Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әрбір өзгеріс халықтың тұрмысын жақсарту үшін жасалуы керек

18.11.2021, 11:30 180

Тәуелсіздігімізді даңғаза  ұрандармен емес, ақылмен, парасаттылықпен, біліммен, сабырмен қорғау қажет.

Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысы өткізілді. Кеңес­тің өңірлердегі мүшелері де қатысып, елдегі қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық мәселе­лер қозғалып, ұсыныстар талқыланды. Президент елдің дамуы қарқынды болуы үшін бір­қатар өзекті мәселені көтеріп, алда­ғы уақытта халық  үшін  игі  істер басталмақ. Ұлттық кеңес­те қандай мәселелер қозғалды? Және өткен 5 отырыстың нәтижесімен де бөлісетін боламыз. Өйткені қазір айтқан сөзің уақыт тынысымен үндес болу үшін жұрт қалай сөйлесе солай сөйлеп, кейін түк бітірмей жүрген шенеуніктердің іс-әрекетіне халықтың ашуланғаны орынды. Әлеуметтік желіде тікелей эфирде бұл отырысты көруге мүмкіндік болды. Соның арқасында халық өз пікірлерін жарыса қалдырды. Толастамаған пікірлерге назар салсақ, халық құрғақ сөзге сенуден қалып­ты. Ең құрығанда «қазақ тілінде сөйлесейші» деп тілі бұралған билік басында отырған азамат пен азаматшаларға налыды. Сәбилерге ермек болатын ертегі қазір ешкімге қажет емес екені байқалады. Дегенмен, Президенттің бір­шама өзгерісімен еліміз ай сайын адымдап дамып, жыл сайын жайқалып келе жатқаны рас. Тек бергеннің қадірін білмей жүрміз-ау, сірә. Жағдай дұрысталған сайын жалқаулық дертіне халқымыз шалдығып бара жатқан секілді. Ең бастысы, маргинал ұрпақты өсірмесек бол­ғаны. Бірақ  қазіргі буын «кемпір беріп, қыз аласың» деген түрлі заңсыз мекемелерде жұмыс істегенді дұрыс санайды. Енді бұған бас­ты себеп – еліміздегі айлықтың мардымсыз­дығы. Міне, таяқтың екі ұшы бар. Билік пен халықтың бір-біріне деген сенім артуы үшін алғашқы қадамды Президент жасауда. Алтын­шы отырыста қандай мәселе қозғал­ғанын  терең­ірек  тарқатсақ.

– Біздің мақсатымыз барлық саланы жаппай реформалау емес. Мағынасыз диалогтың да ешкімге қажеті жоқ. Кез келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсарту үшін жасалуы керек. Мемлекетімізді нығайтып, әлеуетімізді арттыруды көздейтін ұсыныстарды ғана жүзеге асырған жөн. Бұл – мен үшін айқын ұстаным, – деп ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін бастады.

Қазақта  «әкім  бол,  халқыңа  жақын бол» деген сөз бар. Осы тура қазіргі күнге арналғандай. Себебі әкім болу үшін жоғары білімнің қажеттілігі жоқ. Тек халқыңның ырқына көніп, қалауын орындасаң жеткілікті. Өз тілін құрметтемеген жоғары білікті маманнан, елін сүйген жоғары білімсіз адамның келгені дұрыс-ақ. Прези­дент осы ұсынысты қолдап, алдағы уақытта  бәсекелестік  еселене  түсетінін  алға  тартты.

– Мұндай жаңашылдық жергілікті деңгейде ауыл әкімдерін таңдау бәсекелес­тігін күшейтеді деп санаймын. Өйткені ауылдарда жоғары білім талаптарынан өтпеген, құзыретті, тәжірибелі, белсенді, халық сенім артатын адамдар көп. Сондай-ақ ауыл әкімдерін сайлауда үгіт-насихат кезеңнің ұзартылуы өзекті. Осыған байланысты оның мерзімдеріне түзету енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн, – деді.

Еске сала кетейік, биыл еліміздің 14 өңірінде алғаш рет ауыл әкімдері сайланып, 730-ы жылы орындарына жайғасып, жауапты қызметтеріне етене кірісті. Колледж сияқты орта білімнің дипломымен әкім болуға жорыққа шығыңдар деп әлек болып жатқанда, елдің басты қазыналарының бірі дағдарысқа ұшырауда. Бір екпінмен дамып келе жатқан мемлекеттің негізгі мәселесі мұнай болып тұр. Бұл Маңғыстау халқының басты күнкөрісі болғасын алаңдатып отырғаны заңдылық. «Мұнай 10-15 жылда таусылады, күнімізді қалай көреміз?» деп қиқу салуда. Осы уақытқа дейін шикізатты өндіретін кадрлар даярланбағаны өкінішті. Тек шикізатты арзан бағаға сатып отырғасын таусылуы жөн-ақ. Тым кеш ойланып, бармағымызды тістеп отырамыз. Мұның шешу жолы тек солтүстікке көшу деп санайтындар бар.

– Жобамен 2030, 2035 жылдардан бастап Маңғыстаудағы мұнай өндіру көлемі күрт азая бастайды. Бұл – кәсіби терминологияда анықталған, алдын ала бекітілген мұнай өндірудің табиғи сарқылу процесі басталады деген сөз. Ертең немесе жақын болашақта мұнай көлемі азая бастаған кезде халықтың негізгі бөлігіне жұмыссыз қалу қаупі төнеді. Мәселені шешудің жолы ретінде кезең-кезеңімен солтүстікке қоныс аударудың бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеуді ұсынамын, – дейді Ұлттық кеңес мүшесі Уайс Ерсайынұлы.

Солтүстікке көшудің жай-жапсарын билік басындағылар жіпке моншақ тізгендей айта жатар. Ал біз отырыста қозғалған маңызды мәселеге көшейік. Президент тапсырма­сымен қандастарға қаулы шыққан күнді атаулы күндер тізіміне қосу ұсынылды. 30 жылда 1,5 миллион қазақ Отаны­на  оралған екен. Қатты қуанудың қажеті жоқ. 2021 жылдың 9  айында Қазақстаннан 25322 адам шетелге көшіп кеткен. Ал елге көшіп келгендердің саны – 7246. Елден көшуді жоспарлап жүргендердің санын есептей алмайтынымызға шүкір. Әйтпесе ұзын-сонар шексіз санды көріп, екі көзіміз шарасынан  шығып  кетері  сөзсіз.

Президент Алматыдағы адамның бес өлімімен аяқталған қайғылы оқиғаны ұмыт қалдырмай, оған түрткі болған қарыз алушы мен банк арасындағы міндеттерді айқындап берді.

– Бүгін біздің 540 мың отандасымыздың 90 күннен асқан жалпы құны 354 миллиард теңге қарызы бар. Бұл бағытта қарыз алушылардың қаржылық секторға зиянсыз қарыз алуын қолдауға тиімді шешім қабылдау керек. Екінші деңгейлі банктердің  кепілдік  жұмсақ саясатын қамтамасыз етуді  талап етіп, бағалау  қызметінің  жұмысын  реттеу  керек.  Қарыз алушыға мәжбүрлі тәркілеуден бұрын үш ай ішінде кепілге қойылған мүлікті сатуға мүмкіндік берілуі тиіс. Қарыз мүлік бағасының 15 пайызына жетпесе, ал қарыз мерзімі 6 айдан аспаса, тәркілеу дегенді мүлде қолданбау керек, – деді ҚР Президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаев.

Мемлекет басшысы білім беру саласының өзекті мәселелерін шешуді тапсырды. Қазіргі таңда елімізде білімге қатты көңіл бөлінуде. Егер бұған дейін осыған аса бір жауапкершілікпен қарағанда бәлкім кадрлар жетіспейді деп айтпас едік. Жә, «ештен кеш жақсы» демекші қазіргі таңда студент­тердің грант саны артып, шәкіртақылары көбейіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Сондай-ақ мұғалімдердің жалақ­ылары артып, қағазбастылық жұмыстары да азайды.

Соңғы екі жарым жылда Ұлттық қоғамдық кеңестің 5 отырысы өтіп, Президенттің пәрменділігімен біршама жұмыс оң нәтижесін берді. Атап айтсақ, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім берудің жаңа ережелері бекітілді. Игерілмей жатқан жер тіліміне салынатын базалық салық ставкасы артты. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азамат­тар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге тыйым салынды. Осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілгенін айта кеткен жөн. Соның көмегімен жарты миллионнан астам азаматымыз зейнетақы жинағын өз қажетіне жаратты. Сондай-ақ оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға  берілетін  субсидия  екі  есе  ұлғайды.

Бауыржан Момышұлынан «жер бетіндегі ең батыр адам кім?» деп сұрағанда «қыз» деп жауап қатқан еді. Оның мәнісін  былай  түсіндіріпті: «Мен қанша батыр болсам да бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіре сыйлата да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді» – деген екен. Бұл – нәзік жандылардың жалғыз ғана батырлығының көрінісі. Қыз бала ана атанғасын жауапкершілігі еселене түсуі қалып­ты жағдай. Жұмыста да келеңсіз жағдайларға тап болып, басшысынан сөз естіп ойы сан-саққа түседі. Одан қалды ата-енесінің алдын­дағы міндеті бар, баланың мәселесі бір төбе. Бала күтіміне әйел адамның басымдығын мойындаған дұрыс болар. Сол себепті аналарымызға отбасы үшін арман, мақсатынан бас тартуға тура келеді. Міне, батыр деуіміздің себебі де осы. Отырыста негізгі басымдықтың бірі ана мен баланы қолдау мәселесі болды. Бесінші отырыста да бұл мәселе қолға алынып, нәтижесінде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғайтын арнаулы құрылымдар қайта  қалпына  келтірілген болатын. Алдағы уақытта Президент тапсырмасымен  шетелдегі ірі компаниялардай кеңсе ішінен балаларға  арналған  бөлмелер  ашуды  қолға  алмақ.

Ел Президентінің пәрменді жұмысының нәтижесінде еліміз біз айтып жүрген шет мемлекеттердей оқ бойы озық тұратынына сенеміз. Әйтпесе қашанға дейін «анада мынау бар, мынада анау бар» деп жүреміз? Елдің тірегі болған мемлекет басшысының тапсырмасын жауапты тұлғалар тіке­сінен тік тұрып орындаса, еліміз дамыған мемлекеттердің қатарына көп ұзамай кірері анық. Бірқатар бағытты бас­тамалар қозғалды. Ендігі кезекте ауқымды істер жайдың атқан тасындай дамылдап, бірігіп атқарған жұмыс­тың нәтижесін  көретін  күннің  ауылы  алыс  емес  екені  сезіледі.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: