Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудандар ахуалын орынбасарлар оңынан шешеді

29.10.2022, 16:00 154

HALYQLINE.KZ Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасарлары аудандағы мәселелер жайын біліп, ахуалды бір барлап келді. Иә, бір орында отыра бергеннен түк шешілмесі анық. Сол үшін де аймақтардың тыныс-тіршілігін, әлеуметтің әлеуетін, құқықтық саладағы шиеленістерді өз көзімен көріп, халықпен тілдесіп те үлгерді.

Көшті ең әуелі Мархабат Жайымбетов бастады. Ол әуелі Сырдария ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекет басшысының тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында құқық қорғау органдарымен құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және тағы да басқа мәселелер бойынша аудан тұрғындарымен қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға облыстық прокурордың орынбасары Бахытжан Мырзабаев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Даурен Ибраев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасары Сабыр Түменбаев және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті бастығының бірінші орынбасары Асылхан Ашықов қатысты.

Қабылдау барысында тұрғындардың жеке әлеуметтік мәселелерімен қоса Аманкелді ауылы бойынша «Жетікөл жарма» каналын тазарту, Шіркейлі, С.Сейфуллин ауылдық округтеріндегі жер мәселесі және Қалжан ахун ауылында мал ұрлығы, Айдарлы ауылынан қылмыстық іс бойынша жеке мәселелерін жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов және аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының басшылары тарапынан тиісті қолданыстағы заңдылықтармен түсіндірме берілді. Көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, құқықтық кеңестер айтылды. Әрбір мәселе бойынша жеке-жеке тоқталып, тиісті жазбаша жауап берілетіндігі жеткізілді.

Содан соң облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетұлы Тереңөзек кентіндегі №210 орта мектебінің жылу беру маусымына дайындық барысын және бу қазандығын газға қайта жабдықтау жұмыстарын, А.Алиакбаров көшесіндегі демеушілік есебінен жаңадан салынған спорт алаңы жұмысымен, сонымен қатар, И.Тоқтыбаев көшесін орташа жөндеу және көшенің екі бетіне жаяу жүргіншілер жолын салу, темір бетонды латок орнату жұмыстарымен және Сырдария аудандық ауруханасын бу қазандығын газға қайта жабдықтау жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімінің орынбасары іссапар барысында қамтылған барлық нысандар бойынша жауапты мердігерлер мен тиісті сала басшыларына құрылыстарды уақытында аяқтап, сапасына жауапкершілікпен қарауды жүктеді.

Әкім орынбасары жұмыс сапарын Қармақшы ауданында жалғастырды. Мархабат Жайымбетов аудан әкімдігінде қабылдау өткізді. Қабылдау барысында тұрғындардың жеке әлеуметтік мәселелері мен қоса Жосалы кентіндегі темір жол үстіне көпір немесе көпірдің болмау себепті теміржол өткелінде тәртіпке қайшы кептелістің жиі орын алуы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізін кең жолақты ету мәселесі, Ресей Федерациясында тіркеуде тұрған автокөліктердің есепке қою тәртібі туралы және құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныс-пікірлер айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары және құқық қорғау органдарының басшылары тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес түсіндірме жүргізді. Қабылдауда айтылған әрбір мәселеге жеке-жеке тоқталып, тиісінше жазбаша жауап берілетіндігі жеткізілді.

Қоғамдық қабылдаудан кейін Мархабат Жайымбетұлы Жосалы кентіндегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Алдымен Жосалы кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған жоба құрылысын мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Сапақ» ӨК жүргізіп келеді. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан жақын арада тұрғындар игілігіне берілмек. Сонымен бірге Қармақшы аудандық ауруханасы қазандығының ғимаратын қайта жабдықтау бойынша жөндеу жұмыстары және Жосалы кентіндегі №30 орта мектептің жылу жүйесін сұйық отыннан сұйытылған газге ауыстыру барысындағы құрылыс жұмыстарын да көрді.

Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша және облыстық бюджет арқылы ауызсу және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстары негізінде Қармақшы ауданына қарасты елді мекендерінде 3 жоба жүзеге асуда. Оның бірі – Қармақшы ауылындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жұмыстары. Облыс әкімінің орынбасары «Теплоэнергострой» ЖШС бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жобаның жұмыстарын бағамдап, көптен бері кезегі күткен игі жобаның жергілікті жұртшылық үшін аса маңызды екендігін жеткізді. Нысандарды аралау барысында мердігерлерге әрбір нысан өз мерзімінде және сапалы жүргізілуі керектігін тапсырды.

Мархабат Жайымбетов Жалағаш ауданына да барды. Әкімдіктің мәжіліс залында аудан тұрғындарымен қабылдау өткізді. Қабылдау барысында тұрғындардың жеке әлеуметтік мәселелерімен қоса Жалағаш кентіндегі М.Шәменов көшесін асфальттау, Қаракеткен ауылының аяқ су мәселесі, сатылып кеткен автокөліктердің салығы туралы, мұрагерлік жер үлестерін рәсімдеуге байланысты жеке мәселелерін жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов және құқық қорғау органдарының басшылары тарапынан тиісті қолданыстағы заңдылықтармен түсіндірме берілді. Көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, құқықтық кеңестер айтылды. Әрбір мәселе бойынша жеке-жеке тоқталып, тиісті жазбаша жауап берілетіндігі жеткізілді.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетұлы М.Шәменов ауылындағы орташа жөндеуден өткізілген Абылай хан көшесімен, «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылыс жұмыстарымен, «Ақмаржан» балабақшасы ғимаратының жылу жүйесін газға ауыстыру жұмыстарымен, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.

Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов Жаңақорған, Шиелі аудандары тұрғындарымен қабылдау өткізді. Қабылдау барысында тұрғындар аяқ су, мал азығын сатып алу шығындарының бір бөлігін субсидиялау, селекцияға қатысты ірі қара мал мен қойдың төліне қойылған шектеуді төмендету, лизинг арқылы берілетін техникалардың лимитін көтеру резервке қалдырылған 20 пайыз жер үлесін ауыл тұрғындарын бөліп беру мәселелерін жеткізді. Көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, құқықтық кеңестер айтылды. Әрбір мәселе бойынша жеке-жеке тоқталып, тиісті жазбаша жауап берілетіндігі жеткізілді.

Серік Қожаниязов жұмыс сапарында Бірлік елді мекеніндегі №55 орта мектептің күрделі жөндеу және Бірлік елді мекенін газдандыру жұмыстарымен танысудан бастап әрі қарай Байкенже ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, толғандырып жүрген мәселелерін талқылады. Қожамберді ауылдық округіндегі «Қожамберді-Бірлестік» АӨК электр жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстарын көрді.

Шиелі ауданында да осы бағытта қабылдау өткізді. Қабылдау барысында тұрғындардың жеке әлеуметтік мәселелерімен қоса Майлытоғай, Қоғалы ауылдық округтері бойынша «Жаңарық» каналын және «Итаяқ» көлін тазарту, Ақтоған, Жаңатұрмыс ауылдық округтеріндегі жер мәселесі, Қарғалы ауылдық округі, Бұланбай бауы елді мекеніндегі ауыз су мәселелері көтерілді.

Барлық сұрақтар бойынша тиісті қолданыстағы заңдылықтармен түсіндірме берілді. Көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, құқықтық кеңестер айтылды. Әрбір мәселе бойынша жеке-жеке тоқталып, тиісті жазбаша жауап берілетіндігі жеткізілді. Сонымен қатар, облыс әкімінің бірінші орынбасары «Ауыл-ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шиелі кентінде салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен, Ы.Жақаев атындағы саябақта көркейту көгалдандыру барысын, «Ауыл-ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Н.Бекежанов елді мекеніндегі 14,6 шақырымды құрайтын орташа жөндеуден өткен 15 көшенің жұмысымен танысты. Серік Қожаниязов іссапары барысында қамтылған барлық нысандар бойынша жауапты мердігерлер мен тиісті сала басшыларына құрылыстарды уақытында аяқтап, сапасына жауапкершілікпен қарауды жүктеді.

Бұл жолғы сапарда әкім орынбасарлары барлық ауданды қамтығанды құп көрген секілді. Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету секілді мәселелер бойынша аудан тұрғындарымен қабылдау өткізді. Басқосуда аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, көмек көрсетуді сұрады. Сондай-ақ, Әйтеке би мен Қазалы қаласының аралығында жаңа мектеп ғимаратын, Бозкөл ауылынан типтік жобада жаңа балабақша салу, тұрақты жұмыспен қамту және тұрғындардың жеке мәселелері бойынша бірнеше ұсыныстар айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов пен құқық қорғау органдарының басшылары тарапынан қабылдауда болған барлық тұрғындарға қолданыстағы заңдылықтармен түсіндірме берілді. Кездесу барысында облыс прокурорының орынбасары Бақытжан Мырзабаев пен облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді құқықбұзушылыққа қатысты тұрғын тарапынан көтерілген жеке мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, құқықтық кеңес берді.

Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына қоғамдық қабылдауда айтылған өтініштерге сәйкес белгіленген заң аясында тиісті жұмыстар атқаруды тапсырылды. Қоғамдық қабылдаудан кейін облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандар мен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын аралады. Алдымен Қазалы қаласындағы 140 орындық балабақша құрылысы мен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысты. Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектеп пен жақында ғана пайдалануға берілген спорт кешенінің жұмысын көрді.

Облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов жұмыс сапарын Арал ауданында жалғастырды. Құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Нұрымбет Аманұлы іссапарды өңірдегі әлеуметтік нысандарды аралаумен бастады. Оның ішінде күрделі жөндеуді қажет ететін және бу қазандықтарын көгілдір газ отынына ауыстыратын ғимараттармен танысты.

Алдымен қала аумағында орналасқан №220 орта мектеп пен №14 мектеп-лицейінің бастауыш ғимаратына барып, жай-күйін көріп шықты. Екі нысанда қазіргі таңда күрделі жөндеуді қажет етеді. №220 мектепті жөндеуден өткізу үшін жоба сметалық құжаттама дайындауға мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, №14 мектеп-лицейінің бастауыш ғимараты үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Сонымен қоса, облыс әкімінің орынбасары №14 мектеп-лицейі мекемесінің жылыту қазандықтарының жұмыс барысын бағамдады.

Одан соң аудандық мәдениет орталығының бүгінгі жағдайымен танысты. Ғимарат 1937 жылы пайдаланылуға берілген. Аталған орталықта 8 жыраулық және 2 әуесқой үйірме жұмыс жасайды. 2019 жылы жеке шаруашылық серіктестігінің сараптамасына сәйкес ғимарат апаттық жағдайда деп танылған. Бүгінде нысанды қайта құру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, тиісті салалық басқармаларға ұсынылған. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Жақсықылыш кентіндегі дәрігерлік амбулаторияда болды. Ғимарат қазіргі таңда сұйық отынмен жылытылады. Дәрігерлік кешенді көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Облыс әкімі орынбасарының Арал ауданындағы жұмыс сапары аудан әкімдігінің мәжіліс залында қорытындыланды. Қоғамдық қабылдауға облыс прокурорының орынбасары Б.Мырзабаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Е.Замишев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Б.Байкелді қатысты.

Қабылдау барысында тұрғындар жеке әлеуметтік мәселелерімен қоса кәсіпкерлік қолдау, Сексеуіл кенті бойынша тұрмыстық қалдықтар полигонын тазарту, өрт сөндіру бекетін салу сынды мәселелерін жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және құқық қорғау органдарының өкілдері келуші азаматтар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу жолдары бойынша қолданыстағы заңдылықтармен түсіндірмелер беріп, құқықтық кеңестерін айтты. Тұрғындарды толғандырған әрбір сауалға жеке-жеке тоқталып, тиісті сала басшыларына азаматтардың мәселелерін ескерусіз қалдырмай, заң аясында қарастыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, облыстық және аудандық прокуратура қызметкерлері «Заң керуені» акциясы аясында құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша ауданға қарасты Жақсықылыш кенті және Аққұм, Аманөткел, Жетес би, Райым, Аралқұм, Сапақ, Ақирек, Қамыстыбас, Қосжар, Сазды, Жіңішкеқұм елдімекендерінде халықпен кездесу өткізді.

А.СЫРЛЫБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: