Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баланы кітап оқуға қалай қызықтырамыз?

01.05.2025, 9:20 474

Ұлттық кітап күні қарсаңында «еліміздегі балалардың қанша пайызы күнделікті кітап оқиды?» деген ақпаратты интернеттен іздеп едім, мардымды ештеңе таппадым. 2024 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстандағы 249 балалар кітапханасына зерттеу жүргізіпті. Сөйтіп, жыл соңында еліміздегі жас оқырмандардың саны  1 733 686 адам деген қорытынды шығарыпты. Ал, еліміздегі балалардың саны 7 млн-ға (2024 жылғы 1 қаңтардағы статистика бойынша 6 841 527 бала бар) жуықтайтынын ескерсек, балалардың қанша пайызы кітап оқитынын бағамдай беріңіз. Жаһантордан мәлімет іздеп отырып, «Қазақстандағы балалар әдебиетіне деген сұраныс бар-жоғы  8 пайызды құрайды» деген деректі оқыдым. Жыл сайын мемлекет арнайы қаражат бөліп, балалар кітапханалары бірнеше мыңдаған дана кітапты сатып алады. «Сонда неге кітап оқуға қызығатын балалардың саны азайып барады?» деген сауал көкейімнен  кетпей қойды.

КІТАП  –  МИДЫҢ  ҚОРЕГІ

Өзімше шағын зерттеу жүргізбек болып, әуелі кітап оқуға қатысты ғалым­дардың ашқан жаңалықтарына үңілдім. Денис Дидроның «Ештеңе оқымаған адам ештеңе ойлан­байды да» деген қанатты сөзі бар. Кітап оқыған баланың ғұмыры ұзақ болатынын Йель университетінің  ғалым­дары дәлелдеген. Йель ғалым­дары 12 жыл бойы кітап оқуға әр аптада 3,5 сағат уақытын бөлген бала­лардың кітап оқымаған баладан бірнеше жыл ұзақ өмір сүретінін анықтаған. Олар кітап оқу адамның миының клеткалары арасындағы байланысты ұлғайтып, ғұмырды қысқартатын аурулардың қаупінен сақтайтынына  көз  жеткізген.

Сассекс  университетінің қыз­меткерлері кітап оқуға қатысты мынад­ай  бір  жаңалықты  жария  етті. Қазір күйзеліссіз өмір сүрмейміз. Соның әсерінен инсульт я болмаса жүрек-қан тамырлары аурулары көбейді. Ал Сассекс ғалымдары кітап оқыған адамның күйзеліске шалдығу деңгейі 68 пайызға төмендейтінін анықтаған. Бұл музыка тыңдау мен таза ауада серуендеуден де асып түсті. Сөйтсек, жүрек  қағысының баяулауы және бұлшық еттер­ге түсетін күштің азаюы үшін күн сайын 6-10 минут кітап оқысақ жетіп жатыр екен. Ал Чикагодағы Раш университетінің ғалымдары бала күнінен есейгенге дейін кітап оқуды тастамаған адамның Альцгеймер дертіне шалдықпайтынын дәлел­деген. Олар бұл жаңалықты ашу үшін орташа жасы 89-ды құрайтын 294 егде адамға бірнеше жыл бақылау-зерттеу  жүргізген.

«Кітап оқыған баланың ұйқысы тыныш, зейіні  жоғары  болады»  дейді Майо емханасының дәрігерлері. Демек, ұйқыға жатар алдында әр бала­ға кітап оқытсақ, құба-құп. Көркем шығармадағы кейіпкерлермен «тілдескен» бала тез ұйқыға батады. Ол кітаптағы кейіпкердің көңіл кү­йін, мінез-құлығын өзінің мінезімен, болмысымен салыстырып, өзгелерді дұрыс түсінуге талпынады. Яғни, кітап – мидың қоре­гі деген сөз. Ал баланың қолына смартфон берсеңіз, оның бетке тіке түсетін жарығының өзі тәтті ұйқыға әсер ететін мелатонин гормонының түзілуін төмендетіп, денсаулығына кері  әсерін  тигізет­інін  біліп  жү­рейік.

ҚАЛАЙ  ҚЫЗЫҚТЫРАМЫЗ?

«Цифрлық технологиялар зама­нында баланы кітап оқуға қалай бау­лимыз?» деген сауал әркімді ойландырады. Мәселен, неміс балалары соңғы  кездері  көп ақшасын кітап сатып алуға жұмсайды. Неміс кітап саудасы биржалық одағының дерегіне сүйенсек, 2024 жылы 2023 жылға қарағанда 2  млн неміс кронасына артық  сомаға кітап сатылған. Германиядағы кітап оқу мәдениетіне келсек, бұл жерде жынысы мен жасына қарай айырмашылықтар бар. Мыса­лы, әр отбасындағы әрбір бесінші қыз бала күн сайын кітап оқиды, ал ұл балалар арасында бұл көрсеткіш бар-жоғы  9 пайызды құрайды. Ешқашан қолына кітап ұстамайтын қыз балалардың үлесі 12 пайыз болса, ұл балалар арасында бұл көрсеткіш одан жоғары. Немістермен салыстырсақ, орташа қазақстандық отбасы  жыл  сайын  кітап  сатып алуға 5 есеге дейін кем ақша жұм­сайды  екен.

Германияда кітапты дауыстап оқудың жалпыгермандық күні деген атаулы күн бар. Сол күні қоғамдағы барлық зиялы қауым өкілдері, таны­мал  тұлғалар балабақша, мектеп­терге барып, балаларға дауыстап қызықты кітаптарды оқып береді. «Дауыстап оқу ата-ана мен баланың, мұғалім мен оқушының арасындағы эмоционалдық қарым-қатынасқа жағымды әсерін тигізеді» дейді сарапшы Симоне Эмиг. Ол жастайы­нан кітапты дауыстап оқыған бала­ның жоғары сыныптарда оқуды меңгеру, түсіну деңгейі артып, барлық пәндерді жылдам оқи алатын дәрежеге  жететінін  айтады.

«Кітапты дауыстап оқу» атты кітап­хана сағаты Астана мектептерінде де бар.

«Дауыстап оқу бір ойды оңай және дәл жеткізуді үйрену­ге мүмкіндік береді. Баланың сөздік қорын молайтып, ой-өрісін а­рттыруға, дикцияны, интонация­ны, эмоционалды бояуды, сөйлеу дұрыстығын және оның басқа элемен­ттерін жақсартуға көмектеседі. Ғалымдар ата-анасы кішкентай кезінен бастап кітапты дауыстап оқып беретін балалардың сөйлеу дағдысы жақсы қалыптасып, сауатты жазатындығын және ақпаратты тез сіңіретіндігін анықтаған. Осы мақсатта мектеп кітапханасында «Дауыс­тап бірге оқимыз!» атты кітапхана сағатын тұрақты өткі­зіп тұрамыз»  дейді  елордадағы Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицей­дің кітапхана меңгерушісі Құндыз  Тастан­бекқызы.

Балаларды кітап оқуға қызық­тырудың әртүрлі тәжірибесі бар. Соның бірі – Райымбек батыр атындағы №50 Қазғарыш мектеп-ли­цейіндегі «Кітап оқып, велосипед ұтып ал!» деп аталатын интеллек­туалдық  жарыс.

«Мұндай тамаша үрдісті былтыр­дан бері қолға алдық. Мектепте бала­лардың оқыған кітабын талдау­ға, кітапқұмарларды жарнамалауға ерекше көңіл бөлеміз. 2023 және 2024 жылға қарағанда биыл бұл жарысымыз өте қызықты, әсерлі өтіп жатыр. Балалар бір жыл бойы кітап оқып, әртүрлі сауалнамаға қаты­сады. Сұрақтарға жауап беріп, сыннан сүрінбей өткен үздік оқушылар вело­сипед ұтып алады. Оқу жылының соңындағы жиында велосипедті салта­натты түрде тапсырамыз» дейді аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұраш Фазылғаламқызы.

Астана тұрғыны Камариден Жұ­мекенов мектепте бір-біріне кітап сыйлау дәстүрін қайта жаңғырту керек­тігін  айтады.

«Біздің бала күнімізде мектепте бір-бірімізге кітап сыйлайтын едік. Жыл сайын сыйлыққа алған кітап­тарымыз көбейе беретін. Жазғы демалыста сол кітаптарды қызыға оқып, бір-бірімізге әңгімелеп бере­тінбіз. Досым, сыныптасым, інім, қарындасым, көршім сыйлаған, өзім сатып алған кітаптардан жеке кітапханам қалыптасты. Қазір осы дәстүрді жаңғырту керек. Жаңа кітаптардың тұсаукесерін мектептерде өткізуден бастаған жөн. Бұл – баланы кітап оқуға қызықтырудың таптырмас  тәсілі»  дейді  ол.

Жуырда «Зерде лицейі» мекте­бінің 9-сынып оқушыларымен, ұстаз­дарымен жүздесуге бардым. «Медиа және тұлғалық даму: бізді кім тәрбиелеп жатыр?» деген тақырыпта ашық пікірталас форматында өткен жиында зерттеуші-педагог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар­гүл Дүйсенғалиева баланы кітап оқуға қызықтыру үшін әлеуметтік желілерге, интернетке белгілі бір  шектеу  қою қажеттігін айтты.

«Сингапурға барған сапарымда балалардың білім алуға, кітап оқуға және өз мамандығын таңдауға баулудағы тамаша үрдістерді өз көзіммен көрдім. Ең бастысы, жағымсыз әрі керексіз ақпарат тасқынында баланың  ой-санасын былғамауға ерекше көңіл бөлінген. Мектепке баратын оқушының қолына кітап ұстатады. Ол біздегідей кез келген уақытта интер­нетке кіріп, әлеуметтік желілердегі өзіне керексіз ақпаратты тұтынбайды. Бізге де осындай заң, тәртіп керек. Дамыған елдердегі үздік тәжірибені үлгі етсек, Парламентіміз балалардың әлеуметтік желілерді қолдануына қатысты шектеу енгізетін заң қабылдаса, нұр үстіне нұр болар еді» деді Ж.Дүйсенға­лиева.

АСТАНАДА  НЕШЕ  БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ  БАР?

Елордамызда 22 кітапхана бар, соның ішінде 8-і – балалар кітап­ханасы. Бұл рухани орданың қызме­тін тұтынушылардың 30 пайызы – мектеп  оқушылары.

«Жыл сайын бас қаладағы кітап­ханаларға жаңа кітап сатып алуға 40-50 млн теңге қаражат бөлінеді. Соның ішінде балалар әдебиетіне жататын жаңа  авторлардың, танымал  тұлғалардың  шыққан кітап­тарын да  сатып аламыз. 22 кітапханада жалпы 800 мыңнан аса кітап қоры бар. Тұрақты оқырмандарымыздың саны – 83 мың адам. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді» дейді Астана қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры  Гүлбадан  Мадибаева.

Осы жерде қаладағы  кітапханалар қызметін пайдаланушылардың әлеуметтік портретіне назар са­лайық. Негізінен алғанда, кітапхана қызметін пайдаланушылар тобын оқушылар, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, қызмет­керлер, шағын бизнес өкілдері (жеке кәсіпкерлер), зейнеткерлер, уақытша жұмыс істемей­тін азаматтар  құрайды. Пайыздық  үлесіне келсек, оқырмандардың 29%-ы – орта мектеп оқушылары, 22%-ы – ЖОО   студенттері,  18%-ы – орта оқу орындарының оқушылары, 10%-ы – басқалар, 9%-ы – коммерциялық ұйымдардың қызметшілері, қыз­меткерлері, 7%-ы – жұмысшылар, 5%-ы – зейнеткерлер. Яғни, барлық оқырман санының 68 пайызын мектеп, колледж оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері құрайды деген сөз. Мысалы, Конс­титуция көшесіндегі №8 балалар кітапханасы 10 мектеп лицей, гимназияның (№19, №20, №25, №26, №36, №46, №58, №60, №61, №62) оқушыларына қызмет көрсетеді. Жеңіс даңғылындағы №3 балалар кітапханасы 5 мектеп оқушысына, музыкалық академия студенттеріне қызмет етеді. Яғни, қала тұрғындары саны өскен сайын, кітапханаға қажеттілік мәселесі де ұлғая беретіні сөзсіз.

ҚАЙТКЕНДЕ  БАЛА  КІТАППЕН  ДОС  БОЛАДЫ?

Әлбетте, баланы кітап оқуға қызықтыруд­ың  неше түрлі тәсілі бар. Интернетке кіріп: «Баланың кітап оқуға қызығушылығын қалай оятамыз?» деп жазсаңыз, шыға береді. Ол жердегі ақыл-кеңестер: «Кассиль тәсілі», «Искра Даунис тәсілі», «Кітапты оқуға тыйым салу» деп тізбектеле береді. Осыған орай, өз тәжірибемнен бірнеше ұсыныс-ойларымды, тәсіл-тілектерімді оқырман назарына жеткізгім келеді.

1. Бала айтқанды емес, көргенін істейді. Осы қағиданы әрқашан есте ұстаңыз. Әр баланың қаршадайынан кітап оқуға қызығушылығы оянуы үшін ол отбасында кітап сөресі, кітап оқу дәстүрі, кітап сатып алу мен сыйлық­қа беру үрдісі қалып­тас­са, бала­ға  тамаша үлгі-өнеге болары анық. Бала  кезімізде ата-ана­мыз, аға-әпкелеріміз әдеби кітаптарды жарысып оқитын. Ауыл кітап­ханасынан үйге кітап әкеліп оқу, оқыған кітаптардың қызықты жерлерін бауыр­ларыңа әңгімелеп беру, кітап атауы мен авторларын, кейіпкерлерін бір қалың дәптерге жазып алу деген дәстүр болушы еді. Бүгінгі таңда үзіліп қалған осы дәстүрді жаңғыртайық. Мереке күндері балаларға жаңа, қызықты кітап сатып әперейік. Әрине, балаға сен кітап оқы деп алып, өзіміз смартфоннан шықпай отырсақ, бұл тәсіліміз іске аспайды. Бала ата-анасына еліктеп өседі.

2. Кітапты баламен бірге оқу. Ол үшін баланың жас ерекшелігін ескеріп, қызығып оқитын кітап таңдау маңызды. Қазір дүкендерде орыс тілінен сапасыз аударылған, тілі күрделі кітаптар да, оқиғасы бала­ға қабылдауға ауыр әртүрлі ерте­гі де көп. Бұл жерде суреті көз тартатын комикстер, иллюстрациялық туындылар ерекше рөл ойнайды. Сол кітапты ата-анасы баласымен бірге оқыса, тіптен тамаша. Мысалы, сол кітаптағы кейіпкерлердің рөлдерін бөліп алып, бір кейіпкерді анасы, екінші кейіпкерді баласы оқыса, әсері ғажап болады. Мұндай кезде баланың кітап оқуға деген ынтасы артып, өзінің отбасындағы орны, құрметі  бар  екеніне  қуанады.

3. Баланың кітап сөресін жасап беріңіз. Кітабы көп үйдің кітап жоқ үйден айырмашылығы бар. Ол – әр баланың бойында жүре келе қалыптасатын кітап оқуға деген ынты­зарлық, қызығушылық. Өйткені, сөре-сөре толып тұрған кітаптарды көріп өскен бала әкесіне не анасына ұқсап, кітап жинағысы келеді. Кейбір кітапты өзінше оқып, өз сөресіне күн сайын әрқилы орналастырып, кітапты құрметтеуді үйренеді. Сөйтіп, өсе келе кітап жинай беру емес, оны оқу мұрат екенін түсінеді. Олардың санасына «Кітапсыз үй – терезесі жоқ бөлме» деген қанатты сөзді құя  алсақ, ұтамыз. 

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: