Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылды көтеру – қазақты көтеру

28.11.2022, 10:10 484

HALYQLINE.KZ

Сонымен Президент ұлықталды. Мемлекет басшысының қалай ант бергенін көрдік. «Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым», –деді Қ.К.Тоқаев ел алдында. Шынын айтқанда бұл пафоспен айтылса да үміт ұялататын сөз. Әділдік құруға талпыныс әлбетте құптарлық.

Алғашқы қадамы қалай болар екен деп едік. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімі үстінде қол қойған №1 жарлығы ауылды көтеруге бағытталыпты. Ол «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» деп аталады. Онда Үкіметке 2023 жылғы 31 наурызға дейін осы тұжырымдаманы қабылдау тапсырылған. Ауылды көтеру дегеніңіз – қазақты көтеру деген сөз. Бұған кәдімгідей ішіміз жылып қалды.

Ауыл инфрақұрылымдарын жетілдіру, мектеп, емхана, байланыс, ауызсу, жол, жайылым, т.б. проблемалар шын мәнінде күйіп тұр. Заңсыз жекешеленіп кеткен жерлер мен жайылымдарды қайтару, әділетсіз сот шешімдерін бұзып қайта қарау, ауыл шаруашылығын несиелеудің оңайлатылған және жеңілдетілген жолдарын қарастыру, кадрлардың мемлекетшілдік қасиеттерін жетілдіру, т.б. мәселелер әділеттілікті қалайды.

Есімізге 2003-2005 жылдары да «Ауыл жылы» деп жарияланғаны түсті. Үш жылдың бiрден ауыл жылына арналғаны бәрімізді қуантқан. Ол үшiн бюджеттен осы үш жылды қосып алғанда, кемінде 150 млрд теңге бөлiндi. Тек осы «ауыл жылдары» аясында негiзгi қорды қаржыландыруға 600 млрд теңге жұмсалды. Бірақ «су аяғы – құрдым». Халық риза болатындай еш нәрсе жасалмады. Яғни жарлық шығару бір басқа, оның орындалуы бір басқа екен. Қ.К.Тоқаев қолында құзыреті тұрғанда Омар халиф сияқты өзінің берген пәрмендерін өзі тексеріп тұрғаны абзал.

Президенттің №2 жарлығы «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» деп аталады. Бұл кәдімгі өзіміз зарлап айтып жүрген Н.Назарбаевтан бастап, оның отбасы мүшелерінің, сыбайлас жемқорлардың Қазақстаннан тысқары жерлерге, офшорлық есепшоттарға тыққан, жасырған қаражаттарын айқындау, олардың заңсыз табылған қаражат екендігін дәлелдеу және елге қайтарудың құқықтық тетіктерін жасау мәселелерін қамтиды. Онда заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетіктерін регламенттеу және заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен қайтаруды ынталандыру көзделген. Алайда бұл жарлық Біріккен Араб Әмірлігінің азаматына, яғни экс-елбасыға қатысты бола ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Бірақ «Заң алдында жұрттың бәрі тең» екендігін ескерсек, оған да тықыр таянатыны күмәнсіз.

Жарлықта заңсыз шығарылған активтерді жинақтайтын және оларды Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағыттайтын арнаулы мемлекеттік қор құру да көзделген.

Президенттің бұдан кейінгі Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалды. Оның ар жағында Парламент Мәжілісінің сайлауы, жаңа Үкімет жасақтау сияқты күрделі оқиғалар кезек күтуде. Яғни Қазақстан өз тарихындағы тағдыршешті кезеңге аяқ басты деген сөз. Жеті жылдық президенттік мерзімдегі алғашқы қадамдар оның өзі үшін де, қазақ халқы үшін де қайырлы болсын дейміз!

Марат  Бәйділдаұлы  (Тоқашбаев),

жазушы-публицист

Көрнекі фото

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: