Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік нысандар құрылысы арта береді

02.03.2023, 9:30 173

HALYQLINE.KZ Аймақта әлеуметтік нысандар құрылысының қарқыны жыл сайын артып келеді. Былтырдың өзінде 19 балабақша, 6 мектеп, Жалағаш ауданында Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілді. Дарынды балаларды қолдау үшін Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданынан 150 орындық 2 мектеп-интернат ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Облыстық қоғамдық кеңес отырысында облыс әкімі Н.Нәлібаев биыл салынатын құрылыстар туралы айтып өтті.

«Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көп бейінді аурухананың құрылысы басталады. Жобаның жалпы құны – 36,4 млрд теңге. Республикалық бюджеттен 750,0 млн теңге, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 70 млн тг бөлінді. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында 200 төсектік перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратын салу мәселесін пысықтаудамыз. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда 15 100 орынға арналған, құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады» деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі желтоқсан айында Үкімет басшысы өңірге жұмыс сапарымен келгенде бірқатар жобаларға қолдау білдіргенін айтты.

«Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысын Білімді қолдау қоры қаражаты есебінен қаржыландырылатын мектептер құрылысы тізіміне енгіздік. Бұл ел келешегі – балаларымыз үшін жасалған үлкен қамқорлық, айрықша қолдау. Осы тізімге тағы 1775 орынға арналған 4 мектеп құрылысын аяқтауды енгіздік. Олар – №101 Ә.Мүсілімов және №2 «Абай» атындағы білім беру ұйымдарына қосымша құрылыстар, Жезқазған трассасы бойында 600 орындық жаңа мектеп және Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орындық мектеп.Үкімет басшысының алдында көтерілген тағы бір мәселе – сол жағалаудағы «Көпсалалы дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы». Жергілікті бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Жоба құны – 6,9 млрд теңге. Қазір жоба Қаржы министрлігіне ұсынылып, құрылысын биыл бастау көзделуде», – деді Н.Нәлібаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: