Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкім мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесті

10.10.2020, 9:30 678

HALYQLINE.KZ Кеше аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Әйтеке би кентінде тұратын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың отбасында болып, қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтілетін мерекелерімен құттықтады.

Аудан басшысы алдымен жүріп тұруы қиын І топтағы мүгедек Оңғарбай Жолмырзаевқа жылы лебізін білдіріп, мерекелік сый-сияпатты табыс етті.

Әңгіме арасында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев екі қолының ебі бар азаматты әрдайым көпке мысал ретінде айтып жүретінін жеткізді.

Тері илеп, құлақшын тігудің кәнігі шеберіне айналған Оңғарбай Жолмырзаевты аудан тұрғындары жақсы таниды. Жол апатына ұшырап, екі аяғын баса алмай қалса да ол ешқашан мойыған емес. Қайта өмірге деген құлшынысы артып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

– Бас киім тігуді, тері илеуді, өңдеуді 90-жылдары бастадым. Содан бері айналысып келе жатырмын. Жаман емеспіз, әйтеуір. Нәпақа тауып жеп отырмыз, осының арқасында. Күнкөріс болып жатыр. Қыс бойы құлақшын тігемін, жаз болса, өзге қолөнер бұйымдарын дайындаймын, – дейді Оңғарбай Жолмырзаев.

Оңғарбайдың қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс өте жоғары. Өйткені, таза теріден жасалғандықтан сапасында мін жоқ. Оның үстіне шебердің «алтын» қолынан шыққан әрбір дүние өзіндік ерекшелігімен дараланады. Бұл жөнінде талай рет баспасөз беттерінде мақалалар жарияланды.

Мереке қарсаңындағы құттықтаулар одан әрі жалғасып, аудан әкімі Жаңабек Рамбердиев пен Жарас Ибраевтармен де емен-жарқын әңгімелесті.

Қос азаматтың да жүріп-тұруы қиын. Соған қарамастан өмірге деген құлшыныстары көпке үлгі болғандай. Жарас Ибраев Оңғарбай Жолмырзаев сияқты өз кәсібін дөңгелентіп отыр. Үйінің қасынан автокөліктерге қосалқы бөлшек сататын дүкен ашқан. Алдағы уақытта мемлекеттің қолдауымен кәсібін кеңейтуді де ойластыруда. Бұл ойын аудан басшысына жеткізіп, қолдау көрсетуін сұрады.

– Мен өздеріңіз сияқты азаматтардың қайсарлығына ризамын. Тағдырдың басқа салған қиыншылықтарына мойымай, көпке үлгі болатын іспен айналысып отырсыздар. Жасыратын несі бар, қазір кейбір тепсе темір үзетін азаматтардың жұмыс жоқ деп, бостан-босқа уақыт өткізіп жүр. Ал сіздер бастаған кәсіптеріңізді одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырсыздар. Жаңа ғана Оңғарбай Жолмырзаев деген ісмермен кездестім. Ол азамат та кәсібіне қосымша тағы бір іспен айналысқысы келетінін жеткізді. Бұл – өте қуанышты жағдай. Біз сіздерге көмектесуге әрдайым дайынбыз, – деді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: