1947 жылы Британдық Үндістанның екіге бөлінуінен кейін басталған Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Екі ел қақтығысының басты даулы нүктесі Кашмирге талас болып отыр. Ал соңғы уақыттары болған жайттар бұл шиеленісті жаңа деңгейге көтерді.
ДАУ-ДАМАЙ ХРОНОЛОГИЯСЫ
1947 жылдың тамызында Британдық Үндістан екіге бөлінді. Алдымен Пәкістан, артынша Үндістан тәуелсіздігін жариялады. Ұлыбританияның соңғы вице-королі лорд Маунтбеттеннің жоспары бойынша аумақ діни негізде бөлінуі қажет-тұғын. Яғни, мұсылмандар – Пәкістанға, индуистер – Үндістанға. Бірақ Кашмир сынды шекаралық князьдіктерге таңдау еркі берілді. Дәл осы еркіндік 80 жыл өтсе де басылмаған дау мен қантөгістің бастауы болды десек, артық айтқанымыз емес.
Кашмирдің билеушісі Хари Сингх қай жаққа қосыларын ұзақ ойланып, нәтижесінде князьдік тәуелсіздігін жариялады. Алайда елде тәртіпсіздік күшейіп, Пәкістан тарапынан қарулы жасақтар «мұсылман бауырларға көмектесу» деген желеумен Кашмирге басып кірді. Үрейленген Хари Сингх Үндістаннан көмек сұрап, оны Кашмир одаққа қосылса ғана беруге келісім алды. Осылайша Кашмир Үнді одағының құрамына енді, алайда сол арада соғыс басталып кетті.
Үндістан мен Пәкістан Кашмир үшін алғаш рет соғысып, 1949 жылы БҰҰ араласуымен уақытша бітім жасалды. Бірақ даулы аумақ нақты бөлінбей, Кашмир екіге жарылған болатын. Территорияның 60%-ы – Үндістан, 40%-ы Пәкістан бақылауында қалды.
1965 жылы жағдай одан әрі шиеленісті. Пәкістан Үнді Кашмирінде жасырын операциялар жүргізіп, Үндістан бұл әрекетке соғыс ашумен жауап берді. Мыңдаған адам қаза тауып, екі ел тағы да уақытша тыныштықпен шектелді.
Ал 1971 жылы оқиға мүлде басқа бағытта өрбіді. Пәкістанның шығысында басталған тәуелсіздік күресін Үндістан қолдап, соғыс нәтижесінде Бангладеш дербес елге айналды. Осыдан кейін Пәкістан ядролық қару жасауға кірісті. 1972 жылы Кашмирдегі уақытша шекара ресми түрде тұрақты шекараға айналды.
Ал 1987 жылы Кашмирдегі сайлаулар әділетсіз өтті деген айыппен халық жаппай көтеріліске шықты. Соның салдарынан аймақта сепаратистік, қарулы топтар көбейіп, Үндістан қатаң әскери шаралар енгізді. Пәкістан бұл топтарды қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырды. Жиһадтық ұйымдар Үнді Кашмирінде бірнеше рет теракт ұйымдастырды, олардың ең ірісі – 2019 жылы полиция автобусын жарып, 40 адамды өлтірген шабуыл. Үндістан бұған авиациямен жауап беріп, екі ел арасында әскери ұшақтар соқтығысты.
Осы күнге дейін Кашмир – екі ядролық ел арасындағы бітпейтін тартыстың ортасы. Уақытша деп жарияланған шекара мен келісімдердің барлығы уақыт сынынан өте алар емес.
БАЙСАРАНДАҒЫ АТЫС. 26 АДАМНЫҢ ҚАЗАСЫ
Сәуір айының соңында Кашмирдің Үнді бақылауындағы бөлігінде орналасқан Байсаран жайлауында екі елдегі бейбіт күннің шырқын бұзған ауыр оқиға тіркелді. Табиғаты швейцарлық пейзаждарға ұқсайтын бұл тау бөктерінде қаруланған белгісіз адамдар бір топ туристке оқ жаудырған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 26 адам қаза тауып, 17-сі түрлі деңгейде жарақат алған. Марқұмдардың арасында Непал мен Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары, жергілікті тұрғындар және Үндістанның өзге аймақтарынан келген саяхатшылар бар.
Қанды оқиға Пахалгам маңындағы Байсаран атты биік тау етегінде болған. Бұл мекен – тек жаяу немесе атпен ғана жетуге болатын, Болливуд фильмдері жиі түсірілетін көрікті аймағы. Қанды атыс болған сәтте жақын маңда жүрген жергілікті гид Вахидтің айтуынша, ол атылған оқтардың дауысын естіп, оқиға орнына асыға жетіп барып, жаралыларды құтқаруға көмектескен. «Жерде қозғалыссыз жатқан бірнеше адамның өлі екенін бірден байқадым» деп еске алады ол.
Кейінірек Indian Express басылымы полициядағы дереккөздерге сүйене отырып, шабуыл жасағандар саны екі не үш адам болуы мүмкін екенін хабарлады. Бұл әрекет үшін жауапкершілікті бұған дейін көпшілікке белгісіз «Кашмир қарсыластығы» деп аталатын қарулы топ өз мойнына алды. Олар әлеуметтік желі арқылы үндеу таратып, соңғы жылдары аймаққа 85 мыңнан астам «бөгде адамдар» қоныстанғанын айтып, бұл Кашмирдің демографиялық құрылымына нұқсан келтіруде деп мәлімдеді. Ұйым осындай «заңсыз орналасқандарға» қарсы күш қолданатынын ашық жазды.
Оқиғаға байланысты Кашмир аймағының басшысы Омар Абдулла өз мәлімдемесінде бұл шабуылды соңғы жылдардағы ең ауқымды және аса қатыгез әрекет деп бағалап, құрбандардың туыстарына қайғыра көңіл айтты. Ол «Қонақтарымызға жасалған бұл шабуыл – нағыз варварлық. Мұндай қылмысты жасағандар – адам кейпіндегі жыртқыштар, оларды ақтауға ешқандай сөз жетпейді» деп мәлімдеді.
Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди бұл оқиғаны лаңкестік әрекет деп атап, құрбан болғандардың жақындарына көңіл айтты. Ал Reuters агенттігінің еске салуынша, 1989 жылғы антиүнділік көтерілістен кейін мұндай шабуылдар жиі болғанымен, соңғы жылдары олардың саны біршама азайған еді. Десе де, бұл жағдай сол үрейдің қайта оралғанын аңғартқандай.
Үндістанның билеуші «Халық партиясының» өкілі Равиндер Райна шабуылға Пәкістанмен байланысты лаңкестерді кінәлап, оларды табуға және жазалауға уәде берді. Ал Джамму мен Кашмирдің бұрынғы басшысы әрі қазіргі Демократиялық партия жетекшісі Мехбуба Муфти қанды шабуылды қатаң айыптап, қауіпсіздік жүйесіндегі әлсіз тұстарды анықтау үшін мұқият тергеу жүргізуге шақырды.
«Қонақтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Мұндай сұмдықтың қайталануына жол бермеу үшін нақты шаралар қажет» деді ол.
ЕКІ ЯДРОЛЫҚ ДЕРЖАВА БІР-БІРІНЕ ОҚ ЖАУДЫРДЫ.
БИЛІК ӨКІЛДЕРІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ ҚАНДАЙ?
Байсарандағы туристерге жасалған шабуылдан кейін екі апта өткен соң Үндістан армиясы Пәкістан аумағындағы және Исламабад бақылайтын Кашмирдің кейбір аймағындағы нысандарға бағытталған зымыран соққыларын жүзеге асырды. Атап айту керек, бұл – соңғы жылдардағы Үндістан мен Пәкістан арасындағы ең ірі және шиеленісті әскери қақтығыс. Екі ел де ядролық қаруға ие.
Мамырдың 7-сіне қараған түні Нью-Дели «Синдур» атты әскери операцияны бастап, тоғыз нысанаға соққы жасалғанын хабарлады. Үнді тарапы бұл нысандарды Пәкістандағы содырлар мен қарулы топтардың жасырын базалары деп атады. Олардың айтуынша, дәл осы жерлерде Үндістанға қарсы лаңкестік шабуылдар жоспарланып, іске қосылып отырған.
Үнді билігі өз әскерінің әрекеттері «нақты және сақтықпен таңдалған» нысандарға бағытталғанын алға тартса, Пәкістан жағы зымырандар елді мекендерге, атап айтқанда Котли, Бахавалпур және Музаффарабад қалаларына түсіп, бейбіт тұрғындар қаза тапқанын мәлімдеді.
Пәкістан армиясының бас қолбасшысы Сайед Асим Мунирдің айтуынша, шабуыл салдарынан кемінде 26 бейбіт тұрғын опат болып, тағы 46 адам жараланған.
Шабуылға жауап ретінде Пәкістан қарулы күштері Үндістан армиясының бір бригадасының штабына соққы жасағанын хабарлады. Шабуылдың нақты қай жерде болғаны айтылмады. Пәкістан армиясының өкілі сондай-ақ бес үнді ұшағы, оның ішінде үш француздық Rafale және екі ресейлік Су-30МКИ мен МиГ-29 жойылғанын мәлімдеді. Үнді тарапы бұл ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.
Үнді Кашмиріндегі жағдай да тұрақсыз: Пәкістан армиясы бақылау шебінде артиллериялық оқ жаудырса, Үндістанның мәліметінше, соның салдарынан он адам көз жұмып, 48 адам түрлі жарақат алған.
Пәкістанның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жедел отырыс өткізіп, елдің қарулы күштеріне «жауап ретінде қажетті шараларды жүзеге асыруға толық өкілеттік» берілгенін мәлімдеді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, «Джаиш-е-Мухаммад» радикалды исламшыл тобы Үндістанның әуе соққыларынан олардың жетекшісі Масуд Азхардың 10 туысы көз жұмғанын жариялаған. Бұл топ Ресейде де лаңкестік ұйым ретінде танылған.
Үндістанның АҚШ-тағы елшілігі Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Аджит Довальдың АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен сөйлескенін мәлімдеді. Өз кезегінде Рубио әлеуметтік желіде бұл жағдайды мұқият бақылап отырғанын жазды.
Осы тұрғыда АҚШ президенті Дональд Трамп тілшілердің сұрағына: «Мен тек бұл жағдай тез арада тоқтаса екен деймін» деп қысқа жауап берді.
Бейбіт бастама көтеру үшін Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Аббас Арагчи Дели қаласына баруды жоспарлаған. Ол Үндістан президенті Дроупади Мурмумен және сыртқы істер министрі Субраманьям Джаишанкармен кездесуді көздеп отыр. Осы аптада ол Исламабадта болып, Пәкістан армиясының басшысымен және премьер-министр Шахбаз Шарифпен келіссөздер жүргізген. Дегенмен, Тегеран бұл кездесулердің екіжақты ынтымақтастыққа қатысты болғанын алға тартты.
Ал Үндістан сыртқы істер министрінің орынбасары Викрам Мисри елдің әрекеті заңды және қажетті қадам болғанын мәлімдеп, былай деді: «Пәкістан аумағында орналасқан террористік жасақтардың қозғалысын біздің барлау қызметі нақты тіркеді. Олар жаңа шабуылдарға дайындалып жатқан. Сондықтан біз алдын ала және ескерту сипатындағы соққы жасауға мәжбүр болдық».
Үндістан қорғаныс министрлігі мен сыртқы істер министрлігі бірлескен брифинг өткізіп, соңғы жылдары Пәкістан тарапынан жасалған шабуылдарды тізбектеп шықты. Үнді үкіметі Пәкістанды «лаңкестік құрылымдарды жою үшін еш әрекет жасамады» деп айыптады.
Осыдан бірер күн бұрын, нақтырақ айтқанда 10 мамыр күні АҚШ президенті Дональд Трамп тағы бір мәлімдеме жасады. «АҚШ-тың араағайындығымен түні бойы созылған келіссөздерден кейін Үндістан мен Пәкістан атысты дереу әрі толық тоқтатуға келіскенін қуана хабарлаймын» деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Атыс тоқтағанын Пәкістан вице-премьері Исак Дар да растады.
ЖАНЖАЛҒА ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАЙ РЕАКЦИЯ БІЛДІРДІ?
Қазақстан тарапы Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс күшейген сәтте, жағдайды бірден бақылауға алып, отандық азаматтардың қауіпсіздігіне басымдық берді. Air Astana әуекомпаниясы 8 мамырдан бастап Алматы – Дели және Алматы – Мумбай бағытындағы рейстерін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Компания өкілдері билет құны толық қайтарылатынын айтып, репатриациялық рейстерді ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастыруда екенін мәлімдеді.
Сыртқы істер министрлігі де оқиғаның өршуіне байланысты түсініктеме берді. Министрдің орынбасары Ақан Рахметуллиннің айтуынша, қазіргі уақытта Үндістан мен Пәкістанда Қазақстан азаматтарына тікелей қауіп төнбеген, сондықтан эвакуация күн тәртібінде тұрған жоқ. «Соғыс жағдайы жарияланған жоқ, кең ауқымды әскери қимыл да жоқ. Бұл — әуе қатынасын қамтамасыз ететін компанияның ішкі шешімі» деді ол. Рахметуллин, сондай-ақ, Пәкістанда Қазақстан азаматтарының саны көбірек екенін, алайда бәрі елшіліктермен байланыста екенін жеткізді.
Қазақстанның бұл мәселеге қатысты ұстанымы прагматикалық секілді. Ел өз азаматтарының қауіпсіздігіне көңіл бөліп, сабырлы дипломатиялық риториканы таңдады. Эвакуация жарияламау бұл ел үкіметінің жағдайды аса дабыра қылмай, дербес бағалауға тырысқанын аңғартып отыр.
Айтілес АБАЙҰЛЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!