Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атақсыз да атақты ақын болам!

23.11.2023, 10:40 750

Ершат  ҚАЙБОЛДИН

Ершат Қайболдин, 1993 жылы мамырдың 9-жұлдызында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кенті, Қайыңды ауылында дүниеге келген. Облыстық, республикалық айтыстардың, жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Ершат жазба ақындықты жастайынан жанына серік етіп келеді.

Талай хит әннің авторы алдағы 8 желтоқсанда Ақтөбе қаласында Өнер орталығында «Достарға» атты концерт береді. Біз бүгін ақынның бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

МЕН  СЕНЕМІН

Мен сенемін, ертең бір күн келеді,

Сахаралар көктейді, гүлденеді.

Қулық-сұмдық жойылып, жер бетінің

Бос қалады қаңырап түрмелері.

Доңыздар да тиіспей қоңыздарға,

Бас иеді қыранға нағыз қарға.

Білесің бе, сол кезде жауыздар да,

Қойдың өзін аяйды бауыздауға.

Ұрылар да сол кезде, қарылар да,

Малын қосып қояды малы барға.

Бір-бірімен ағайын араласып,

Адам таппай қалады сағынарға.

Жарылқайды байлар да көп кедейді,

Сұрай қалса бар дейді, жоқ демейді.

Бәрі жақсы болғасын барлық адам,

Өкпелейтін жан таппай өкпелейді.

Ертең-ертең керемет күн келеді,

Сеземін ғой, сеземін бірдеңені!

Гүлденеді дүние, түрленеді,

Мен білмеймін, ол күнді кім көреді?

МЕНІҢ  АНАМ…

Зәрезап болғаныммен айналадан,

Шыдаймын ғой, шыдамай қайда барам?

Бар болса маған құшақ жайған адам,

Ол сенсің, қайран, анам!

Қайран, анам, қолтықтан демеп жүріп,

Мен үшін жүрегін де берер жұлып.

Мектепте табаныңды тоздырдың-ау,

Маңдайыңның терімен еден жуып.

Бұл күндері ұл өсті, қыз жетілді,

Әңгімелер айтылды бізге түрлі.

Жұрттан ұят болса да қимай жүрсің,

Қыз кезіңнен жасаған қызметіңді.

Жеті бала өсірдің қалып тойдан,

Мен билікке қайранмын, салыпты ойран…

Қолыңа шүберек пен шелек беріп,

Мойныңа алтын алқа тағып қойған.

Ана, сенің жүрегің тоқтамасын,

Әлі талай менімен мақтанасың.

Еден жуып жүріп-ақ сен тарихта,

Ұлы ақынның анасы боп қаласың!

ТОҚТА,  БАЛА

Тоқта, бала, шет тілде шүлдірлеме,

Қадірін қашырасың тілдің неге?

Сұңқардай саңқылдауға міндеттісің,

Қарғадай қарқылдама, бұлбұлнеме!

Сен туғанда қай тілде іңгәладың,

Бесік жыры емес пе тыңдағаның,

Ана тілің қазақтың тілі шығар?

Бабаңның шежіресін бір қарағын!

Көкке қарап ұлысаң, зорсың, бала,

Жерге қарап шошқадай қорсылдама!

Қара көзім, көк көз де, қысық көз де,

Ешкімің емес, сенің – көршің ғана!

Ешкімің емес олар енші берген,

Бірақ, бала, тату бол көршілермен!

Айдаһардай ысқырмай, Арғымақтай

Кісінесіп көрейік, келші бермен.

Өзге тілде ойлайсың, ішіп-жейсің,

Бәрі, бәрі болашақ үшін дейсің.

Бұл өлеңді несіне жаздым екен?

Сен бәрібір қазақша түсінбейсің!

ҰЛЫМА  АҚЫЛ

Не деп ақыл айтайын, ұлым, саған?

Жетпей отыр ақылым бүгін соған!

Сұрап алма, тартып ал керегіңді,

Өмір деген өйткені қыңыр-сараң.

Сен сүрініп кеткенде тік тұрамын,

Шыр-пыр болып шырылдап шықты жаным.

Дос таңдамай бәрімен сыйласа бер,

Бірақ, жаудың таңдап ал мықтырағын.

Бөрі етектен алғанда, жау жағадан,

Талайлар арын сатып, саудалаған.

Нан алатын ақшаңды жоғалтсаң да,

Намысыңды жоғалтып алма, балам!

Ел басына күн туса, тұғырдасың!

Атойлап шап, ақ туың жығылмасын.

Қырандай қыршын болсын жұмыр басың,

Не қыласың қарғаның ғұмыр-жасын?!

Жолдан іздеп жолықтыр азығыңды,

Бір айналып табарсың қазығыңды.

Тұлпар болсаң естіртші дүбіріңді,

Бөрі болсаң көрсетші азуыңды.

РЕНЖІМЕ

Қызық емес даңқың да, атағың да,

Темір тақсам бақытқа батамын ба?

Бақыт – менің қалам мен қағазымда,

Бақыт – менің домбыра, шапанымда!

Сен маған атақ берме, таққа мінсең,

Жетеді, бір жырымды жатқа білсең.

Орденді қалай, қайтіп көтермекпін?

Кеудемді көтере алмай шаққа жүрсем!

Не жоқ дейсің? Бәрі бар бұл кеудеде!

Ар-намыс бар! Жасырам кімнен, неге?

Махаббат бар, аздаған шаттығым бар,

Бір мұңым бар сыймайтын бір бөлмеге.

Ренжіме, таласпаймын атағыңа,

Салпыншақ жараспайды шапаныма.

Орденге емес, төсеймін омырауымды

Бір опасыз оқ атса Отаныма.

Жаны жайсаң жақсылар жақын маған,

Қызықпайды атаққа ақылды адам.

Маған даңқ-дақпырттың керегі жоқ,

Атақсыз да атақты ақын болам!

ЖЫЛ  ҚҰСТАРЫМЕН  СЫРЛАСУ

Бақыт деген немене тірі зат па?

Көкке қарап ойландым күнұзаққа!

Сол бақытты таба алмай туған жерден,

Қаздар қайтып барады жылы жаққа.

Ұзатылған қыздай боп құсым мынау,

Сыңсу айтып қаңқылдап ұшып жүр-ау.

Байғұстардың зарлаған дауысынан,

Жаздың өтіп кеткенін түсіндім-ау.

Төркінге кеп тұрыңдар, жыл құстары,

Менің апам сөйтеді тұрмыстағы.

Барлық құстың тағдыры бірдей болса,

Құзғын неге қаздармен бірге ұшпады?

Құзғын боққа, жыл құсы оққа құмар,

Бір-біріне соқпайтын соқпағы бар.

Қаздар, сендер ұшыңдар жылы жаққа,

Құзғындарға ауылдан боқ табылар.

Қаздар, қаздар – құстардың ең адалы,

Маған тастап кеттіңдер жер-ананы.

Қалт-құлт етіп қиналып әрең жүрмін,

Менің күнім қыс келсе не болады?

МЕН  АҚЫН  БОЛМАС  ЕДІМ

Кімнен, неден, несіне күдіктенем?

Пендемін ғой, пендемін, үміттенем!

Менің жүйрік арманым жеткізбей жүр,

Құрық ұстап соңынан қуып келем.

«Мұңлы жыр жазба» дейді бұл қазағым,

Менің жерік дейсің бе мұңға жаным?

Дүниенің арқалап күллі азабын,

Мен тек қана мұңайсам жыр жазамын!

Адам ба күрсінбеген, мұңаймаған?

Жүрегі бар болғасын жылайды адам!

Жылауық жүрегімді жұбатуға,

Өлең беріп қойған ғой Құдай маған.

Жыласа жырламасын неге жүрек?

Жылай берсін, жылайтын себебі көп!

Күліп жүрген кезімде, білесің бе?

Маған тіпті өлеңнің керегі жоқ!

Қуанғанда мен жазған жыр далбаса,

Ақын ақын бола ма бұлданбаса?

Мен ақын болмас едім бұл өмірде,

Уайым-қайғы, өкініш, мұң болмаса!

ОЙЛАР, ОЙЛАР!

Басымды жанартаудай ойрандаған,

Ойларым маза бермей қойды-ау маған.

Аяймын адамдарды ойланбаған,

Милары – ойыншықтай ойналмаған.

Менің миым – бір ғылым игермеген,

Игеруді ғалымдар үйренбеген.

Жұмбағы мол миымның құпиясын,

Ашатындай ешкімге ми бермеген.

Зерттетпеймін миымды бір ғалымға,

Өзім ашам сырын да, жұмбағын да.

Қызды ауылдың иттері үре беріп,

Бөлмесе екен ойымды түн жарымда.

Шақырма ырду-дырду тойға мүлдем,

Оңаша қалдыр мені ойларыммен.

Ойларым мені жалғыз қалдырмайды,

Әлемде өзім қалып қойғаныммен.

Мен жалғызбын, ай жалғыз төбемдегі,

Түндерімнің жұлдыздар көрермені.

Әй, бала, мен өлеңнің өлермені!

Қойымды ұрласаң да көгендегі,

Ойымды ұрламассың өлеңдегі.

ІЗДЕУ

Мимырт түнді қуалап миы ашыған,

Міне, тағы күн шықты ұясынан.

Бір ғажаптан құр қалып қоятындай,

Мен әйтеуір бір жаққа жиі асығам.

Жету үшін мұратқа күн нұрымен,

Бағыт-бағдар сұрадым қыр гүлінен.

Адастырып кетеді қайта-қайта,

Мынау жолдар аумайды бір-бірінен.

Өттім талай өткелсіз өзендерден,

Асулардан, таулардан, кезеңдерден.

Арманыма жеткенше тоқтамаспын,

Жаным шығып кетпесе, төзер кеудем.

Айналама көз тігіп, құлақ түріп,

Құлап-тұрып келемін, жылап-күліп.

Жынды болып кететін шығармын мен,

Арман қуып, бақ қуып, мұрат қуып.

Қарайғанға қарайсың, ден қоясың!

Аямайды бұл өмір, неңді аясын?

Мұратыма жетем бе, мініп алсам

Асан қайғы атамның желмаясын?!

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: