Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абзал жандар абыройы

18.06.2021, 16:25 531

 HALYQLINE.KZ «Аяқ-қолдың қадірін ақсағанда білерсің, отыз тістің қадірін қақсағанда білерсің» деген. Дертің жанға батып,  шарасыз күйде қалғанда  аурудың қараңғы қапасынан алып шығатын медицина мамандарының жанкешті жұмыстары қай уақытта да жоғары бағалауға лайықты. Қазіргідей ахуалда үй көрмей халыққа қызмет жасап жүрген дәрігерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында Қызылорда облысының әкімі Г.Наушақызының қатысуымен салтанатты шара өтіп, мәртебелі маман иелері марапат төрінен көрінді.

Миллион кімге бұйырды?

«Сенім» денсаулық сақтау жүйесі кәсіподағының ұйымдастыруымен өткізілген «Біздің сүйікті дәрігер» конкурсының нәтижесінде «Үздік денсаулық менеджері» номинациясымен облыстық психикалық денсаулық орталығының  бас дәрігері П.Медетбаев, «Үздік аурухана дәрігері» номинациясымен Арал ауданаралық ауруханасының дәрігері Г.Төлепова 1 миллион теңге ақшалай жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, «Үздік аурухана мейіргері»  номинациясымен көпбейінді қалалық ауруханасының мейірбикесі Р.Тоғынова 700 мың теңгені еншіледі.

Арал ауданындағы А.Байтұрсынов ауылдық емханасына 1500-нан аса тұрғын тіркелген. Қазір вирусқа қарсы вакцинациялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда 7000-ға жуық тұрғын екпе алды. Қиын-қыстау кезеңде жарғақ құлағы жастыққа тимей елге қызмет етіп жүрген әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға зор денсаулық тілеймін,- деді Р.Тоғынова.

Қалалық орталық емхана ашылады

Ресми мәліметтер алдыңғы жылдарға қарағанда биыл медициналық қызмет сапасы артқан дейді. Осы мақсатта қазынадан 8 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Қазір облыста халық игілігі үшін 21 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары және 23 аурухана жұмыс істейді. Оларға бас-аяғы 800 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Енді халыққа медициналық мекемелерге көрінуге қиындықтар тумас үшін тағы да қосымша 70 аймақ ашылмақ. Емдеу мекемелеріне құны 633,9 млн теңге тұратын медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Санамалап айтсақ. Былтыр 4 қалалық емхана және аудандық ауруханаға рентген аппараты, №3 қалалық емхана мен Сырдария аудандық ауруханасына УЗИ аппараттары сатып алынды. Арал мен Жаңақорған аудандарындағы емдеу мекемелері де жаңа құрал-жабдықтардан құр қалмай, флюрограф, маммография аппараттарымен қамтамасыз етілді.

Өткен жылы Жалағаштағы аурухана құрылысы аяқталды. Және осы ауданға қарасты Ақсу, Аралдың Шижағасында дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілген болатын. Тағы бір маңызды жаңалық, облыстық кеңес беру диагностикалық орталығының бейіні өзгеріп, қалалық орталық емхана ашылуы жоспарда тұр.

Облыс «Covid-19»-ға төтеп беруге тас түйін дайын

Қызылордалық ақ халаттылар жүрек-қан тамыр жүйелеріне ашық және жабық оталар жасауды жалғастыруда. Соның ішінде жыл басынан бері өңеш, тік ішек атрезиясын, аш ішектердің толық айналымын қалыпқа келтіру, кіндік сақинасының жарығын қалыпқа келтіру, бас миының эхиноккоз аурулары бойынша 1000-нан аса балаға ота жасалған. Біліктіліктерін одан әрі арттыру мақсатында 80-ге жуық дәрігер Оңтүстік Корея, Қазан, Түмен мемлекеттерінде тәжірибе алмасты.

Қазір аймаққа 2000-нан аса дәрігер, 9528 орта буынды маман медициналық көмек көрсетіп жүр. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті дейді мамандар. Бүгінде елдің зәресін алып отырған коронавирус инфекциясын емдеуге де медицина қызметкерлері тас түйін дайын. Қосымша 3200 төсек, 3500 дәрігер мамандар резерві жасақталған.

Түйін. Бұрын қалталылар бай болса, бүгін дені сау адам бай. Мұны соңғы екі жылға жуық уақытта дүниені шарпыған коронавирус індеті дәлелдеді. Бәленің басы жұтылғанша әлем жанын шүберекке түйіп отыр. Осы ауыр кезеңде күндіз-түні халық үшін қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі зор-ақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: