды. Жергілікті билік инфрақұрылымын жеткізіп берген шығар, ал негізі нысандарды кәсіпкерлер салды. Біз де осы жолды таңдап, кәсіпкерлердің идеясын пайдалануымыз керек. Әрі инвестиция тартылады, бір жағынан, қала қарыштап дами түседі. Мемлекет те қарап қалмайды, арнайы бағдарламалар арқылы тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынады. Өндірісті дамыту үшін қиындықтардың барын жасыра алмаймыз. Мысалы, шеге шығару үшін оған темір керек, яғни істің көзін таба білу керек. Демек, үлкен өндірістің жанынан шағын кәсіпорындар ашылса, ол өндірісті дамытады. Нарықтық мүдделілік пайда болады. Кәсіпті дамыту үшін еңбек ету керек. Міне, біз осы қадамға барып жатырмыз. Сондықтан алдағы уақытта қала дамуының келешегі бар, оған анық көзім жетеді, яғни бес жылдан кейін құлпырған Қызылорданы көз алдыма елес­тетемін», – деді  Асылбек  Шаменов.

Өз кезегінде «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Нұрмағанбетов «Кадр бәрін шешеді» деген. Бүгінгі атқарылып жатқан, алдағы істелетін жұмыстардың бәрінде мамандардың үлесі бары анық. Жалпы, командаңызға көңіліңіз тола ма?» деп сұрады. «Әрине, қала әкімдігі маған таңсық емес. Кезінде әкімнің орынбасары болып қызмет еттім, сол кездегі әріптестерім жылы қабыл­дады. Олармен  бірлесіп, түсінісіп жұмыс істегеннен кейін, әрбір шаруа­ның шешімін оңай тауып отырмыз. Сондықтан да командама көңілім толады, оларға сенемін. Біз уақытпен  санаспаймыз. Халық дема­лып жатқанда, біз жұмыс істеуі­міз  керек», – деді  қала  әкімі.

Облыстық «Кызылординские вес­ти» газетінің бас редакторы Жәнібек Исаев туризм саласы мен қала ішіндегі көлік кептелісін азайту бағытында қандай жұмыстар істеліп жатқанын сұрады. Шаһар басшысы А.Өмірбекұлының айтуынша, қала­дағы көлік кептелісін болдыр­мау үшін кейбір көше қиылыстарын­да бағдаршамдар орнатылып, ескі теміржол өткелінен жерасты өткелін ашу үшін жоба-смета жасалып, тиісті орындарға беріледі. «Туризм қай жерде табиғаты жақсы, сол жерде жақсы дамиды. Әрине, Сыр елі табиғатымен туристі тарта алмауы мүмкін, алайда сервистік қолжетімділік болса, яғни қонақүй, тарихи музейді дамытсақ, олардың өздері-ақ келеді. Бізде аң-құс, балық аулау жағын дамытуға болады. Одан қалды, «Байқоңыр» ғарыш айлағы – «Қорқыт ата» кешені – «Қамбаш» көлі бағытында туристік турды ұйым­дастыруға мүмкіндік бар», – деді  А.Шаменов.

Осы жерде қалалық «Ақмешіт апта­лығы» газетінің бас редак­торы Әзиз Батырбеков Ақмешіттің алғашқы астана ретінде де келу­шілерді тартуға болатынына ой қос­ты. Сол жылдары Алаш арыстарының дені осы жерде өнімді еңбек еткен. Тарихта таңбаланып қалған талай туынды Қызылордада жазыл­ған. 1926 жылы осында ұлттық театр ашылды, өткенді жаңғырту үшін бүгінгі Н.Бекежанов атындағы театрдан бұрыш ашуға әбден болады.

Міне, дария жағасындағы қаланың туған күні бір-екі күндікте өз мәресіне жетеді. Бір ай бойы танымдық-тағылымдық, мәдени-әдеби іс-шаралармен тұрғындарға рухани серпіліс сыйлаған қала мерекесі орта­лық стадионда «Бірлік пен бақыт арнасы, қазақтың Қызылордасы» театрландырылған қойылым, мере­келік гала-концертпен қорытынды­ланады. Жалпы, осы қала күніне орай өтіп жатқан барлық іс-шараға қаржы қайдан бөлінді? «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Биқожаның осы сауалына қала әкімі Асылбек Шаменов: «Бұған бюджеттен бір тиын да бөлінген жоқ. Ал кейбір іс-шара мәде­ниет бөлімінің жылдық іс-жоспарына сәйкес қаралған қаржы арқылы ұйым­дастырылғанымен, дені жергі­лікті кәсіпкерлердің бастамасымен, демеушілігімен өткізілді. Әншілерді де сол кәсіпкерлер өздері шақырды. Құдай қаласа, сол күні қалада 300 орындық балабақша, бірқатар нысан ашылады, мұның бәрін жеке кәсіпкерлер өз қаржысына салған. Екі жылғы пандемия, бүгінгі геосаяси жағдайда елдің еңсесін көтеру үшін бизнесмендер өз бастамаларымен бізге келіп, қала күнінде мерекелік көңіл күй сыйлауды ұсынды. Біз қолдадық. Ашықтық, жариялылық, халыққа жақындық өз биігін алған сайын тіршіліктің де мазмұны айқын­дала түспек. Бұл жолда елдің бірлігі нығая берсін деп тілейік», – деді.

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: