Бүгін Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда «Жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің экожүйесі туралы» мәселе қаралды. Бұл жиындағы міндеттер бойынша қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов тиісті сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаны белгілі. Бұл – еліміздің цифрлық трансформациясын жеделдетуге, жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізуге және мемлекеттік басқару жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.
Сондай-ақ, Президент «Әрбір жаңа мемлекеттік қызмет көрсету ең әуелі цифрлық форматта жасақталуға тиіс» деген ұстаным білдірген еді.
Осыған сәйкес, Үкімет мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жаңа деңгейге көтеру, қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту, азаматтармен кері байланысты күшейту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бойынша нақты міндеттер қойды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүзеге асырылуда.
«Жұмыстар тек цифрландырумен немесе жасанды интеллектіні енгізумен ғана шектелмеуі тиіс. Ең алдымен мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заң талаптарының қатаң және мүлтіксіз сақталуы қамтамасыз етілуі қажет. Егер мемлекеттік қызмет көрсету барысында қарапайым рәсімдердің өзі сақталмаса, онда цифрландырудың да, жасанды интеллектінің де, басқа да жаңа технологиялардың тиімділігі толық нәтиже бермейді.
Сондықтан әрбір басшы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын, заң талаптарының сақталуын және қызмет көрсету мерзімдерін жеке бақылауына алуы қажет», — деді Нұржан Сәбитұлы.
Мәжілісте күн тәртібінен бөлек бірқатар мәселе талқыланып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар берілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!